Павлодарда қайырымды жандар қатерлі ісікке шалдыққан 3 баласы бар әйелге пәтер сатып алып берді
Павлодарда қайырымды жандар қатерлі ісікке шалдыққан 3 баласы бар әйелге пәтер сатып алып берді
© design-homes.ru
190
оқылды
Жергілікті еріктілер мен қала билігі  қол ұшын созып, екі күннің ішінде пәтерге ақша жинады, – деп хабарлайды Pavlodarnews.kz. Павлодардың 33 жастағы тұрғынына дәрігерлер төртінші сатыдағы  қатерлі ісік диагнозын қойған. Аурудың салдарынан әйелге дәрі-дәрмек алуға қаржы жетпей, пәтер жалдаудан қарызы көбейген, бұған қоса үш баласына киім керек болған. Павлодарлық еріктілер Анастасия Ставковаға қаражат жинай бастады. Әйел 5, 10 және 13 жастағы үш баланы тәрбиелеп отыр, оларға үйдегі шаруашылыққа зейнеткер анасы көмектесетін. Алайда, отбасы жалдамалы пәтерде тұратындықтан, қарызға белшесінен батқан. Еріктілер Анастасияның тұрғын үй кезегінде он жыл тұрғанын айтып, жергілікті биліктен мәселені шешуді сұрады. Қала әкімі Асайын Байханов отбасына пәтер беру заң бойынша мүмкін емес екенін түсіндірді. Алайда, әкімдік шетте қалмайтынын айтып, көмек көрсету үшін демеушілер мен меценаттарды тартты. Тұрғын үй мәселесін шешуге павлодарлықтар  белсенді атысалысты. Ауыр дертке шалдыққан Анастасияға көмек көрсету үшін еріктілер 4 млн теңге жинап,  шағын отбасылық типтегі пәтер сатып алмақ болған. Алайда,  жомарт жандардың саны артып, жиналған қаражат 17 млн теңгеден асты.
- Отбасыға 17,5 млн теңгеге пәтер сатып алуға шешім қабылдадық. Ақшаны алып, нотариусқа құжаттарды ресімдеуге бардық. Бұл еуро жөндеуі бар үш бөлмелі пәтер. Орналасуы ыңғайлы, жақын жерде балалар оқитын мектеп бар, – деді VITA іздеу жасағының жетекшісі.
Павлодарлық ауыр науқастың жағдайын облыстық хоспистің көшпелі қызметі бақылап отыр, себебі Анастасия ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Әйел отбасылық дәрігермен кез келген уақытта телефон арқылы байланыса алады. Аптасына үш рет әлеуметтік қызметкер Анастасияға келіп, үй жұмыстарына көмектеседі. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтініш  жазған. Сондай-ақ құжаттары медициналық-әлеуметтік сараптама қызметіне мүгедектік тобын екіншіден біріншісіне қайта қарау үшін жіберілді. Бұған дейін Павлодар облысында ер адам жүкті әйелін тұншықтырып өлтіріп, жалған оқиға ойлап тапқанын жазған болатынбыз.