Ресей әншісі Тиматидің көлігі 10 жылдан бері Қызылжарда тұр – видео
Ресей әншісі Тиматидің көлігі 10 жылдан бері Қызылжарда тұр – видео
Фото: tengrinews.kz
314
оқылды

Қызылжарда айыппұл тұрағындағы көліктер аукционға шығарылады, – деп хабарлайды AstanaTV.

Телеарнаның хабарлауынша, Петропавлда көлік бақылау инспекциясы заң бұзған автокөліктерді қоятын жер таппай отыр. Барының өзінде орын жоқ. Амалы таусылған соң жергілікті атқамінерлермен ортақ келісімге келген. Айыптұрағында тұрған көліктерді аукцион арқылы сатпақ. Қаланың шетінде орналасқан айыппұл тұрағының аумағы жарты гектардан асады. Тұрақта 300-ден астам көлік тұр. Ине шаншар орын қалмаған.
СҚО Көлік бақылау инспекциясының басшысы Руслан Сейталин: «Ұсталған машиналарды біз көп жағдайда бақылап қадағалап қасында тұрамыз. Ол жұмысқа бізге кедергі туғызып отыр. Біздің басқа жұмысымыз бар. Жолдарды қадағалауымыз керек. Ал мынандай кезде біз автокөлікті қадағалап, соны күзетіп тұруға мәжбүр болып отырмыз», – дейді.
Мамандар жылына шамамен 4 мыңнан астам жүк көлігін тексеріп, оның әрбір төртіншісінен заңбұзушылықты анықтайды. Инспекторлар қандай да бір ақауды тапқан кезде көлікті иесі айыппұлды төлегенге дейін арнайы тұраққа апарып қою керек. Алайда, айып тұрағында жүк көлігі түгілі, жеңіл автокөлікке орын жоқ. Тұрақта Ресей әншісі Тиматидің Audi ТТ маркалы көлігі де бар. Оның мұнда тұрғанына да 10 жылдан асты. Ұрланған көлік шекара асып келген. Бірақ ол сатылымға  шықпайды деді. Өйткені аукционға иесі жоқ көліктерді ғана шығарған.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Жанболат Батырбеков: «Айыппұл тұрағында тек иесі жоқ көліктер ғана сатылады. Қазір біз осындай үш көлікті анықтап, онлайн аукционға шығардық. Жақын арада тағы алтауының құжатын әзірлейміз. Жалпы, бұдан бөлек айыппұл тұрағын тағы бір гектарға ұлғайту жоспарда бар», – деді.
Былтыр құқық қорғау органдары Ресейден көліктерді заңсыз тасымалдаған алыпсатардан 60-қа жуық машинаны тәркілеген. Жуырда сол көліктер де аукционға шығарылуы әбден мүмкін. https://youtu.be/k93nsM26kP0