Елімізде берілген несиенің көлемі 17 трлн теңгеге жуықтады. Бір қарағанда мұндай ғаламат қаржыны азаматтарымыз төлей ала ма деген сұрақ туады. Себебі берешегін қайтара алмай, суицид жасаған адам қаншама? Былтыр Алматыдағы Ақбұлақ оқиғасын ұмыттық па? Енді ел үкіметі «Жеке азаматтардың банкроттығы» туралы заң жобасын жазып шықты. Заң қабылданса, азаматтар өзін банкрот жариялап, несие төлеу міндетінен босатылуы мүмкін. Онда банк ұтылады. Бұл заң қаржы нарығының астан-кестенін шығармай ма?
Жалпы қарыз – 17 трлн
Сонымен, Ұлттық банктің былтырғы 1 желтоқсан күнгі мәліметінше, еліміздегі жалпы несие сомасы 16 993 905 млн теңге екен. Осы 17 триллион теңгеге жуық ақшаның шамамен жартысы бизнеске, ал жартысынан астамы халыққа тиесілі. Яки, бұл жерде сөз болып отырған 9,6 трлн теңге тек екінші деңгейлі банктерге қатысты. Одан бөлек, микроқаржы ұйымдарына қарызы тағы бар. Осы ретпен алғанда халықтың қарызы – 10 триллион шамасында. Бұл аз ба, көп пе? «Халықтың екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдар алдындағы берешегі өте жоғары. Оның екі түрлі себебі бар деп санаймын. Біріншісі – адамдардың төлем қабілетінің төмендеуінен. Өйткені 2020 жылғы пандемия олардың көптеген жоспарын, мүмкіндіктерін өзгертіп жіберді деуге болады. Көптеген адам тұрақты жұмыстарынан айырылып қалды. Сондықтан да олардың алған несиелерін қайтару мүмкіндіктері қиындай бастады. Мұны форс-мажорлық жағдай деп айтуға болады. Екіншіден – Қазақстанда несиенің қолжетімділігі өте жоғары. Ол тұтынушылық болсын, қолма-қол болсын, кепілдік болсын, несие түрлері өте көп. Әрі оларды алу да салыстырмалы түрде оңай», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов. Шетелде банктердің несие портфелінің 75%-ы бизнеске, 25%-ы жеке тұтынушыға жұмсалса, бізде керісінше. Сондықтан да мұнда қарыз адамдарды сотқа беріп, сот орындаушылардың тәлкегіне итере салмай, оңалту тетіктерін енгізу қажет-ақ. «Бізге «Жеке тұлғаның банкроттығы туралы» заң, әрине керек. Бұл мәселе екі жылдан бері айтылып жүр. Бірақ тек Қаржы министрлігі ғана емес, бірнеше ведомство төңірегінде шешілетін болғандықтан, кейінге шегеріліп келеді. «Таяқтың екі ұшы бар...» демекші, өзін банкрот деп жариялаған адам одан кейін брокер болып, бухгалтер болып, тағы да басқа қызметтерді атқара алмайды. Несие ала алмайды. Бірақ, жалпы алғанда ол жеке тұлғаға да, банктерге де тиімді процедура болар еді», – дейді Бауыржан Мұратбекұлы.Несие рақымшылығы қажет пе?
Бұл тұста несие рақымшылығы да ойланатын мәселе. Өйткені ол азаматтарға тиімді болуы мүмкін, бірақ мемлекет үшін үлкен шығын. Әрбір адам несие алған кезде өз мүмкіндігін дұрыс бағалай білу керек. Бұл проблеманың туындайтын бір себебі – біздің азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмендігінде. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген секілді, әркім өзінің әлін білгені дұрыс. Біз хабарласқан бірқатар экономистің пікірі осыған саяды. «Мемлекет мұндай қадамға барады деп ойламаймын. Өйткені банк дегеніміз – мемлекеттің негізі, олар халықтың несиесін кешіретін болса, күйреп тынуы мүмкін. Бұдан мемлекетке қауіп келеді. Әйтсе де, жағдайы өте мүшкіл кейбір адамдарға қатысты ішінара рақымшылық жасаған дұрыс деп санаймын. Оны ақпан айында назарымызға ұсынатын «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңда қарастыру қажет. Ал жалпы бұл заңды әлдеқашан қабылдау қажет еді. Өйткені бұл қарызға батқан адамдарға көп көмек болмақ. Ең бастысы, банкроттықты қайта-қайта жариялап, бұл бастаманың берекесін кетірмеу керек. Сондықтан да неше рет жариялауға болатынына шектеу қойылғаны дұрыс», – дейді қоғам белсендісі Рүстем Жансейітов. Мамандардың айтуынша, халықтың қарызға белшеден батып отырғанын мойындайтын уақыт жетті. 9 трлн теңге – ол өте көп сома. Сондықтан мұндағы қатынастарды реттеп, несие беру талаптарын қайтадан күшейту қажет. Өйткені несие алғандардың басым бөлігі – кірісі төмен азаматтар. Олардың арасында студенттер мен зейнеткерлер де бар.Банкроттық керек пе?
Ұлттық банктің мәліметінше, төлем мерзімі уақытынан асып кеткен несиелердің жалпы мөлшері 676,2 млрд теңге екен. Қаржы сарапшыларының пікірінше, мұндай проблемалық несиесін өтей алмай жүрген азаматтардың бәрі потенциалды банкрот адамдар! Өйткені олардың арасында несиесін жабу үшін несие алған адамдар да аз емес. Мәселен, еліміздегі экономикалық белсенді 18 бен 63 жас аралығындағы халық саны 9 миллион десек, бұл бір адамның жоқ дегенде мың теңге несиесі бар деген сөз. «Менің ойымша, бұл цифрларда тұрған ештеңе жоқ. Әзірге оны соншалықты қорқынышты деп айта алмас едім. Өйткені оларды қайтара алып отыр. Мұндағы қорқыныш адамдардың несие алуға не үшін барғанында. Олардың көпшілігі несиені бүгінгі жағдайын жақсарту үшін емес, жағдайы төмендеп кетпеу үшін алды. Осы уақытқа дейін олар ертеңгі күні бәрі жақсы болып кетеді деп сенді. Бірақ жағдай қиындай түсті, қымбатшылық қысып барады, оның үстіне несие ауыртпалық салып отыр. Енді бұл жағдайдан шығуды осы бастан шындап ойлану қажет. Әлі де кеш емес. Банкроттыққа жіберу өте ұтымды жол болғанымен, оның да өзіндік салдары бар. Адам одан кейін ұзақ мерзімге несие алу мүмкіндігінен айырылады. Белгілі бір жұмыстарға тұра алмайды. Бәлкім, банкроттықтың қазақстандық моделін ойлап табу қажет болар? Өйткені мемлекет те, жеке тұлға да зардап шекпеуі тиіс», – дейді экономист Алмас Чукин. Елімізде банкрот деп тану мәселесі әзірге тек заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты қолданылады. Ал жеке тұлғаға қатысты тек шетелде бар. Бұл тәжірибені Ресей 2015 жылы бастаған екен. Оны ұйымға болсын, жеке адамға болсын қарызы 500 мың (теңгемен 3 миллиондай) рубльден асатын, төлемегеніне 3 айдан асқан кез келген азамат бастай алады. Одан бөлек, ауырып қалған, жұмыстан шығып қалған, мүлкі бүлінгендер де осы процедураға жүгінсе болады. Жүзеге асырудың екі жолы бар – сот ақылы (ақылы) немесе арнайы орталық арқылы (тегін). Мұндай жағдайда банкрот адамның несиесіне пайыздық үстемеақы, өсімпұл және айыппұл жүрмейді. АҚШ-та тәртіп одан қаталдау. XIX ғасырдан келе жатқан бұл процедурада, егер борышкер кредиторды алдап, банкрот болған болса, мүлкі тәркіленгенімен қоса, бас бостандығынан да айырылуы мүмкін екен. Банкрот деп тану процедурасының өзі 3-5 жыл аралығын қамтиды. Ал танылған жағдайда несие тарихы 10 жыл сақталады. Германия бұл тәсілге 1994 жылы көшкен. Тек сот арқылы шешілетін бұл процедура да алты жылға дейін созылады екен және қылмыстық-құқықтық дәрменсіздік ретінде қарастырылады. Сондықтан да бұл мәселеге біздің елде де шетелдегідей үлкен ыждағаттылықпен қараған дұрыс! Өйткені бұл тәсіл бірінші кезекте кредиторларды қорғауға бағытталады. «Халық қарызға батып отыр дегенде, бірінші кезекте бұл мәселенің түбіріне үңілу қажет. Өйткені оның бірінші себебі – халықтың төлем қабілетінде жатыр. Егер халықтың төлем қабілеті жоғары болса, бұл проблема бұлай сезілмес еді. Мәселен, баласы оқуға баратын кезде амалсыз несиеге оқу формасын алған, ауырып қалып шұғыл емделу қажет болып несие алған, несиесін жабу үшін несие алғандар осы санатқа жатады. Сондықтан да бізге бұл мәселенің шешімін іздеген кезде тек салдарымен емес, себебімен де күресу қажет. Мәселен, микроэкономиканы қолға алып, халықтың айлығын өсіру мәселесін де күн тәртібінен түсірмеу қажет. Еңбекақы жоғары болатын болса, несиені төлеу қабілеті де жоғары болмақ», – дейді экономист Расул Рысмамбетов. Былтырғы жыл соңындағы мәліметтерге сүйенсек, орташа статистикалық отбасы бюджетінің 5%-ы несие төлеуге жұмсалған екен. Соның ішінде тұрғындары несиені көп алған өңірлер Қарағанды, Ақмола және Ақтөбе облыстары болған.