Жылдам шахматтан (блиц) әлем чемпионатының жеңімпазы Бибісара Асаубаева елордаға келді. Жас шахматшыны әуежайдан жақындары мен жанкүйерлері күтіп алды.
Бибісараны жарқын жеңісімен құттықтауға Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев те келді. Ол Бибісараның жетістігіне зор үлес сіңірген анасының еңбегін ерекше атап өтіп, оған алғысын білдірді.
– Шахматтан әлем чемпионатында ең жас әлем чемпионы атанып, жарқын жеңісімен қазақ елін қуантқаны үшін Бибісараға алғысымды білдіремін. Бибісараның жеңісіне анасының қосқан үлесі зор. Отандасымыздың бұл жеңісі барша шахматшыларға үлгі болып, ел спортының тарихында қалары сөзсіз, – деді комитет төрағасы.
Рапид және блицтен әлем чемпионаты (FIDE World Rapid and Blitz ) – спорт жанкүйерлерінің көпшілігі үшін шахмат күнтізбесіндегі ең сүйікті және асыға күтетін жарыстарының бірі. Аталған спорттық іс-шараға 50 елден 200-ге жуық спортшы – әлем чемпиондары мен вице-чемпиондары, қазіргі ел чемпиондары және әлемнің рейтингі жоғары шахматшылары қатысты. Бұған дейін Асаубаева классикалық шахматтан 8, 10, 12 және 14 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы, 7, 9 жасқа дейінгі мектеп оқушылары арасында әлем чемпионы атанған еді. Спортшының бұл жолғы әлемдік турнирдегі жетістігі ел мерейін асқақтатты.
– Варшава қаласындағы турнир 5 күнге жалғасты. Турнир оңайға соқпады. Үш күн рапид, екі күн блиц, 5 күнге созылған жарыста соңына дейін табандылық көрсету керек болды. Мен бірінші тақтада ойнап рапидте соңғы партияны жеңіп, екінші орынды иелендім. Блицте сегізінші айналымнан бастап, көш бастадым. Ақтық кезеңге дейінгі айналымда айқын басымдылықпен бірінші орынға көтерілдім. Негізі, бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдым. Бұған дейінгі ең жоғарғы жетістігім 13 жасымда рапидтен 10-орын алғаным еді. Жеңіс тұғырында тұрып, Қазақстанның Әнұраны ойнағанда бойымды ерекше мақтаныш сезімі кернеді, – деді Бибісара Асаубаева.
Гроссмейстер елге келген соң елордадағы кішкентай шахматшылармен бір партия шахмат ойнап, шеберлік сағатын өткізді. Өз кезегінде Қазақстан шахмат федерациясының өкілдері отандық жас шахматшыларды Бибісараның жеңісі жігерлендіретінін айтты. Сондай-ақ жас буынның арасынан мықты спортшылардың жоғары нәтиже көрсету тенденциясы Қазақстанда ерекше байқалатынын да тілге тиек етті.