Оқиға былтыр мамыр айында Деркул ауылында болған, – деп хабарлады Мой город порталы. БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, хабар жедел жәрдем дәрігерлерінен түскен.
Олардың айтуынша, 6 жасар қыз үйдің ауласында токқа түскен. Алған жарақатының салдарынан бүлдіршін сол мезетте көз жұмған. Сол кезде бұл іс жазатайым оқиға ретінде тіркелген болатын. Алайда Аяның анасы тергеушілердің істі толыққанды тергеп, жауапты адамдарды анықтауды талап етіп отыр. – Екі баламмен анамның үйіне келгенбіз. 6 жасар қызым ауладағы балалармен ойнауға шығып кеткен. Сол жерде газ құбыры бар. Қызым құбырды ұстағаны сол, аяқасты сұлқ құлаған. Оның қасында үлкен ұлым болған. Аяны көтеріп, үйге әкелген сол. Әуелде не болғанын түсінбей қалдық. Тіпті оны ток ұрып, құлатты деген ой келмеді. Есінен таңып қалды деп ойладық. Жедел жәрдем келіп, қызымды бастан-аяқ қарап шықты. Денесінде жарақат та жоқ, соққының ізі де жоқ. Бірақ олар оның неден талып түскенін таппады. Содан медбике ұлымнан Айяның қай жерде құлап түскенін көрсетуін сұрады. Артынан сол жерге барып, құбырды ұстағаны сол, ток ұрып, құлады. Фельдшер алғашқы көмек көрсетіп, массаж жасады. Осыдан кейін қызымның ток ұрып, қаза тапқанын түсіндік. Сөйтіп милицияны шақырды. Бұлай болатынын білмедік. Қызым өлді де кетті, – дейді Әлия Нәубетова. "Қанша уақыт өтті, іс сотқа кетті. Бірақ әлі нақты кінәлілер табылмады. Істің қалай жүріп жатқанын хабарласып сұраудан шаршадым. Құзырлы органдар ғой, тергеуін дұрыс жүргізбей ме?" деген ана баласынан айырылғанына әлі сенбейді. Тіпті, кішкентайдың мәйітін ашып, тексерткенге қарсы болған. Қылмыстық іс қозғалғандықтан, милиция нақты себебін білу үшін сот-медициналық сараптама жасауға көндірген. Нәтижесінде, кішкентайдың ток соққаннан қаза тапқаны расталды. – Іс бойынша қажетті сараптамалар жүргізілді. Нәтижесінде баланың өлімі токтан екені расталды. Бірақ ол жерде газ құбыры тұр. Онда тоқтың қайдан пайда болғаны белгісіз. Қазір біз бірнеше нұсқасын қарастырып жатырмыз. Бәрі тергеу барысында анықталады. Нақты қандай бап бойынша екенін көрсетілмеді, алайда өлім фактісі деп іс тергелуде, – деді БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі. Бастапқыда Айя Жұмалиеваның қайтыс болу фактісі бойынша полицейлер ҚР ҚК 306-бабы "абайсызда адам өліміне әкеп соққан қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету" бойынша сотқа дейінгі тергеуді басталған болатын.