Еліміздің ішкі істер органдары қаңтардың басында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде жоғалған, ұрланған қаруларды іздеп жатыр. Бұған қоса ел ішінде бұрыннан заңсыз сақталған қарулар да полиция қолына өтпек. Таяуда Жамбыл облысында екі азаматтан заңсыз қару табылды. Рейд кезінде Досбол ауылының 43 жастағы тұрғынынан тіркелмеген 12 калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 10 оқ-дәрі, 5 гильза және 4 қолдан жасалған пышақ шыққан. Сондай-ақ 24 жастағы осы ауылдың тұрғыны да аңшы мылтығын заңсыз сақтапты. Енді оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Мұнымен қоймай Тараз қаласында арықтың ішінен иесіз қару-жарақ табылған. Қапқа оралған құралдардың арасында тегіс саңылаулы «Эскорт» атыс қаруы шыққан. Аталған қаруға арнайы сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Ал Қызылорда полицейлері жергілікті тұрғынның үйінен әскерилерге тиесілі қаруды тапты. Азамат АК-74 пен БП-25 қаруын 5 қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздік кезінде тауып алғанын айтқан. Қазір Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Полицейлер бұл тұста қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орны туралы хабарлаған немесе оларды полицияға өз еркімен тапсырған адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын ескертіп отыр.