ЕСЕҢГІРЕТКЕН БАҒАЛАР
Соның кесірінен бюджеттік құрылыс нысандарына ең арзан әрі сапасыз материалдар жұмсалады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлерге қоныстанушылар ең алдымен күрделі жөндеу жасауға мәжбүр. Пәтерлерге жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысатын Иван Якунин бұл үйлер қалай болса солай салынғанын айтады. «Сантехникасы бар, бірақ ең арзаны әрі дұрыс орнатылмаған. Бұл үйлер «Ең бастысы – болса болды» деген қағидатпен салынғандай. Қандай екенінде ешкімнің шаруасы жоқ. Тұратын адам өзі жөндеп алады деп салынған сияқты. Түптеп келгенде, тұрғындарға жөндеу жұмыстарынсыз қоныстану мүмкін емес. Барлығын қайтадан жасайды. Қабырғаларынан колонналар шығып тұрған үйлер де бар. Төбелері, едендері қисық. Жаңа үйлердің сапасы құрылысшылардың жауапкершілігіне байланысты деп ойлаймын», – дейді Иван. Пәтер жөндеушілер де құрылыс материалдары күн санап қымбаттап бара жатқанын айтады. Мәселен, 800 теңгенің профилі қазір 1 200 теңге, қабырға тегістейтін қоспалар 2 300 теңгеден 3 500 теңгеге дейін қымбаттаған. Құрылысшы Иван кеше ғана электр сымының метрін 70 теңгеден сатып алса, бүгін 75 теңге төлеген. Осындай қымбатшылық салдарынан пәтер бағасы да шарықтап барады. Соңғы жарты жылдың ішінде Петропавлдағы пәтерлердің бір шаршы метрі орташа есеппен 330 мыңнан 360 мың теңгеге дейін қымбаттаған. Шаршы метрі 460 мың теңгеге дейін жететін пәтерлер де баршылық. Биыл бағалар тағы 10-15 пайызға өседі деген болжам бар. Жалпы, Петропавл жалақы көрсеткіші жағынан көш соңында болғанымен, баспана бағасы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкенттен кейінгі 3-орында.САПА ЕМЕС, САН ҚУУ
Бағаның қымбаттығы өз алдына, маман тапшылығы – осы саладағы жедел шешуді қажет ететін өзекті мәселе. Солтүстік Қазақстан облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченконың айтуынша, өңір колледждері жыл сайын 200-300 құрылысшы маман даярлайды. Бұл – барлық түлектердің 10 пайызы. Олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші – 70-80 пайыз шамасында. «Құрылысшы мамандығы бойынша колледж бітірген түлектердің барлығы бірдей жұмысқа орналаспайды. Мәселен, былтырғы 239 түлектің төртеуі – жоғары оқу орнына, 15-і басқа колледжерге түсті, 15-і әскер қатарына алынды, үшеуі – бала күтіміне байланысты демалыста, жетеуі – жұмыссыз. Ал құрылысшылар қауымдастығы үнемі маман жетіспейтінін айтады. Бірақ біз колледждерге студенттерді тапсырыс бойынша қабылдаймыз», – деді Владимир Сергеевич. Құрылыс компаниялары басшыларының кәсіптік-техникалық білім сапасына көңілі толып отырғаны шамалы. Колледждер бүгінде мемлекеттік тапсырыс алу үшін сапа емес, сан қуып кеткенін айтады. «Білім сапасын бақылап жатқан ешкім жоқ. Колледждердің басшылары мемлекеттік тапсырыстың қаржысын игеру үшін неғұрлым көп студент қабылдауға жанталасады. Түлектердің бірен-сараны ғана алған мамандығы бойынша жұмыс істейді. Олардан алған білімі бойынша жұмыс істеу талап етілмейді», – дейді Сергей Петрович. Бүгінде қажет кадрларды құрылыс компанияларының өздері даярлауы керек деген пікір бар. Солтүстікқазақстандық ірі компаниялар да осы пікірді қоштап отыр. Солтүстік өңірдегі тағы бір қиындық – жобалаумен айналысатын ұйымдардың аздығы. Облыста мұндай 3-4-ақ ұйым бар екен. «Олар осы нарықты монополияға айналдырып алған. Жобалауға көп уақыт шығындайды. Нәтижесінде, бір-бірінен айнымайтын жобалар дайындалады. Бұлай болмауы керек. Құрылыс саласына көп қаржы бөлініп жатыр, ендеше жобалау компаниялары да көп болуы керек. Қаланың келбетін ойластырып өзгерту қажет. Бұл жұмысқа жаңаша көзқарасы бар, креативті жобалаушылар, сәулетшілер мен инженерлерді тартқан жөн. Жаңадан салынып жатқан шағынаудандарда демалыс орындары қарастырылмаған. Осы қателікті жөндеу қажет», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Осындай қиындықтарға қарамастан, өңірде құрылыс қарқыны бәсеңдемек емес. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, биыл жыл соңына дейін 400 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек.Солтүстік Қазақстан облысы