Ұрлық қылған әйелдер
Ұрлық қылған әйелдер
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
354
оқылды
Жаппай тәртіпсіздік ке­зінде кей адамдар қаңғыған оққа қарамай, құлпы қирап, есігі сынып жатқан дүкендерді тонап, дәретхана қағазына дейін үйіне тасыды. Бүгінде1 640 саудагердің кәсібі тоқ­тап, шығынға батып, бассыз­дық­тан өзегі өртеніп отыр. Тонаушылар арасында қазақ қыздары, жүкті әйелдер, бала жетектеген аналар, тіпті жасы үл­кен апалар да болған. Олар­дың мұндай әрекетке баруына не түрткі болды? Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін аналар ұрлықтан қымсынбаса, ендігі ұрпақтан үміт бар ма? Бейбіт шеру Алматыда бүлікке ұласып, сауда үйлері тоналды. Еліміздің 9 өңі­рінде 2 мыңға жуық сауда нысаны жапа шексе, соның 1 573-і Алма­тыда орналасқан. Өрімдей жас қыздар бүлікке қаты­сып, кейбірі арақ тасып, жігіттерді арандатты. Аш суға тойып алған азаматтар есін жоғалтып, көз ал­дын­дағының ойранын шығарғаны, қорқыныш­ты ұмытқаны, қызық қуып кет­кенінің бір себебі – сол. Алматыда Француз сауда үйін тонағандардың арасында жүкті әйелдердің де бол­ғаны анықталды. Сауда үйінің өкілі Марал Байбағы­сованың ай­туынша, француз үйі тұтастай тоналып, 5 миллиард теңгеден астам шығын келген. «Біздің барлық дүкенімізді то­нап кетті. Орталық пен қатарынан 3 бөлім­шені, әуежайдағы екі дү­кенді де түгел тонады. Бренд мар­калы тауарлардың, тіпті әрқайсы­сы­ның бағасы 250 мың доллардан жоғары тұратын теріден жасалған бұйымдарды да тонап кетті. Шы­ғын көлемі шамамен 5 миллиард теңгеден асады», – деді ол. Оның айтуынша, тонаушылар француз үйін тонаған сәтте киім­дерін жаңасына ауыстырып, ескі-құсқысын сол жерге тастап кеткен. Бейнебақылау камераларын сын­дырып, тас-талқанын шығарған. Тіпті, бейнебақылау камераларына түсіп қалған жазбаларға қарағанда, тонаушылар арасында балалы, жүкті әйелдер де болған. Қазір бей­нежазбалар құқық қорғау ор­ган­дарына тапсырылды. Тергеуден соң ұрлықтың мән-жайы, ұры­лардың әрекеті әшкере болады.

ҚАРАША ХАЛЫҚТЫҢ ЫЗАСЫН ТУДЫРЫП КЕЛГЕН

Бұл бүлік кезінде азық-түлік, техника құшақтап шығып бара жатқан әйелдің кейпі көңілге ауыр тиді. Қазақта «Жоқтық не жегіз­бейді, тоқтық не істетпейді» деп бекер айтылмаған. Елдегі жұмыс­сыз­­дық, еңбегіңе сай жалақы тө­ленбеуі, азық-түлік бағасының шарықтауы, теңсіздік мәселелері бұрыннан қараша халықтың ыза­сын тудырып келген. Аналардың осындай қадамға баруының екі себебі болуы мүмкін. Біріншісі, бала-шағасына тамақ табу, екін­шісі, дүрбелең кезінде пайда тауып қаламын деген арам ой. Бұл ойы­мызды «Қазақстан әйелдер күш­тері» альянсының төраға орын­ба­сары, «Шапағат» қайырымдылық қорының жетекшісі Назгүл Мақжан да қуаттап отыр. «Бірақ не болса да, бұл келін­шек­терді қоғам болып сөгіп, тіл тигізбеуіміз керек. Бұл – жалпы әлеуметтік жағдайының айқын кө­рінісі. Болдым, толдым деген халық бүлікке қатысып, өз жер­лестерін тонауға жол бермейтін еді. Арғы жағында жылдар бойы бұлыққан ыза, өкініш, жоқтық, жемқорлыққа куә болу, теңсіздік және басқа да мәселелер жатыр. Мемлекеттің ір­гесі босап, отбасы құлдырап, қоғам­ның иманы әл­сіреген кейіпте отыр­мыз», – дейді Н.Мақжан. Аналардың жағдайы – жалпы әлеуметтік саланың барометрі. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туа­ды. Сапалы медициналық көмек, лайықты білім алған ба­ладан отан­шыл, мықты азамат шығады. Яғни, адами капиталды дамыту аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен тікелей байланысты. Неліктен тонады? Өйткені бей­біт күнде сол тауарларға қолы жетпеді емес пе?! 100 мыңға жет­пейтін немесе сәл асатын жалақыға Adidas-тың аяқкиімін 50 мыңға алу­ға қалтасы көтермейді. Фран­цуз үйіндегі 20 мыңнан басталып, бағасы 100 мыңнан асатын иіссу­ларға қолы жетпейді. Тіпті, ар­ман­дай да алмайды. Бүлікке шыққан әйелдерді «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры төрайымы, пси­холог Лимана Қойшиева тобыр психологиясымен түсіндірді. «Үлкен ортаға түскенде өз ойы­нан, өз идеясынан айырылып, топ­тың ортақ идеясымен әрекет етеді. Инстинкті тұрғыда бір адам не істесе, екіншісі де соны қайта­лайды. Артынан басқа адамдар да ереді. Ішкі қорқынышы «бұл жер­де мен жауапты емеспін, барлығы істеп жатыр» деген оймен сипат­талады. Өзінің көңілі толмайтын дүниелерге тобырдың ықпалымен ессіздік әрекеттерге, ұрлыққа ба­рады. Бұл – өте қауіпті. Қариялар, жүкті әйелдер мен балалы келін­шектер қауіптің барын ұмытты да кетті», – дейді маман.

БҮЛІНГЕННЕН БҮЛДІРГІ АЛМА...

Дана ата-бабаларымыз осы бірауыз сөйлеммен-ақ қиындыққа тап болған адамдарды тонаушыдан сақтандырған. Бүлдіргідей қа­рыстай ғана жіп алсаңыз да, сол бір сәт жадыңызда өмір бойы сақ­талады. Құқық қорғау орындары ұстап алмаса да, бүлік кезінде ұрлап алған заттың кесірі тиер. Қазір қаңтардағы тәртіпсіздікке қатысы бар күдікпен мыңнан аса адам қамауда отыр. Бұл туралы бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин мәлімдеді. «Соттар осы оқиғалармен бай­ланысты барлығы 8 354 әкімшілік іс қарады. Соттар мен прокурорлар жеңілдететін мән-жайлар мен кінәлі адамдардың өкінуін ескеріп жатыр. 3 337 құқық бұзушыға қа­мақ­қа алу немесе айыппұл түрінде жаза қол­данылмай, ескерту ғана жа­салды. 1 653 іс бойынша сот айып­пұл сал­ды. 1 002 адам қамауда отыр, олар­дың әкімшілік жазасын жеңілдету мақсатында прокурор­лар апелля­ция­лық сотқа 1 758 өті­ніш хат­тар енгізді», – деді Азамат Сарғазин. Мемлекеттің миллиардтарын жымқырды ма, әлде дәретхана қағазын ұрлады ма, қылмыстың аты қылмыс. Мұндай адамдар Қылмыстық кодекстің 191-бабы («Ұрлық») бойынша сотталады. Сондай-ақ ҚК-нің 192 («Қарақ­шылық») мен 196-бабы («Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу») бойынша іс қозғалуы мүмкін. Ұр­лаған дүниесіне қарай, айып­пұл­мен шектелуі мүмкін. Елімізде «Ұр­лық» бабы бойынша тағайын­далатын жаза 2 000 АЕК (6,1 млн теңге) көлемінде айыппұлды қа­рас­тырады. Сондай-ақ ұрланған тауарларды сатып алғандарға да жаза қарастырылған. Сатып алушы 160-тан 4 000 АЕК-ге дейін (490 080-12,2 млн теңге) айыппұл тө­леуге міндеттелуі мүмкін.

ҰЛТ ҮШІН ҮЛКЕН ҚАСІРЕТ

Тарихқа үңілсек, батыр қыз­дарымыз соғысқа аттанып, жаралы жандарды емдеді. Қару алып, әділ­дік үшін күресті. Көп­балалы ана­лар шындық үшін шырылдады. Әлемнің тұтқасын ұстаған аналар үйінің тыныш­тығын күзетудің ор­нына ерлермен бірлесіп, көшеге шы­ғуының өзі дұрыс па?! Қаңтар оқиғасында кейбір қыз-келіншектердің әрекеті ұят деген сөзге лайықты. Республи­калық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Ыдырысқызы да осыны алға тартып, ананың ұлттық тәр­бие­ден қол үзуі ұлт үшін үлкен қасірет деп отыр. «Бұл бір күнде болған жағдай емес. Бұл туралы талай айтылды. 90-жылдары жағдай өзгеріп, ер-азаматтар жұмыссыз қалғанда ана­ларымыз ала дорба асынып, базарға шықты. Ол қажеттілік еді. Бірақ сол жағдай әйелге ақша табуды үйретті. Қолына ақша ти­ген аналарымыздың бүгінде бала тәрбиесін ысырып қойған жағ­дайы бар. Бірақ қандай жағдай болма­сын, ана өзінің негізгі мис­сиясын, яғни дүниеге ұрпақ әкелу және оны тәрбиелеу екенін еш­қашан ұмыт­пауы керек. Тарихта анала­ры­мыз бұдан да қиын жағ­дайға тап болған. Ұлы Отан соғы­сында аналарымыздың нені өт­кер­генін бәріміз білеміз. Бірақ ұр­лыққа барды деген сөзді естіген емеспіз. Бұл – кешіріл­мейтін нәрсе. Заңға сәйкес шешілуі керек», – деді Н.Ыдырысқызы. Мұхтар Әуезовтің «Ар жаза­сы – бар жазадан ауыр жаза» деген сөзі еске түсіп отыр. Мәдениетті ана­дан ғана мәдениетті ұрпақ өседі. Ал ұрпақ мәдениетті болса ғана, қоғам саналы болады. Саналы қоғамның – болашағы жарқын.