Президенттің пәрменінен кейін құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басты мақсаты – халыққа қамқорлық көрсету. Алайда осы игілікті іске құрылған қор жұмысының ашықтығын бақылау мүмкін болмаса, ғұмыры ұзаққа бармай ма деген пікірлер де жиі айтыла бастады. Бүгінге дейін қорға қанша қаржы аударылды? Салынған қаражаттың ашықтығы қамтамасыз етіле ме? Өткен аптада «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев қор қалай жұмыс істейтінін және жиналған қаржы қандай мақсаттарға жұмсалатынын айтқан болатын. Оның айтуынша, қоғамдық қор қаржысы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала, мәдениет және спорт салаларындағы нақты мәселелерді шешуге бағытталады. Екіншіден, төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимін енгізу кезінде зардап шеккен қазақстандықтарға көмек көрсетіледі. Үшіншіден, халықтың әлеуметтік осал топтары және осал топ балаларына спорттық инфрақұрылымның дамуы және қолжетімділігін арттыру бойынша жәрдемдесуге септігін тигізеді. Төртіншіден, мемлекетіміздің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары, арнайы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасыларына және басқа да көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге қор басшысы жыл сайын қорға шамамен 100 миллиард теңге түсетінін тілге тиек етті. Қордың алғашқы шығындары тәртіпсіздіктерде қаза тапқан әскери және полиция қызметкерлерінің отбасыларына төленетін төлемдер болады. Ақшаның бір бөлігі ауру балаларды емдеуге де жұмсалады. Бұдан бөлек, қор құрылтайшысы болып 4 қоғамдық ұйым таңдалған. Олар осыған дейін де мемлекеттік органдармен бірлесіп, денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік салада қайырымдылық шарасымен тұрақты айналысып келеді. Қоғамдық ұйымдар Үкіметтің ұсынысымен таңдалыпты. Оның айтуынша, кез келген қоғамдық ұйым қор қатысушысы бола алады. Басты талап – қайырымдылық саласында тәжірибенің болуы. Сондай-ақ ол қор мемлекет қызметін қайталамауы керек деп отыр. «Біз бюджет орнын алмастыратын ұйым болмауымыз қажет. Әлеуметтік салаға және басқа да мақсаттарға арналған барлық бюджет шығыны толық көлемде бөлінуге тиіс. Біз қандай да бір жеке бастамаларды алмастырмаймыз. Қайырымдылық қорлары арқылы орынды қаржыландырылатын бағдарды табу керек болады», – деді Болат Жәмішев. Оның сөзіне қарағанда, қор елімізде қызмет атқарып жүрген қайырымдылық ұйымдары арқылы жұмыс істейді. Ал азаматтар көмек алу үшін өтініш берушілерден тиісті құжаттарды жинап, тексеретін қайырымдылық ұйымдарына жүгінуі керек. Қазір 140 қайырымдылық ұйымы өтініштерді қабылдайтын, деректердің қайталануына, жоғалуына, тиісті жауап ұсынбастан негізсіз бас тартуға жол бермейтін электронды портал арқылы халықпен өзара әрекеттеседі. Осындай жүйе арқылы қоғамдық қор жұмысы да жариялы түрде жүзеге асуы қажет. Қор басшысы қазір қордың жұмысын ұйымдастыру бойынша әлі де жұмыстар істеліп жатқанын жеткізе келіп, қайырымдылық жасаушылар мен электронды түрде көмекке жүгінгендермен өзара байланыс орнататынын айтты. Бұл үшін арнайы сайт та іске қосылмақ. Ал қорды қаржыландыру жеке көздерден, халықаралық қайырымдылық ұйымдарының қаражатынан, лотерея қызметі операторының, мөлшерлемені есепке алу орталығының және басқа да монополистердің міндетті аударымдарынан, ірі бизнес тарапынан тұрақты аударымдарынан, қайырымдылыққа, оның ішінде квазимемлекеттік секторға арналған қаражаттан жүзеге асырылатын болады.
Қорға қанша қаржы аударылды?
Соңғы мәлімет бойынша, қоғамдық қорға 16 167 қазақстандықтан 29.3 млрд теңге түсті. Оның ішінде 75 заңды тұлғадан және ірі кәсіпкерлерден 19.2 млрд теңге аударылған.Бұдан бөлек қаражатты қарапайым қазақстандықтар да аударған. Кеше Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов қорға аударым жасаған бизнес субъектілеріне жеңілдік берілетінін айтты. Ал қордың қаражатынан көмек алғандардың табысы қайтарымсыз алынған мүлік ретінде қаралады.Қамқоршылық кеңесін қайта қарау керек
Қорға құйылып жатқан осы қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауы тиіс «Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңес құрамына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, азаматтық қоғам өкілдері, меценаттар мен еліміздің беделді оннан аса адамы кірген болатын. Олардың міндетіне қордың негізгі қызметі мен міндеттерін анықтау, бюджетті бекіту, басқа да бақылау және ұйымдастырушылық қызметтерді жүзеге асыру кіреді. [caption id="attachment_180422" align="alignleft" > © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Алайда қоғам арасында кеңес мүшелігіне кіргендерге қатысты сан алуан пікір айтылған болатын. Экономист Айдар Әлібаевтың айтуынша, қор жұмысын бақылау қалай болатыны туралы айқын жүйе жоқ. Ал қордың Қамқоршылық кеңесіне кіргендерге қоғам сенімсіздік танытып жатыр. «Мүшелікке кіргендерге адамдардың сенетіндей себебі жоқ. Мысалы, Аружан Саин, бұрынғы Ішкі істер министріне халық қалай сенеді? Тіпті, қоғам осы уақытқа дейін қаржы жүйесін талай жыл басқарып, немен айналысқаны түсініксіз адамның басшылыққа келуіне күмәнмен қарайды. Қорға түсетін қаржыны кім бақылауында ұстайды? Халық өзі сайламаған адамдарға сенімсіздікпен қарауының өзі қордың қаншалықты бақылауда ұсталатынын байқатады», – дейді Айдар Әлібаев. Әйткенмен қор басшысы кеңес мүшелеріне қатысты сауалға жауап беріп: «Оларды кім сайлады, неге халық талқысына салмады деген секілді әңгімелер бар. Қор Мемлекет басшысының бастамасымен құрылды. Әрине, қорға қаржы аударған қоғамдық ұйым немесе жеке тұлға оның қайда жұмсалып жатқанын білуге құқылы. Жиналған қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысы Үкіметке де әлеуметтік жауапкершілік жүгі артылады. Сондықтан кеңес мүшелерін Үкімет бекітіп, бізге ұсынды. Өз басыма келсем, қор төрағасы ретінде қамқоршылық кеңес құрамында мен де бармын. Маған қор жұмысын ұйымдастыру, жүргізу міндеті жүткелген», – деді Болат Жәмішев. Қор басшысы Болат Жәмішев қор қаржысын бақылау ашық болатынын да айтады. Оның сөзінше «Қазақстан халқына» қорының сайтында жиналған және жұмсалған қаржыға қатысты деректер ашық көрсетіледі. Ал қорға түскен қаржы 7 отандық банкте болады. Яғни, қайырымдылық жасаған адам немесе ұйым қаржыны қай банк арқылы жібереді, ақша сол банкте болады. «Қор ашыла сала алғашқы қаржы Halyk Bank арқылы түсті. Одан кейін kaspi.kz және тағы 5 банкке қайырымдылық қаржысы түсе бастады. Қаржыға біз жауапты болғандықтан, халық сеніміне кірген, несие жүйесі оң жолға қойылған банктер таңдалды. Одан әрі отандық ірі кәсіпорындармен тікелей жұмыс істейтін боламыз. Ал орта және шағын кәсіпорындармен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы меморандум жасаймыз», – дейді Болат Жәмішев.Жариялылық қажет
Сенатор Нұрлан Бекназаров қор елдегі әлеуметтік мәселені шешіп тастамайтынын айтады. Бірақ қор қаржысы уақыт күттірмей тез шешім қабылдайтын қиын сәтте қажетке жаратылуы тиіс. Қаржының тиімді жұмсалуы үшін ашықтық қажет. «Талап арыздың қаралу механизмін жүйелеу керек. Әрбір бөлінген қаражат БАҚ арқылы жариялы түрде көрсетілгені жөн. Көмекке мұқтаж адамдарды да анықтау ашық түрде жүргізілуі керек. Ол үшін қордың аймақтардағы сенімді өкілдері тағайындалып, солар арқылы көмек алып отырған адамдардың көмекке мұқтаж екенін ашық түрде тексеріп отырғаны көкейге қонымды», – дейді депутат. Кеше отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізген Президент бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұрғанын атап кетті. Сондықтан таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтаған жөн екенін жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, азғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірді. Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сонымен бірге Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қоры формализмнен алшақ болу керектігін, оның жұмысы ұзаққа созылатын бюрократиялық процедурасыз болуы тиіс екенін қадап айтты. Бұған дейін елімізде бірнеше қайырымдылық қорлары құрылды. Алайда қайырымдылық атын жамылған қорлардың қаржысы жеке қалталарға өтіп кеткенін де білеміз. Сондықтан қайырымдылық қорлары мен ұйымдарының жұмысын қадағалап, ашықтығын қамтамасыз ететін арнайы мекеме керек те шығар.