«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының ғимаратында аудандық, қалалық филиал төрағаларының бірінші орынбасарларымен мәжіліс өтті. Оған облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев төрағалық етті. Күн тәртібінде 2021 жылғы атқарылған жұмыстарды зерделеу, биылғы жоспарларды айқындау мен партияның ішкі жұмыстары қаралды. Облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Дәулетұлы партияның атқаруға міндетті барлық бағыттарына жекелей тоқталды. Облыстық және аумақтық филиалдарының жұмыстарындағы оң нәтижелермен бөлісіп, сын-ескертпелер айтты. «2021 жыл қорытындысы бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 22,6 мың адам жүгінген. Оларды қарау нәтижелері бойынша 15,8 мың мәселе оңтайлы шешіліп, 6,6 мың өтініш қаралып жатыр. Былтыр жалпы саны 3 095 қоғамдық қабылдау өткізілген. Депутаттар, әкімдер мен әкім орынбасарлары, мемлекеттік орган басшылары, тіпті заңгерлер, адвокаттар мен медиатор қызметкерлері партияның облыстық, аумақтық филиалдарында және ауылды жерлерде жеке, көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізіп, тұрғындармен жүзбе-жүз кездесті. Әрбір арыз-өтініш назардан тыс қалмады. Яғни азаматтармен жұмыс жүргізуде айтарлықтай жетістіктер бар. Осы бағыттағы жұмыстарды тағы да жетілдіруді тапсырамын» – деді Б.Тәжібаев. Сондай-ақ «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Қамқорлық» және «Ұлттық мұра» партиялық жобаларына да тоқталды. 2020 жылдан бастап «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша 2 жылда 2 679 адамға көмек көрсетілді. Оның ішінде тұрмысы төмен 66 азаматқа тұрғын үй берілсе, 90 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 230 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. 2 293 азаматқа азық-түлік, киім-кешек үлестіру секілді материалдық көмек көрсетілген. Филиал төрағасының бірінші орынбасары Түркістан облысы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі мониторинг жұмыстарын да тарқатып айтты. Орындалмау қаупі бар жобаларға тоқталды. «Былтырғы жыл қорытындысы бойынша сайлауалды бағдарламадағы 1 595 іс-шараның 91,7%-ы іске асты, 6%-ы орындалу үстінде. Ал 421 іс-шараның басталу мерзімі бар. Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мен ел экономикасын дамыту бағытында бағдарлама барлық саланы қамтитыны белгілі. Нақты іс-шаралар жоспарын қамтитын Жол картасы бар. Енді жұмыла кірісіп, оң нәтижелерді көрсету керек. Маңызды жобаларды қаржыландыруды мәслихат депутаттарымен, жергілікті әкімдікпен қоян-қолтық араласып, орындату қажет», – деді Б.Дәулетұлы. Сондай-ақ бөлім басшылары Нұрлан Мейірқұлов пен Бекзат Біләловтің хабарламалары тыңдалды. Олар 2021 жылда атқарылған жұмыстарға жүргізген талдауларын баяндап, 2022 жылға қойылатын талаптарды айтты. Партия атынан ұсынылған облыстық, аудандық мәслихат депутаттарының рейтинг жүйесі қалыптасып, бүгінде жүйелі жұмыс істеп тұр. 6 ай сайын депутаттардың атқарған жұмыстары зерделенетін болады. Алғашқы нәтижелер ақпан айында жарияланады.