Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгелі тұрғындардың тарапынан арыз-шағым толастаған жоқ. Бағдарлама қолданысқа енгізілген бірінші жылдың өзінде ғана тегін қызмет сапасына қатысты он мыңға жуық шағым түскен. Есесіне жыл сайын МӘМС-ке миллиардтап жарна аударатын науқастардың жанайқайына құлақ түретін жауаптылар жоқ. Керісінше, жаңа жылдан бастап жарна көлемін тағы өсіріп тастады. Жарна құнын көтеру сапалы медициналық қызметті қолжетімді ете ала ма? МӘМС жүйесінде сақтандырылған адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ұсынатын медициналық көмектің кеңейтілген спектріне ие болуы тиіс. Профилактикалық медициналық тексерулерге учаскелік дәрігердің нұсқауы бойынша арнайы маманданған дәрігердің қабылдауы, созылмалы дертке шалдыққан жандардың бейінді мамандардың бақылауында болуы, уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсету, халықтың белгілі бір категориясына шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсету, диагностикалық қызметтер, оның ішінде лабораториялық диагностика (УЗИ, рентген, КТ, МРТ); мамандандырылған жоғары технологиялы, стационарлық медициналық көмек, медициналық оңалту, стационарда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сынды бірқатар медициналық қызмет кіреді.
Жүйкесі жұқарған жарна төлеушілер
Бірақ ай сайын айлығынан жырып, міндетті медициналық сақтандыру қорына жарна төлейтіндердің айтары біреу. Сағаттап тұратын емхана кезегі медициналық қызметті алуға кедергі келтіреді. Мамандардың қабылдауына жазылу қиямет қайымға айналған. Кезектің келмесін білгендер ауру асқынбай тұрғанда ақылы емханаға жүгінеді. Ал қалтасы жұқалар медсақтандыруға құйған аударманың шарапатын көреміз деп жүріп, ауруына ауру жамайды. Сол үшін де тұрғындар ай сайынғы аударманы сақтандыру қорына құюдан бас тартып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Сара Бақтиярқызы «МӘМС арқылы медициналық сараптамаларға жолдама алып көрмедім» дейді. Өйткені тегін жолдама алғандардың кезегі жылжып болмайтын көрінеді. «Бір жыл бұрын басым қақсай берген соң невропатологқа қаралғым келді. Алдымен терапевтке жазылу керек. Ол үшін «Дамумед» қосымшасы арқылы жазыласың. Қосымша аптаның әр жұмасында таңертеңгі 11-ден кешке дейін ашық болуы керек. Бірақ 11-ден кешкі 6-ға дейін отырып, бір жазыла алмай-ақ қойдым. Сөйтіп жүріп бір ай уақытым өтіп кетті. Емхана қызметкерлері «сағат 11-де ашық болды» дейді, ол уақытта ашсаң, не жүйе істемей тұрады, не болмаса, бос уақыт болмай шығады. Басқармаға шағымданып жүріп, терапевтке жазылғанмын. Ол жолдама арқылы невропатологқа жіберді. Бейінді мамандарға жазылу терапевттің қабылдауына кіргеннен де қиын болды. Оның емін алу үшін алдымен сараптама жасату керек екенін айтты. Сөйтіп компьютерлік томографияға түсу керек деді. Диагностикалық зерттеу жасату жолдама арқылы мүмкін болмады. Өйткені зерттеу жасату үшін міндетті түрде медициналық сақтандыру қорына соңғы 12 айда салған ақшаң есептеледі екен. Ал алдыңғы жылғы салған аудармаң күйіп кететін болып шықты», - дейді ол. Одан бөлек, көзі ауыратын анасына да ешқашан медициналық қызметті тегін алып көрмегенін айтқан ол «Офталмологтардың қабылдауынан бастап диагностикалық тексерулер мен операцияларын мемлекеттік мекемелердің өзінен осы уақытқа дейін ақылы түрде келемін» деп отыр.Міндетті төлем өсті
Биыл қаңтардағы жағдай бойынша, 1371 қор жеткізушісі бар. Оның ішінде 52% жекеменшік (713 медициналық ұйым) және 48% мемлекеттік меншік нысан (658). Сондай-ақ биыл медициналық көмекті қаржыландыруға 2 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Оның 1,2 триллион теңгесі кепілдендірілген тегін медициналық көмекке, 838 миллиарды сақтандыру пакетіне жұмсалады. Бұдан бөлек, биылдан бастап медициналық сақтандыру қорына аударылатын ай сайынғы міндетті төлем тағы өсті. «МӘМС-ке жарналарды төлеу тәсілдеріне қатысты айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Жарналар мен аударымдар мөлшерлемелері бұрынғысынша қалды, себебі өсім базалық көрсеткіштер – АЕК және олар байланыстырылған ЕТЖ өзгеруіне байланысты болды. Биыл тек жарна төлеушілердің кейбір санаттары үшін ғана жарна мөлшері өзгерді. Біріншісі - БЖТ төлеушілер: республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін – 1 АЕК немесе 3 063 теңге, қалған тұрғындар үшін-0,5 АЕК немесе 1531,5 теңге. Екіншісі – дербес төлеушілер: 1 ЕТЖ – нің 5% , яғни 3 000 теңге, өйткені ЕТЖ 2022 жылы 60 000 теңгеге дейін өсті. Үшіншісі – жеке кәсіпкерлерге 2022 жылы ЕТЖ-нің 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы – 4200 теңге болды. Сондай-ақ биылдан бастап жұмыс берушілер аударымдарының мөлшерлемесі жұмыскердің жалақысының 3% құрайды, бұл ретте аударымның ең жоғары ықтимал мөлшері 18 000 теңге. Ал жалдамалы жұмыскерлердің жарналары өзгеріссіз қалды. Ай сайын екі пайыз, бұл 12 мың теңгеден аспайды», – дейді МӘМС қорының баспасөз қызметі. Қор мамандарының сөзіне сенсек, МӘМС есебінен денсаулық сақтауды қаржыландырудың айтарлықтай өсуі медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Мәселен, «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасады, 7 мың ЭКҰ қаржыландыруға 6,68 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды ұлғайту жоспарда бар. Сондай-ақ осы жылы консультациялық-диагностикалық қызметтерді қаржыландыру ұлғайтылып, бұл мақсаттарға 231 млрд теңгеден астам, оның ішінде МӘМС бойынша – 187,7 млрд теңгеден астам қаражат көзделген. Стационарлық көмекті қаржыландыру – 373 млрд теңгеге, медициналық оңалту – 66,7 млрд теңгеден астамға, жоғары технологиялық медициналық көмек 63,8 млрд теңгеге ұлғаймақ.Күмәні көп «Дамумед»
Бірақ былтыр қорға бөлінген қаражат пен жарна мөлшерінің өсуі тегін қызмет көлемін арттыруға қатысы болмаған. Өйткені бұған дейін бөлінген қаржы медициналық қызметтің ақысын төлеуге, қала берді дәрігерлердің жалақысына жұмсалған. Сондықтан тұрғындар «жыл сайын міндетті төлемді өсіру тегін қызметті қолжетімді етпей отыр» деп шағымданады. Сол үшін де тұрғындар міндетті төлемнің өсуіне қарсылық білдіріп жатыр. Себебі «құйған жарнаға сай сапалы медициналық қызмет алмаймыз» дейді. Керісінше, сапасыз медициналық қызметтің пайдасынан гөрі, кедергісін көп көріп жатқанын айтып ашынады. Алматылық Базаргүл Алдабергенова тұрғылық жері бойынша жазылған емханада өзінің учаскелік терапевтісі күн сайын 4 сағат қана қабылдайтынын айтады. «Терапевтке жазылу үшін аптаның басында немесе аяғында бір рет жазыласың. Кейде жазылып үлгермей де қаласың. Кейде аяқ астынан балам немесе өзім ауырып келсем, дәрігер орнында жоқ. Өйткені оның қабылдау уақыты бітіп кетеді. Басқа учаскенің дәрігері қабылдамайды. Жазылып келген күннің өзінде ешқашан өз уақытында кірген емеспін», – дейді ол. Бұл «Дамумед» жүйесі арқылы адамдарды сыртынан дәрігер қабылдауына жазып, қор қаржысын медорталықтардың ашықтан-ашық тонап жатыр» дейтін әңгіменің себепсіз айтылмағанын аңғартады. Дәрігерлердің өздері емханаларда кезектің барын жасырмайды. Емхана басшыларының айтуынша, білікті кадр тапшылығы да тегін қызметті алуға кедергісін келтіріп жатады. Мәселен, Қарағанды қалалық №4 емханасының бас дәрігері Серік Құлмағамбаетов науқастардың кезегін жою үшін дәрігерлердің білімдерін жетілдіріп, жан-жақтан білікті мамандарды тартуды қолға алып жатқандарын түсіндіреді. Ал зерттеулерді өздерінде өткізу үшін қала мен облыс бойынша субподряд мекемелермен келісімшартқа отыруды қолға алған.Жүйенің өзі жүйелену керек пе?
Астана медицина университетінде он жылдан аса кафедра меңгерушісі болып қызмет істеп, денсаулық сақтау саласын ұйымдастыру бойынша ғылым кандидаттығын алған Раушан Секенова МӘМС-тің жеті рет өлшеніп, бір рет кесілген жүйе екенін айтады. Мәселе жүйенің өзінде емес, оның жұмыс істеуін жұртқа жеткілікті жеткізілмеуінен туындап отыр деген пікірде. «Бағдарлама қабылданбас бұрын көптеген халықаралық тәжірибе ескерілді. Бұл – жақсы жүйе. Бірақ жүйенің жұмыс істеуіне қатысты тұрғындар тарапынан арыз-шағымның көп болуына екі түрлі себеп бар. Біріншіден, қордың міндеті туралы халыққа ақпарат жеткізілгенімен, толық ақпарат берілмейді. Екіншіден, қазір көптеген адам жұмыссыз. Соңғы жылдары кәсіпорындар жабылды. Жұмыссыздар саны артып келеді. Медициналық сақтандыру қорына ай сайын жарна аудармайтын оларға МӘМС жүйесіне кіргізілген медициналық қызмет ұсынылмайды. Сол үшін де тұрғындар тарапынан түсініспеушілік туындайды», – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау және менеджмент кафедрасының доценті Раушан Қозғанбайқызы. Сөз жоқ, жүйенің алғышарты дұрыс. Айтпағымыз, дұрыс жүйенің өзін дұрыс бермей отырғанда болып отырған жоқ па? Елінің амандығын ойлаған әрбір мемлекет ең алдымен ұлт саулығына баса назар аударады. Мемлекетіміздің ұрпақ саулығына қатысты саясаты көңіл құптарлық. Ол бойынша мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алуына толық мүмкіндік берді. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге, үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінді. Бұл медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталуы керек. Алайда медсақтандыру жүйесінің бітпейтін жыры жүйкеге сыр бере бастады. Медицина мамандарының салғырттығы мен келіп болмайтын кезектің өзі жұмыстың дұрыс жүйеленбегенін көрсетеді. Сол себепті де медицинаның тегін қызметі терапевтің қабылдауынан кейін-ақ тоқтап қалады.