Соңғы 5 жылда Қазақстаннан кететіндер саны күрт көбейіп, келетіндер азайған. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде тағы 64 мыңнан аса адам елді тастап, кете барды. Әдетте қазақтар әлем елдерін бағындыруда, беделді компанияларда жұмыс істеп жүр деп мақтанамыз, ал олардың Қазақстанға қайтып келгісі келе ме? Әрине, кім қайда кетсе де, тосқауыл болуға, жазғыруға да хақымыз жоқ. Дегенмен Үкімет нені түзетуі керек? «Оралғым келмейді» дейтіндердің базынасы бар ма?
КЕТКЕНДЕР ҚАЙТА КЕЛЕ МЕ?
Елімізден жыл сайын кемінде 15 мың адам қол бұлғап кете барады. Мәселен, ресми деректерге сүйенсек, 2021 жылдың 9 айында Қазақстаннан 25 322 адам көшіп кеткенін көрсетеді. Елімізден халық неге сонша қаша бастады дейсіз ғой...
Туған жерінде білімі мен тәжірибесін кәдеге жаратқысы келеді, бірақ Қазақстанда ондай мүмкіндік бар ма? «Мәселе – жалақының аздығында, кәсіби тұрғыдан өсіретін, білім-тәжірибе беретін жұмыс орындарының жоқтығында» деп отыр Ванкуверде Arista Networks IT компаниясында жұмыс істейтін 33 жастағы Ғани Тасполатов.
«Кету себебім – алған білімімді қолдану. Екіншіден, жұмыс көп. Нәтижеге жұмыс істесең, ешбір аға-көкесіз көтерілуге болады. Үшінші, табыс, әрине. Үлкен компанияда жұмыс істеген ұнайды, адамзаттың игілігіне өз үлесімді қосқым келеді. Үйді, ата-анамызды сағынамыз. Өзім 30 елде болдым, ешқайсысы мінсіз емес. Бірақ Қазақстанда 6 жыл IT саласында жұмыс істедім. Бірқатар жоба болды, бірақ күннен-күнге шыңдай түсетін бірде-бір жұмыс болмады. Көп жерде бизнес, оңай пайда. Алыпсатумен ғана айналысады», – дейді ол.
Шымкент қаласының тумасы Ғани 2008-2012 жылдары «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та 4 жыл білім алған. Оқуын бітірген соң Қазақстанға келіп, жұмыс істепті. Бірақ шетелге барып оқыған студенттердің бәрі дерлік Қазақстанға қайта оралғысы келе бермейтінін ескерсек, Ғани да 2018 жылы жақсы өмір іздеп, отбасын алып, елден көшіп кеткен.
«Қазақстанда қызметте тамыр-таныстық жүретіні жасырын емес. Меніңше, халықтың Қазақстаннан көшіп кетуіне басқа елдегі өмірдің сапасы мен ол жақтағы жұмысының бағалануы себеп. Шетелде әлеуметтік қолдау жағы жақсы, өсуге болады, тұрақтылық бар. Шетелде сұранысқа ие болатын кей мамандардың Қазақстанда жұмыссыз қалып немесе аз жалақыға күнелтіп жүргені рас. 1 ұл, 1 қызым бар. Ұлым Ванкуверде 1-сыныпта оқиды. Қазақстанға қашан келетінімді айта алмаймын», – деді Ғ.Тасполатов.
Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметі бойынша, елден біржолата кетіп жатқан әрбір үшінші адам этникалық қазақтар екен. Эмигранттардың төрттен бірі – 15-тен 28 жасқа дейінгі азаматтар. Және елден кетіп жатқандардың 77 пайызы жоғары білімді. Мәселен, шетел асқандардың 4 144-і техника, 2025-і экономика, 1 260-ы педагогика мамандығын оқығандар. Сонымен қатар 699 дәрігер басқа елде өмір сүруді таңдапты. Тағы 4 000 әртүрлі мамандық иесі де нәпақасын шетелден табуды қалаған.
Сонымен, олар неге шетелге кетті? Неге елге келмей жүр? Жалақысының мардымсыздығы, біліміне сай жұмыстың табылмауы, ең өзектісі – баспана мәселесі отандастарымыздың «жайлы өмір» іздеп, шетел асуына «септігін» тигізіп отыр. Білімімді жетілдіремін дегендер білім, технология саласында қай елдің бәсі жоғары екенін біледі. Сапалы білім жақсы өмірге жолдама екенін бәрі сезеді. Ал одан өзгесі жоғарыда аталған проблемаларға шыдамағаннан шетел асуға мәжбүр. Қара жұмыс істесе де, біршама жақсы жалақы алып, еркін өмір сүруге бейімделіп қалғандары да жетерлік. Тіпті, кейбірі білім алып не еңбектеніп жүрген елдерінде біржола қалудың қамында жүр.
Екінші, олар өз білімін жоғары баға бере алатын нарықта саудалағысы келеді. Шетел асқандардың әңгімелерінен ұққанымыз, олардың Қазақстанға қол бұлғауының себебі қаржылық мәселелерді шешу ғана емес. Олар саяси еркіндікті, өркениетті қоғамды қалайды. Яғни, теңдік орнаған, әлеуметтік сатысы жақсы жұмыс істейтін меритократиялық қоғамда өмір сүргісі келеді. Жағымпаздық, таныс-тамырлық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа төзгісі келмейді.
Қорытындысында бір жерде ұзақ тұрақтаған адам сол жердің адамына айналады. Пікірлескен азаматтар 2-3 жылда сол жерге әбден үйреніп кеттік деп отыр. Олар «түбінде оралармыз, бірақ қашан екенін білмейміз» дейді. Қазақстанға қайтып келгеннің өзінде үйренген жеріне аяғы тартып тұратыны анық. «Ел басына күн туса, ер етіктен су кешер» дейді халқымыз. Осындайда тек елімізде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнағанда емес, қиын-қыстау кезеңде «халқыммен біргемін» деген шетелді бағындырған режиссер Айсұлтан Сеитовтің әлеуметтік желідегі жазбасы еске түседі. Себебі жырақта жүрген баласының «елге ораламын» деген бірауыз сөзінің өзі көңілі күпті халыққа медеу болғаны рас.