Жоғалған азаматтар қайда?
Жоғалған азаматтар қайда?
393
оқылды
Елдегі жаппай бүлік кезінде жоғал­ған­дардың саны нақтыланбады. Көп аза­­мат әлі күнге дейін із-түзсіз кеткен туыс-жақынын таба алмай әлек. Жазықсыз істі болғандарды ақтап, хабарсыз кет­кендерді табу үшін көмек сұрап жүр­ген­дердің қарасы қалың. Яғни, жұрт «Қаң­тар трагедиясының» зардабын әлі тар­тып келеді. Құқық қорғау органдары тай­лы-тұяғымен бүлікке қа­тысы барлардың соңына шам алып түскен шақта ха­бар­сыз кеткендерді іздеу қиынға соғып отыр. Дегенмен әр өңірде іздеу салып жүрген еріктілер еңбегі көңілге демеу. Со­нымен, бүлік кезінде қанша адам жоғалды, қайда жүруі мүмкін?

Табылмай жатқандар өте көп

Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз жақы­нын іздеп, шыр-пыр болып жүрген жан­дарды жиі кездестіресіз. Қиыны сол, қазір бүлік кезінде нақты қанша адамның жоғал­ғаны жайлы ресми дерек жоқ. Осы шақта жоғалғандардың санын нақтылау үшін әр жерде еріктілер база жасақтап жатыр. Әзірге соның ауқымдысы – Qantar-2020 платформасы. Жараланып, ауруханаға түскен, тергеуге әкетілген, мерт болған және із-түзсіз жоғалғандар тізімге енген. Еріктілер жасаған платформадағы тізім күн сайын толығып жатыр. 18 қаңтардағы дерек бойынша, тізімде 556 адамның аты-жөні көрсетілген. 76 адамның жанына «із-түзсіз жоғалған» деп жазылыпты. Бұл қатар әлі толығуы мүмкін. Сондай-ақ BTS Digital компаниясы да жоғалған азаматтар туралы ақпарат жинауға кіріскен екен. Олар деректерді Aitu қосымшасы арқылы алады. Қосымшаға түскен өтініштер авто­матты түрде 1414 call-орталығы қыз­мет­керлеріне кетеді. Мәселеге тереңдей отырып, ең әуелі бір нәрсені аңғардық. Жоғалғандардың көбі тергеуде жатқан болуы мүмкін. Себебі полиция жоғалғандар жайлы өтінішке ғана жауап қатпаса, тергеліп жатқандар жайлы деректерді түгелдей ашып айтпай отыр. Мәселен, елде қанша адам ұсталғаны тура­лы нақты ақпарат жоқ. Соңғы мәліметтер бойынша, он мыңнан астам наразылық білдіруші ұсталған. Бір ғана Алматы қаласында 2 748 адам қолға түскен. Ауыр және аса ауыр баптар бойынша 695 қыл­мыс­тық іс қозғалып, тағы 85 адам күдікті ретінде тергеуде жатыр. Бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазиннің айтуын­ша, оның ішінде терроризм актілері бойын­ша 44 іс, кісі өлтіру бойынша 15 іс, үгіт-насихат фактілері және билікті басып алуға шақыру бойынша 6 іс бар. Демек, «жоғалғандардың көбі тергеуде болуы мүмкін» деп топшылауға толық негіз бар.

Жақын-жуық алаңдап жүр

Семей қаласының тұрғыны Әлия Исенованы жақындары 5 қаңтардан бері әлі таба алмай жүр. «Митингке қатысамын» деп кеткен әйелден сол күйі хабар-ошар жоқ. Құқық қорғау органдарына, полиция­ға сұрау салса да, ақпар болмаған. Жақын­дары амандығын тілеп, шарасыз отыр. – Бір қызығы, Әлия 11 қаңтар күні Instagram-дағы парақшасына «15 сағат бойы алаңда тұрмыз» деп видео жүктеген. Әуелде таңырқадық, себебі телефоны оның алдында өшіп жатқан. Оның үстіне 11 қаңтарда қайдағы митинг, ол кезде бәрі басылған. Бәрін кейін түсіндік, ол видеоны 5 қаңтарда жүктегісі келген, сол кезде интернет болмағанын бәріміз білеміз, сосын бейнежазба парақшаға жүктелмеген. Тек 11 қаңтарда интернет ашылғанда, авто­матты түрде шыққан екен, – дейді туысы Гүлмира. Әйелдің жақындары әлі күнге дейін үміт үзгілері келмейді. Тіпті, Әлия Исено­ваны іздеп мәйітхана мен емханаларды да шолып шыққан. Біреулер оны полиция ұстап әкеткенін, енді бірі алаңда жаралан­ғанын айтыпты. Бірақ қай дерекке сенерін білмейді. [caption id="attachment_179857" align="alignleft" width="1200"]жоғалғандар © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] – 18 қаңтарда өңірдегі бір емхананың трав­матология бөлімінде жатыр деп бел­гісіз біреу хабарласты. Алайда хабарласқан адам құқық қорғау органдарынан болуы керек, нақты қай жерде, қандай хәлде еке­нін айтпады. Соған қарағанда тергеліп жатқан сыңайлы. Сондықтан ақпаратты растай алмай отырмыз, – деді жақыны. Туыстарының қорқуына негіз бар, шамасы, ол емханада жатқан күннің өзінде жағдайы жақсы болмауы мүмкін. Тағы бір жайт – біз еріктілер құрған Qantar-2020 платформасын шолып отырып, Әлия Исенованың есімін таптық. Бірақ онда ол «із-түзсіз жоғалды» деп емес, «6 қаңтар күні жараланып, кейін тергеуге әкетілген» деп жа­зылған. Осы тәрізді түсініксіз хәлде оты­рып, жақындарын таба алмай жүргендер жетерлік. Көбінің тілегі – қосақ арасында көз жұмып кетпесе дейді.

Еріктілер не айтады?

Бір ғана Алматының өзінде жоғалған­дарға қатысты мәселе әбден ушыққан. Жақынына сұрау салғандар көбейген соң, еріктілер де іздеуге кірісіпті. Соның бірі – Lider.kz еріктілер қозғалысы. Қозғалыс­тың үйлестірушісі Дельмира Блац Алматы қаласы мен Алматы облысында тәртіпсіздік кезінде жоғалғандар туралы өтініштер 7-8 қаңтарда түсе бастағанын айтады. Өтінім­дердің көбі әлеуметтік желі арқылы келеді екен. Қазір 15-ке жуық ерікті із-түзсіз жо­ғал­ғандарды іздеп жүр. Төтенше жағдайға байланысты еріктілер ол адамдарды соңғы рет көрген жерлерге бара алмайды, тек мәйітханаларға, ауруханаларға және тергеу изоляторларына қоңырау шалуға мәжбүр. – Біразы ауруханалар мен ұсталғандар арасынан табылады. Өлгендер де бар. Өтінімдер саны өсті, әдеттегі күндермен салыстырғанда төрт есе көбейді. Бұрын күніне 4-5 өтінім келіп түссе, қазір 25-27 өтінім келеді. Еріктілер ауруханаларға барады, егер нақты ақпарат бермесе, сол жерде тексереміз, – дейді Дильмира Блац. Жоғалған адамдардың көбі бастапқыда бейбіт митингілерге шығып, бүліктің арасына түсіп кеткен екен. Соның әсерінен бе, табылған адамдардың басым бөлігі тергеу изоляторынан табылған. Тергеу­шілер біреуін босатып жіберсе, енді бірін «кінәлі» деп жібермейтін көрінеді. Сон­дықтан жоғалғандарды бірінші кезекте полициядан сұраған жөн секілді. Алматы қаласының Полиция департаменті 4 қаң­тардан бастап 20-дан астам адам ресми түрде хабар-ошарсыз кеткен деп мәлім­деген. Соның ішінде 15 адам табылған. Қорыта айтқанда, із-түзсіз кеткендерге қатысты мәселе алдағы 1 айдың көлемінде шешіле қоймайтын тәрізді. Біздің бағам­дауымызша, жоғалғанның көбі тергеуде жатыр. Бүлік кезінде қаза тапқан 225 адам­ның аты-жөні толық жария болған жоқ. Санаулысы – соның ішінде болуы да мүм­кін. Қайткен күнде де құқық қорғау орган­дары жоғалған азаматтарға қатысты жауап қатқаны жөн секілді.