ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРҒА БАРМАҢЫЗ
– Ең бірінші дұрыс тамақтану керек. Күнделікті үш уақыт ауыз бен мұрынды тұзбен шайып, жеке бас гигиенасын сақтаған жөн. Көпшілік орында жұмыс істейтіндер 70 пайыздық антисептикті жиі қолданып, дезинфекция жасауы қажет. «Омикрон» штамы тез жұғатындықтан, қолды сабынмен жуу, маска режимін сақтау да аса маңызды. Коронавирус ең алғаш келген кезде адамдардың барлығы үрейге бой беріп, ауыруға өз-өздерін иландырып алған еді. «Омикроннан» қорқудың қажеті жоқ. Мұның симптомы балаларға ауыр тигенімен, үлкендерде жеңіл өтеді. Бірақ демікпесі, аллергиясы, жүрек аурулары мен жоғары қан қысымы бар адамдарға ауыр соғады. Сондықтан қоғамдық орындар мен жиындарға уақытша бармау керек. Ел арасында тамағы ауырып, жөтеліп жатқандар өте көп. Барлығына «теңсеріліңдер, дәрігерге қаралыңдар» деп айтқанымызбен, халық бәрін бірдей орындамайды. Сол себепті азаматтар жаппай ауырып жатыр. Ауа райының жылы болып, қалың қардың жаумауы да вирустың таралуына жағдай жасап тұр. Мұндай кезде әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қажет. Жылқы, қой, балық сорпасын ішу керек. Газдалған, салқын сусындардан бас тартқан дұрыс. Мыңжылқы БЕРДІҚОЖАЕВ, медицина магистрі:АНТИБИОТИК ІШУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ
– «Омикроннан» сақтану жолдары коронавирустың басқа штамдарына ұқсайды. АҚШ пен Ұлыбританияда медициналық маскалар дұрыс қорғамайды деп, респираторларды пайдалануға көшкен. «Омикронның» белгілері тұмауға ұқсас. Бас ауырады, дене сырқырайды, 1-2 күн температура көтеріледі. Одан кейін симптомдарының бәрі кетіп, шамалы әлсіздік қалуы мүмкін. Вирустан сақтану үшін әлеуметтік арақашықтықты сақтап, үй жағдайында болған дұрыс. Вакцина алған адамдарда «омикрон» жеңіл өтеді. Ауру белгілері білініп, температура көтерілген кезде ең бірінші қызуды түсіру қажет. Мұндай жағдайда адам 10 күндей үй жағдайында оқшаулануы тиіс. Мүмкіндік болса жатып демалған дұрыс. Вирусқа қарсы антибиотиктерді ішудің қажеті жоқ. Жеткілікті мөлшерде сұйық ішкен жөн. Ал ентікпе пайда болып, дем жетпей жатса міндетті түрде 103-ке хабарласу керек. Баян ТҰРДАЛИНА, Астана медицина университетінің доценті:ВАКЦИНА АЛМАЙ, ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСПАЙДЫ
– Коронавирустың қай штамы болса да, алдын алу мен сақтанудың басты қаруы – вакцина алу. Осы вакцинаны қайта-қайта айта бересіздер деуі мүмкін, бүкіл медицина ұжымы оны қайталаудан еш шаршамайды. Өйткені аурудың алдын алудың жолы – ұжымдық иммунитет қалыптастыру, ол үшін вакцина алу керек. Вакцина алғандардың да ауырып жатқаны рас. Яғни, о баста айтылғандай, вакцина аурудан 100 пайыз қорғай алмайды. Дегенмен вакцина алғандар саны артпай, ұжымдық иммунитет қалыптаспай, жаңа штамдар тарала береді. Сол үшін де вирустың алдын алудың басты жолы – тек қана екпе алу. Барлық сақтану жолдары бір – оқшаулану мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау арқылы вирустың таралуын тоқтата аламыз. Сондай-ақ «омикрон» штамының басқалардан көбірек байқалған белгісі – буын, бұлшықет, сүйектердің қақсап ауруы. Яғни, дене қызуы болмауы да мүмкін, бірақ басты симптомдардың бірі ретінде буын, сүйек, дененің қақсап ауруын, айқын әлсіздікті және құрғақ жөтелді ерекше айтуға болады. Үй жағдайында емделгенде ересек адамдар 1,5-2 литр су ішуі керек. Майсыз, қуырылмаған тамақтар мен сорпаларды тұтынған дұрыс. Ал дене қызуы көтерілсе, симптомдарына қарай препараттар қабылдаған жөн.Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН