Бүгінде ақ Олимпиада ойындарына арналған барлық іріктеу және рейтингтік додалар аяқталып, жолдамалардың басым бөлігі үлестірілді. Нәтижесінде, қазақстандық атлеттер спорттың 8 түрінен 82 жолдамаға қол жеткізді. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.
Шаңғы жарысы бойынша 30 жолдама қоржында. Фристайлшылар тоғыз жолдамаға ие болған. Соның ішінде могул бойынша – 5, акробатика бойынша 4 жолдама бар. Конькишілер мен биатлоншылар – 12, шорт-трекшілер тоғыз жолдаманы қоржынға салды. Тау шаңғысы мен шаңғымен тұғырдан секіру спортынан ел құрамалары төрт жолдамадан еншілесе, шаңғы қоссайысынан отандық спортшылар екі лицензияға иелік етті.
Бүгінде олимпиадалық құрама сапына 32 спортшы енді. Айта кетерлігі, бұл – спортшылардың соңғы әрі нақты саны емес. Себебі ҰОК кейбір спорт түрлерінен халықаралық федерациялардың лицензияларды қайта бөлу, үлестіру нәтижелерін күтеді. Атап айтқанда, биатлон, шаңғы жарысы, могул және акробатикадан тағы да жолдамалар үйлестірілуі мүмкін. Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың соңғы әрі нақты тізімі 20 қаңтардан кейін белгілі болады.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев XXIV қысқы Олимпиада ойындарының дайындығы жайында жиын өткізді. Министр алдағы қысқы Олимпиада ойындарында ұлттық құраманың алдында тұрған бірқатар міндетке тоқталды.
– Ел үшін қазіргі қиын жағдайда, соның ішінде коронавирус инфекциясы көбейген кезде біз спортшыларымызға алдағы олимпиадада допингсіз, жанжалсыз, лайықты өнер көрсету міндетін қойдық. Әрине, әрбір спортшы жетістіктің шыңы саналғанолимпиада медаліне ұмтылады. Ал біз олимпиадашыларымыздың кез келген жетістігіне қуанамыз. Бұл үшін мемлекет қолдан келгеннің барлығын жасап, спортшыларды дайындау, сапалы жаттығу, оқу-жаттығу жиындары және іріктеу жарыстарына қатысу қаржыландырылды, – деді Мәдениет және спорт министрі.
Бүгінгі күннің басты міндеті спортшылар мен жаттықтырушылар денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау болып отыр. Олардың көпшілігі, яғни іріктеу турнирлерін аяқтағандар соңғы апта бойы жабық карантин аймақтарында орналасты. Онда дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр.
– Әлемдік додалар аяқталған соң Бейжіңге ұшпас бұрын спортшылар карантинде уақыт өткізеді. Барлық спортшы кешенді-ғылыми топ мамандарының үздіксіз бақылауында. Мәдениет және спорт министрлігі мен ҰОК спорттық жарыс күнтізбе бойынша додаларға қатысу, дайындық жұмыстары, шетелдік оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар, оның ішінде еліміздегі халықаралық жарыстарға қатысу үшін командаларға барлық жағдайды жасады. Енді спортшылар ең жауапты кезеңге аяқ басып отыр, – дейді ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков.
Олимпиада ойындарының барлық қатысушысының қозғалысы қатысушылардың денсаулығына қауіп төндірмеу және алдын алу мақсатында арнайы басшылықпен қатаң түрде бекітілген талаптар мен қағидаттар жиынтығынан тұратын нұсқаулық плейбукпен реттеледі. Тек олимпиада ойындары кезінде емес, бұл нұсқаулық Қытаймен шекарадан өтер алдында да қатаң түрде қаралады.
Қазақстан құрамасы 27 қаңтар күні чартерлік Air Astana рейсімен Нұр-Сұлтаннан Алматы арқылы Бейжіңге аттанады. Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасының олимпиадалық формасының таныстырылымы 20 қаңтарға жоспарланған.