Берік Уәли Қазақстанның барлық өңірінде төтенше жағдайдың күші қашан толық жойылатынын айтты
Берік Уәли Қазақстанның барлық өңірінде төтенше жағдайдың күші қашан толық жойылатынын айтты
© stan.kz
19 қаңтарда жарым түннен кейін, яғни сағат 00:00-ден бастап, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сонымен қатар Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында төтенше жағдайдың күші жойылады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. 
"Бұған дейін Президенттің Жарлықтарына сәйкес, өзге өңірлерде төтенше жағдай мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын.
Осылайша, бүкіл ел аумағы қалыпты өмірге оралады. Төтенше жағдай кезіндегі қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейту және еркін жүріп-тұруға, елді мекендерге кіруге және шығуға, т.б. қосымша енгізілген шектеу шаралары да жойылады.
Халықтың бірлігі мен тұтастығының, құқық қорғау органдары мен әскерилердің жанкешті іс-қимылдарының арқасында Қазақстанның барлық аумағында тәртіп пен тыныштық қалпына келтірілді.
Елімізде әрқашан бейбітшілік пен игілік болсын!", - деп жазды ол фейсбуктегі жеке парақшасында.
Бұған дейін Президент бірқатар өңірде төтенше жағдай режимін мерзімінен бұрын тоқтатқан болатын.