Жалақы жыл сайын өскен
Әр жылы ұстаздардың жалақысы қалай өзгергеніне көз жүгіртіп көрейік. 2002 жылы ел бойынша орташа жалақы 20 323 теңге болса, білім саласында 15 233 теңге болыпты. Жалпы, елімізде ұстаздар жалақысының жыл сайын өсіп отырғаны байқалады. Жүктемесіне байланысты түрлі деңгейде жалақы алып жүрген ұстаздар жетіп артылады. Дегенмен 2016 жылы білім беру саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 100 мыңдық межеге жақындап, 99 мың теңге көлемінде болды да, келесі жылы бұл межеден асты. 2020 жылы мұғалімдердің орташа еңбекақысы 184 мың теңге, 2021 жылы 233 мың теңге болған. Білім және ғылым министрі инфляция деңгейі ұстаздар жалақысын құнсыздандырмайды деген ойда. «Президент педагогтердің жалақысын екі есе көтеруді тапсырды. Ұстаздар бүгінде әртүрлі айлық алады. Жас маман болса, кем дегенде 70 мың алады. Ағылшынша сабақ жүргізетіндер 200 мың теңгеге дейін табады. Яғни, жалақы оның ауыл не қалада жұмыс істегеніне, санатына, дәрежесіне байланысты», – деген еді министр Асхат Аймағамбетов.Жемқорлық сапаға тұсау
Мұғалімдердің жалақысы өскен сайын басшылықтың пара алуы үдеп келе жатқандай. Пара алған жерде сапа болмасы анық. [caption id="attachment_179860" align="alignleft" width="1200"] © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Күні кеше ғана Түркістан облысындағы білім бөлімінің басшысы Құралай Шадиева мен жергілікті №14 мектептің директоры Арман Пернебаевтың қылмыстық ісі белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел-тергеу жұмыстары нәтижесінде күдіктілердің мұғалімді мектепке жұмысқа тұрғызуы үшін миллион теңге талап еткені анықталған. Білім саудаға түскен соң болашақтың бұлыңғыр болары анық. Қазір жемқорлық білім мекемелерінде еркін жайылып кетті. Бұл шалғайдағы мектеп директорлары мен білім бөлімінің басшыларына да қатысты. Естуімізше, ауыл мектебіне мұғалім болып жұмысқа кіру 500 мыңнан басталады екен. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Қаржылық мониторинг агенттіктері 2021 жылы білім саласында 250 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеген. Мұғалімдердің аттестациядан өтуі, портфолио дайындау секілді дүниенің бәрі ақшаға тірелетіндей. Сондай жағдайда мұғалімнен сапа талап ете аламыз ба?Қай елдің мұғалімі «бай»?
Барлық елде экономиканың дамуы бірдей емес. Бір ел мұғалімдерді жоғары мәртебелі мамандықтың қатарына қосса, екінші ел мүмкіндігінше ұстаздарға жағдай жасауға тырысады. Дегенмен мұғалімдер жалақысының көлемі бірнеше факторға байланысты. Ең алдымен, ұстаздың кәсібилігіне, сабақ өтетін сағатына, еңбек өтіліне. Ал 2020-2021 оқу жылында әлем бойынша қай мемлекеттің мұғалімдері көп жалақы алды? Салыстырып көрейік. Әлемдегі ең жоғары жалақыны Люксембург мұғалімдері алады. Олардың айлығы – 5 850 еуро шамасында. Ел ұстаздары элиталық топтың құрамына жатады. Сондықтан Люксембургте мұғалім болу оңай емес. Негізгі талап – люксембург тілін білу. Білім беру жүйесінде бәсекелестік жоғары. Негізінен 40 жасқа дейінгілер ғана мұғалім бола алады. Ал АҚШ-та ұстаздың айлығы қай аймақта жұмыс істегеніне байланысты. Мысалы, Оңтүстік Дакотада – 3 210 доллар, Нью-Йорк, Калифорнияда ұстаздар ай сайын 7 510 доллар жалақы алады. Ал орташа есеппен алғанда АҚШ-тағы мұғалімдердің жалақысы 3 900 доллар шамасында. Мұғалімді ерекше құрметтейтін елдің бірі – Жапония. Самурайлар елінде кез келген адам мұғалімге тұрып сәлем береді, ізет білдіреді. Ұстаздар арасындағы бәсекелестік те жоғары. Бір орынға 20 орыннан келеді. Ал мұғалімнің орташа жалақысы – 3 990 доллар.Еңбекақы калькуляторы
Мұғалімдер еңбекақысының дұрыс есептелуін тегін онлайн калькулятор арқылы қадағалай алады. Калькулятор FavorIT сайтында орналасқан. Бастысы, калькулятор дұрыс нәтиже беруі үшін шынайы мәліметтерді енгізу қажет. Егер оның нәтижесі мен сіздің еңбекақыңызда айырмашылық болса, онлайн калькулятор есебін қағазға шығарып, мектеп бухгалтеріне қайта санатуға болады. Жалпы, Еңбек кодексіне сәйкес, бухгалтер педагогке ай сайынғы еңбекақысы мен ондағы төлемдер, аударымдар жайлы анықтама беруге міндетті.ТҮЙІН:
Мұғалімдер жалақысының өсуі мұнымен тоқтап қалмайды. 2023 жылы сала мамандарының жалақысы тағы 25%-ға артады. Бұл өзгеріс бір кездері қадірі қашып, берекесі кеткен мамандықтың тамырына қайта қан жүгірткендей.
Көктем ҚАРҚЫН