«Анасы тастап кеткен» – Қызылжарда ер адам 44 жасында алғаш рет жеке куәлік алды
«Анасы тастап кеткен» – Қызылжарда ер адам 44 жасында алғаш рет жеке куәлік алды
Фото: lada.kz
186
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында 44 жастағы тұрғынның пробация қызметінің көмегімен алғаш рет жеке куәлікке қолы жетті.

Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, Қызылжар ауданының пробация қызметі волонтерлермен және Қызылжар ауданының көші-қон қызметімен бірге 44 жастағы сотталған ер адамға жеке куәлік рәсімдеуге көмектесті. Ол Ресейде туған. Жасөспірім шағында анасымен бірге Қазақстанға қоныс аударған. Алайда кейін шешесі оны тастап кеткен. Қамқоршысы болмаған соң құжат ала алмаған.

СҚО бойынша ҚАЖД Қызылжар ауданының пробация қызметі бөлімінің инспекторы Талғат Серікұлы: «Сот оны тууы туралы куәлік негізінде соттаған. Одан басқа қолында ешқандай құжаты жоқ. Бізге пробация қызметіне тіркелісімен, оған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсеттік. Көші-қон қызметіне тиісті құжаттарды тапсырдық, олар Ресейге сұрау салды. Растайтын құжаттар келісімен Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жеке куәлігін алдық», – дейді.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда құжатты рәсімдеу үшін құжатсыз жүрген адамды 15 жылдан артық білетін тұрғындар куәлік етуі тиіс.

Бұған дейін Түркістан облысында куәлік алған тұрғын туралы жазған болатынбыз.