Жаппай тәртіпсіздік кезінде кей адамдар қаңғыған оққа қарамай, құлпы қирап, есігі сынып жатқан дүкендерді тонап, дәретхана қағазына дейін үйіне тасыды. Бүгінде1 640 саудагердің кәсібі тоқтап, шығынға батып, бассыздықтан өзегі өртеніп отыр. Тонаушылар арасында қазақ қыздары, жүкті әйелдер, бала жетектеген аналар, тіпті жасы үлкен апалар да болған. Олардың мұндай әрекетке баруына не түрткі болды? Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін аналар ұрлықтан қымсынбаса, ендігі ұрпақтан үміт бар ма?
Бейбіт шеру Алматыда бүлікке ұласып, сауда үйлері тоналды. Еліміздің 9 өңірінде 2 мыңға жуық сауда нысаны жапа шексе, соның 1 573-і Алматыда орналасқан. Өрімдей жас қыздар бүлікке қатысып, кейбірі арақ тасып, жігіттерді арандатты. Аш суға тойып алған азаматтар есін жоғалтып, көз алдындағының ойранын шығарғаны, қорқынышты ұмытқаны, қызық қуып кеткенінің бір себебі – сол. Алматыда Француз сауда үйін тонағандардың арасында жүкті әйелдердің де болғаны анықталды. Сауда үйінің өкілі Марал Байбағысованың айтуынша, француз үйі тұтастай тоналып, 5 миллиард теңгеден астам шығын келген.
«Біздің барлық дүкенімізді тонап кетті. Орталық пен қатарынан 3 бөлімшені, әуежайдағы екі дүкенді де түгел тонады. Бренд маркалы тауарлардың, тіпті әрқайсысының бағасы 250 мың доллардан жоғары тұратын теріден жасалған бұйымдарды да тонап кетті. Шығын көлемі шамамен 5 миллиард теңгеден асады», – деді ол.
Оның айтуынша, тонаушылар француз үйін тонаған сәтте киімдерін жаңасына ауыстырып, ескі-құсқысын сол жерге тастап кеткен. Бейнебақылау камераларын сындырып, тас-талқанын шығарған. Тіпті, бейнебақылау камераларына түсіп қалған жазбаларға қарағанда, тонаушылар арасында балалы, жүкті әйелдер де болған. Қазір бейнежазбалар құқық қорғау органдарына тапсырылды. Тергеуден соң ұрлықтың мән-жайы, ұрылардың әрекеті әшкере болады.
ҚАРАША ХАЛЫҚТЫҢ ЫЗАСЫН ТУДЫРЫП КЕЛГЕН
Бұл бүлік кезінде азық-түлік, техника құшақтап шығып бара жатқан әйелдің кейпі көңілге ауыр тиді. Қазақта «Жоқтық не жегізбейді, тоқтық не істетпейді» деп бекер айтылмаған. Елдегі жұмыссыздық, еңбегіңе сай жалақы төленбеуі, азық-түлік бағасының шарықтауы, теңсіздік мәселелері бұрыннан қараша халықтың ызасын тудырып келген. Аналардың осындай қадамға баруының екі себебі болуы мүмкін. Біріншісі, бала-шағасына тамақ табу, екіншісі, дүрбелең кезінде пайда тауып қаламын деген арам ой. Бұл ойымызды «Қазақстан әйелдер күштері» альянсының төраға орынбасары, «Шапағат» қайырымдылық қорының жетекшісі Назгүл Мақжан да қуаттап отыр.
«Бірақ не болса да, бұл келіншектерді қоғам болып сөгіп, тіл тигізбеуіміз керек. Бұл – жалпы әлеуметтік жағдайының айқын көрінісі. Болдым, толдым деген халық бүлікке қатысып, өз жерлестерін тонауға жол бермейтін еді. Арғы жағында жылдар бойы бұлыққан ыза, өкініш, жоқтық, жемқорлыққа куә болу, теңсіздік және басқа да мәселелер жатыр. Мемлекеттің іргесі босап, отбасы құлдырап, қоғамның иманы әлсіреген кейіпте отырмыз», – дейді Н.Мақжан.
Аналардың жағдайы – жалпы әлеуметтік саланың барометрі. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады. Сапалы медициналық көмек, лайықты білім алған баладан отаншыл, мықты азамат шығады. Яғни, адами капиталды дамыту аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен тікелей байланысты.
Неліктен тонады? Өйткені бейбіт күнде сол тауарларға қолы жетпеді емес пе?! 100 мыңға жетпейтін немесе сәл асатын жалақыға Adidas-тың аяқкиімін 50 мыңға алуға қалтасы көтермейді. Француз үйіндегі 20 мыңнан басталып, бағасы 100 мыңнан асатын иіссуларға қолы жетпейді. Тіпті, армандай да алмайды. Бүлікке шыққан әйелдерді «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры төрайымы, психолог Лимана Қойшиева тобыр психологиясымен түсіндірді.
«Үлкен ортаға түскенде өз ойынан, өз идеясынан айырылып, топтың ортақ идеясымен әрекет етеді. Инстинкті тұрғыда бір адам не істесе, екіншісі де соны қайталайды. Артынан басқа адамдар да ереді. Ішкі қорқынышы «бұл жерде мен жауапты емеспін, барлығы істеп жатыр» деген оймен сипатталады. Өзінің көңілі толмайтын дүниелерге тобырдың ықпалымен ессіздік әрекеттерге, ұрлыққа барады. Бұл – өте қауіпті. Қариялар, жүкті әйелдер мен балалы келіншектер қауіптің барын ұмытты да кетті», – дейді маман.
БҮЛІНГЕННЕН БҮЛДІРГІ АЛМА...
Дана ата-бабаларымыз осы бірауыз сөйлеммен-ақ қиындыққа тап болған адамдарды тонаушыдан сақтандырған. Бүлдіргідей қарыстай ғана жіп алсаңыз да, сол бір сәт жадыңызда өмір бойы сақталады. Құқық қорғау орындары ұстап алмаса да, бүлік кезінде ұрлап алған заттың кесірі тиер. Қазір қаңтардағы тәртіпсіздікке қатысы бар күдікпен мыңнан аса адам қамауда отыр. Бұл туралы бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин мәлімдеді.
«Соттар осы оқиғалармен байланысты барлығы 8 354 әкімшілік іс қарады. Соттар мен прокурорлар жеңілдететін мән-жайлар мен кінәлі адамдардың өкінуін ескеріп жатыр. 3 337 құқық бұзушыға қамаққа алу немесе айыппұл түрінде жаза қолданылмай, ескерту ғана жасалды. 1 653 іс бойынша сот айыппұл салды. 1 002 адам қамауда отыр, олардың әкімшілік жазасын жеңілдету мақсатында прокурорлар апелляциялық сотқа 1 758 өтініш хаттар енгізді», – деді Азамат Сарғазин.
Мемлекеттің миллиардтарын жымқырды ма, әлде дәретхана қағазын ұрлады ма, қылмыстың аты қылмыс. Мұндай адамдар Қылмыстық кодекстің 191-бабы («Ұрлық») бойынша сотталады. Сондай-ақ ҚК-нің 192 («Қарақшылық») мен 196-бабы («Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу») бойынша іс қозғалуы мүмкін. Ұрлаған дүниесіне қарай, айыппұлмен шектелуі мүмкін. Елімізде «Ұрлық» бабы бойынша тағайындалатын жаза 2 000 АЕК (6,1 млн теңге) көлемінде айыппұлды қарастырады. Сондай-ақ ұрланған тауарларды сатып алғандарға да жаза қарастырылған. Сатып алушы 160-тан 4 000 АЕК-ге дейін (490 080-12,2 млн теңге) айыппұл төлеуге міндеттелуі мүмкін.
ҰЛТ ҮШІН ҮЛКЕН ҚАСІРЕТ
Тарихқа үңілсек, батыр қыздарымыз соғысқа аттанып, жаралы жандарды емдеді. Қару алып, әділдік үшін күресті. Көпбалалы аналар шындық үшін шырылдады. Әлемнің тұтқасын ұстаған аналар үйінің тыныштығын күзетудің орнына ерлермен бірлесіп, көшеге шығуының өзі дұрыс па?!
Қаңтар оқиғасында кейбір қыз-келіншектердің әрекеті ұят деген сөзге лайықты. Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Ыдырысқызы да осыны алға тартып, ананың ұлттық тәрбиеден қол үзуі ұлт үшін үлкен қасірет деп отыр.
«Бұл бір күнде болған жағдай емес. Бұл туралы талай айтылды. 90-жылдары жағдай өзгеріп, ер-азаматтар жұмыссыз қалғанда аналарымыз ала дорба асынып, базарға шықты. Ол қажеттілік еді. Бірақ сол жағдай әйелге ақша табуды үйретті. Қолына ақша тиген аналарымыздың бүгінде бала тәрбиесін ысырып қойған жағдайы бар. Бірақ қандай жағдай болмасын, ана өзінің негізгі миссиясын, яғни дүниеге ұрпақ әкелу және оны тәрбиелеу екенін ешқашан ұмытпауы керек. Тарихта аналарымыз бұдан да қиын жағдайға тап болған. Ұлы Отан соғысында аналарымыздың нені өткергенін бәріміз білеміз. Бірақ ұрлыққа барды деген сөзді естіген емеспіз. Бұл – кешірілмейтін нәрсе. Заңға сәйкес шешілуі керек», – деді Н.Ыдырысқызы.
Мұхтар Әуезовтің «Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза» деген сөзі еске түсіп отыр. Мәдениетті анадан ғана мәдениетті ұрпақ өседі. Ал ұрпақ мәдениетті болса ғана, қоғам саналы болады. Саналы қоғамның – болашағы жарқын.