Өткен жылдың 21 желтоқсанында Өскемендегі Титан магний комбинаты (ТМК) аумағында түсініксіз қызғылт түтін ауаға тарап, жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызған еді. Шығыс Қазақстан облыстық Экология департаментінің өкілдері осы жағдайға байланысты жүргізілген жоспардан тыс тексерудің қорытындысын жария етті.
«Қызғылт түтін титан тетрахлориді мен ванадий пентаоксидін өндіретін №2 цехтан шыққан. Өлшеу нәтижелері бойынша 21 желтоқсанда сағат 14.15-те Егоров және Шаяхметов көшелерінің бойынан 200 метр қашықтықта хлордың ауаға таралуы шекті нормасынан асып кету фактісі анықталды. Сөйтіп, Экология департаментіне түскен өтініш негізінде 2021 жылдың 21 желтоқсанынан 2022 жылдың 5 қаңтарына дейінгі кезеңге жоспардан тыс тексеру енгізілді. Департамент қызметкерлері өтініште апаттық жағдай орын алуы мүмкін деген мәліметтер көрсетілгенін ескере отырып, оны ШҚО Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментіне жолдады. Олардың 2021 жылғы 29 желтоқсандағы жауабына сәйкес «ТМК» АҚ қатысты апаттық фактілерінің орын алмағандығына және кәсіпорын тарапынан ешқандай ақпараттың болмауына байланысты тексеру іс-шаралары жүргізілген жоқ. Мемлекеттік экологиялық тексеру нәтижелері бойынша 2021 жылдың 21 желтоқсанында «ТМК» АҚ технологиялық жабдықтың 4 фурмасын қысыммен тазалау бойынша жоспарлы профилактикалық жұмыстар жүргізгені анықталды. Алайда, бұл мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы берілген жобалық шешімдерде көрсетілмеген», - деді Шығыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Рауан Тұраров.
Экология департаменті мамандарының айтуынша, кәсіпорынға бір емес, үш айыппұл салынған.
«Ең әуелі өндіріс орны мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысында көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 332-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 510 мың теңге айыппұл салынды. Екінші, әлеуметтік желіге тараған материалда қызғылт түсті газ ауа қоспасының артық мөлшері байқалған. Негізі ауаға шығар алдында тазалаудан, яғни сүзгіден өтуі керек болған. Бірақ, өтпеген. Бұл Экологиялық кодекстің 207 бабындағы талаптарды бұзу болып саналады. Тазарту қағидаларын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 331-бабы бойынша 1 миллион 750 мың теңге айыппұл белгіленді», - дейді облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары.
2 миллион, 371 мың теңге көлеміндегі үшінші айыппұл 2021 жылдың 22 желтоқсанындағы кәсіпорынның негізгі мұржасының №2 цехының №5 газ тазалау құрылғысына қойылған өлшеу нәтижесі бойынша салыныпты. Өлшеу нәтижесі көміртегі оксидінің 8,9, хлорсутегінің 2,1 есеге асып кеткенін көрсетіпті.