Әу баста бейбіт шерумен басталған «Қаңтар оқиғасының» соңы қалай аяқталғаны көпшілікке мәлім. Наразы топ қойған нақты экономикалық талаптар бір сәтте саяси сипат алды. Бейбіт митингтің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. «Қаңтар трагедиясының» қайталанбауы үшін билік халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, табысын түзеудің кешенді шараларын қолға алуы керек. Сарапшылардың пікірінше, экономика мен жалпы қоғамға ауыр зардабын тигізген оқиғаның ащы сабағы жаңа саяси-экономикалық реформалар жол ашуға шақырады.
Әуелі – экономика
– Қазіргі сәтте Қазақстан экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін мықты бюджетті қалыптастыру керек. Бізде бюджетке кіріс әкелетін салалардың көшін тау-кен өндірісі мен мұнай өнеркәсібі бастайды. Әлемдік тәжірибеге сай пайдалы қазбаларды өндіретіндерге салынатын салықтың қосымша көлемін есептеу жүйесі пайда болады. Мұнай өнімдерін өндірушілер мен тасымалдаушылардың да табыстары қазына қаржысын толықтыруға жұмсалады. Оған қоса, Қазақстанда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен аймақтардың өндірістік қабілетінде теңсіздік бар. Оны теңестіру үшін бюджетаралық қатынастарды реттеу және өңірлердің қаржылық тәуелсіздігіне қол жеткізу керек. 2021 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығы жергілікті бюджетті толықтырады. 2023 жылдан бастап жергілікті жерлердегі салық түсімін арттыру жоспарланған.Әлеуметтің әлеуеті артса
– Сөз жоқ, соңғы оқиғаларда саяси, діни мотивтер болды. Бірақ ең бастысы – олардың астарында қоғамның әлеуметтік реализмі жатқаны анық. Сондықтан елімізге жаңа әлеуметтік-экономикалық реформалар қажет. Ең әуелі ішкі көші-қонды реттейтін кешенді жобалар түзілгені жөн. Сол арқылы ауыл-аймақ, аудандардың әлеуметтік-экономикалық, транспорттық инфрақұрылымын дамытудың жол картасы жасалуы керек деп ойлаймын. Мұнда өткен жылғы жалпыұлттық халық санағының нәтижелерін ескеру дұрыс болады. Кейін жол картасын іске асыру арқылы ауыл тұрғындары инфрақұрылымдық минимуммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ әрбір ауданның азық-түліктік қауіпсіздігін сақтау шараларына көңіл бөлетін кез келді. Арнаулы мемлекеттік бағдарлама аясында тауарлық қажеттіліктерін өтейтін шағын кәсіпорындарды көптеп ашуға болады. Өңірлердің экономикалық, адами ресурстың кадрлық әлеуеті ескерілуі керек. Мұнан бөлек көпбалалы отбасыларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету, білім беру, маман даярлау істерінің нәтижелілігіне көңіл бөлінуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, елімізде осы сәттен әлеуметтік-экономикалық саладағы түбегейлі өзгеріске нақты қадам жасайтын шақ туды.Сенімді диалог алаңы
– Президент соңғы жағдайларды ескеріп, Үкіметке мейлінше қарапайым қазақстандықтардың әлеуметтік мәселесін шешудің тетігін қарастыруды тапсырды. Өйткені соңғы оқиғалар халық арасында шешімін күткен әлеуметтік мәселелердің көптігін көрсетіп берді. Сонымен, жоғарыда талаптың үдесінен шығуда Үкімет экономиканы әртараптандыру, инфляцияны тізгіндеу сияқты маңызды міндеттерді өз жауапкершілігіне алды. Мұнан бөлек, саяси реформаларды жалғастыру маңызды. Әсіресе, азаматтардың саяси белсенділігі назардан тыс қалмағаны жөн. Сонда ғана билік пен бұқара арасында сенімді диалог орнайды. Ал диалог пен нақты әрекет бар жерде азаматтар өз мәселесін алаңға немесе митингке шығу арқылы шешуге мүдделі болмайды. Бұл іске саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді де белсенді тартуымыз керек. Жалпы, елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық саяси дамуына негіз болатын реформалардың көптеген пакеті қажет. Президент өз сөзінде мұндай пакеттерді осы жылдың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұсынатынын айтты.