Отандық ірі бизнес өкілдерімен жеке жүздескен Президент Қ.Тоқаев «жаңа Қазақстанда» бизнес үшін жаңа ойын ережелері қандай болатынын нақты айтып берді. Қазақстан байлығының жартысы небәрі 162 адамның қолында шоғырланған. Мұндай тәжірибеге жаңарған Қазақ елінде жол жоқ: ұлттық табыстың әділ бөлінуіне баса мән беріледі. Алайда жаппай «кәмпескелеу» науқаны да жүзеге асырылмайды. Осы орайда біз сарапшылардан бизнеске жолданған «месседждердің» мәнісі, жаңа Қазақстанның даму барысы туралы ойын білдік.
Тонау тонауға ұласпайды
Саяси ғылымдардың докторы Ермұхамет Ертісбаев ресейлік «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбатында дәл Кеңес кезіндегідей «экспроприаторларды экспроприациялау», яғни қанаушыларды қанау науқаны болмайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, «Қ.Тоқаев олигархтарға тек шетелге әкеткен қаражаттарын елге әкеліп, халықтың игілігіне, қазақстандық экономиканың дамуына жұмсауды жүктеді». Өйткені бұған дейінгі жылдары жүргізілген қаржы мен мүлік рақымшылығы тек заңсыз табылған қаражатты заңдастыруға ғана қызмет етті, капитал сол бойы елге қайтпады.
Экономист Олжас Сейіловтің ойы да осы арнада тоғысады.
«Президент кездесуде ұлттық буржуазияға қандай месседж берді дегенге келсек, бір жағынан оларға жауапкершілік арқалатты: Қазақстанда байлыққа кенелген екенсің және ары қарай ақша-ауқат жинауға ниеттісің, онда капиталды шетелге әкетпе, Қазақстанда жұмса, жат елдің емес, Отанның өркендеуіне үлес қос. Екінші жағынан, кейбір саясаткерсымақтар, белсенділер Тоқаевты олигархтар иелігіндегі бар мүлікті тартып алып, стратегиялық маңызды нысандарды, ірі кәсіпорындарды, жүйеқұраушы банктерді, кен орындарын национализациялауға итермелегендей болды. Бірақ Мемлекет басшысы ондай жауапсыз қадамға бармады», – дейді сарапшы.
Оның мәліметінше, «Қасіретті қаңтар» оқиғалары басталысымен қазақстандық индекстер құлдырауда, биржалардағы отандық компаниялардың құнды қағаздары күрт құнсызданды (-20%-ға дейін). Бұл елден инвесторлар кетіп жатқанын білдіреді. Ал Тоқаев жариялаған «жаңа экономикалық бағыттың екінші бөлігі – инвестициялық климат».
Өткен ХХ ғасырдың басында большевиктер «жаңа Қазақстанды» тұрғызуды (патшалық колониядан ҚазАКСР-ін жасауды) неден бастағаны белгілі: қазақтың бизнесмендерін, яғни байларды жаппай қудалады, дүние-мүлкін тартып алды. Елден британдық, америкалық және басқа инвесторлар кетті. Қазақстан ғасыр ортасына дейін еңсе тіктей алмай қалды. Егер Қасым-Жомарт Кемелұлы бизнеспен кездесуінде национализациялау үрдісі басталатынын жариялағанда мемлекетіміз бірнеше жыл артқа шегінетін еді. Ондай жағдайда заңның үстемдігі, жекеменшік мүліктің қол сұғылмаушылығы секілді өркениетті мемлекеттің құндылықтары деградацияға ұшырайды.
Алматыдағы тұрмыстық деңгейдегі ұрлық бизнестің, шетелдік инвесторлардың үрейін ұшырды. Ал мемлекеттің әкімшілік аппаратын қолданып, тұтас кәсіпорындарды тартып алу – жылдар бойы жасалған инвестициялық архитектураның күл-талқанын шығаруы мүмкін. Республика барлық халықаралық рейтингілерін жоғалтуы ықтимал еді. Оның үстіне ірі компаниялардың иесі олигархтар болғанымен, қожайындар құрамында шетелдік акционерлер, миноритарийлер кіреді. Олар Қазақстанды жаппай сотқа беріп, халықаралық арбитраждарға сүйреуі мүмкін. Онда мемлекет бедел-имиджден жұрдай болады.
Әрине, компаниялардың белгілі бір үлесі үшін нарықтық құнын төлеп, «ұлттандыру» тәсілі де бар, бірақ оның шығыны сол кәсіпорындардың 5-10 жылдық табысына теңелуі мүмкін. Сонша бос қаражат бюджетте жоқ, ол үшін Ұлттық қорды тауысу – тиімсіз әрі қауіпті.
Сондықтан Қ.Тоқаев тұрмыстық тонаудан кейінгі мемлекеттік тонау болмайтынын анық аңғартты. Ол кездесуде «жаңа реформалар тартып алуды және қайта бөлуді көздемейтінін» бірнеше қайталап айтты. Президент «бұл ақымақтық және жауапсыздық болар еді» деді және мұндай популистік залалды қадамнан бас тартты. Тоқаевтың «жаңа Қазақстаны» большевиктердің «жаңа Қазақстанына» ұқсамайды.
Жалпы, қолымызда бар дерек бойынша, «2022 жылғы 21 қаңтардағы ҚР Президентінің төрағалығымен өткен отандық ірі бизнес өкілдерімен кеңеске қатысушылар тізіміне» жалпы саны 75 тұлға кірді. Дегенмен кейбір мәлімет бойынша жабық жиынға Тимур Құлыбаев, Болат Өтемұратов секілді тізім сыртында шақырылғандар да қатысқан деседі.
Бір анығы, ірі бизнес өкілдері Мемлекет басшысының оларға нені жеткізбек болғанын, нені талап ететінін түсініп шықты. БАҚ-қа сұхбатта қатысушылар соны мойындап жатты. Дегенмен басты міндет-мақсаттар ұғынықты болғанымен, оларды іске асыру тетіктері түсініксіздеу көрінеді. Мысалы, шақырылғандардың бірі Kusto Group директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев бизнестің жаңа өзгерістерге қатысуының жөн-жосығы нақты көрсетілсе дейді.
«Президенттің кездесудегі сөзі тұтас бағдарлама деуге тұрарлық. Онда бұрын айтылмай келген біраз мәселе көтерілді, өзгерістер бағдары айқындалды. Енді билік реформаларды жүзеге асыру кезеңдерін нақтыласа дейміз. Мысалы, бизнестен жаңа экономикалық күн тәртібін қалыптастыруға қатысу сұралды. Қалай қатысамыз? Қатыссақ, стратегиялық, әлде тактикалық мәселелерді айқындаймыз ба? Бір тілек айтар едім: өз шешімдерімізді ұсынып, оны өмірде жүзеге асыра алу үшін ұлттық бизнеске Президентпен, Үкіметпен тұрақты, делдалсыз, тікелей байланысу мүмкіндігі берілсе, жақсы болар еді», – деді ол.
Әйтпесе, ұлттық буржуазия төл жобаларымен министрге, әкімге кіреді, болмаса хат жолдайды, онысы бюрократия батпағына батып кетеді немесе мемлекет мүддесін емес, өз пиғылын ілгерілетуді ойлайтын шенеуніктер еш қызығушылық танытпайды, сырғытпа жауап береді.
Инвестор, 100-ден аса компанияның акционері, белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсембай кездесуге қатыспаса да, өз ойын ортаға салды.
«Әрине, барлық бастама жақсы, кемшін тұстары да жоқ емес. Көптеген тапсырманы іске асыру механизмі түсініксіз. Мысалы, аса ірі бизнесмендер өз табысының белгілі бір пайызын «Қазақстан халқына» қорына қалай аударады? Қанша пайызын? Қандай жиілікпен? Оның негіздемесі қандай? Меніңше, бұл схеманы айналып өту, басқаша талдау, ақырында тіпті одан қашып құтылу оп-оңай», – деді ол.
Мемлекет басшысының тағы бір «месседжі» – елде мемлекеттік монополия да, жекеменшік олигополия да болмауы тиіс. Алпауыттың қай түрі де ел мен нарыққа зиян.
Экономистердің айтуынша, егер мемлекет салаларды олигополиядан тазартып, олардың дүние-мүлкін мемлекеттік компанияларға берсе, онда Үкіметтің алдынан қиын таңдау шығады: не бүйірі ортайып жатқан бюджетті толтыру үшін мемлекеттік және ұлттық компаниялардың тапқан-таянғанын тегіс алып қояды немесе оларды ұстап тұру, дамыту үшін табысының үлкен бөлігін өзіне қалдырады. Кеңес Одағы да, тәуелсіз Қазақстан да соңғы жолды ұстанып келді. Салдарынан квазимемлекеттік сектордан бюджетке қомақты пайда түспеді, олардың шығыны артты. Ал әлемдегі ең мұнайға бай ел Венесуэла бірінші жолға түсіп, ұлттық компанияларының тапқанын тақұл-тұқыл алып қоюмен әуестенді. Салдарынан мемкәсіпорындар инвестиция мен капитал тапшылығына ұшырап, штаттарын қысқартуға мәжбүр болды. Кейінгі 12 жылда мұнай өндірісі – 2 есе, ал мемсектордағы жалпы өндіріс 3 есе құлдыраған. Нәтижесінде, 2021 жылы Венесуэлада гиперинфляция 686,4% болды. Халқы ары қарай қайыршыланып, шетелге босуда.
Бұл екі жол да тұйыққа тірейді. Сондықтан Президент мемлекеттік активтердің жекешелендірілуі жалғасатынын, жаңа экономиканың тағы бір ұстыны – шынайы бәсеке болатынын нықтады. Олигополия жойылады, мемлекет те экономикаға үстемдік етуін қояды. Динозаврлар дәуірі аяқталуы шарт: жаңа экономика терезесі тең бәсекелесіп, тиімді жұмыс істейтін, озық өнім беретін орта бизнестің кең өрісіне, байтақ жайлауына айналады. Озық дамыған елдердің тәжірибесі – осы.