Ресей компанияларының ықпалы артты
Ресей компанияларының ықпалы артты
© коллаж: Елдар Қаба
185
оқылды
Осы күні Қазақстанда шамамен 7,8 мың ресейлік компания жұмыс істеп жатыр. Отандық экономикада ре­сейлік компаниялардың үлесі әб­ден еселенді. Яғни, елдің экономи­калық тіршілігіне ықпал жасайтын маңызды тетіктерді тапты. Олардың жұмысын шек­тегенді қалайтын ниет жоқ, де­генмен әр саладағы отандық ком­паниялар тұншығып, сырттан кел­гендер монополист дәрежесіне жеткендей көрінеді. Ал өз мүддемізді қорғайтын қазақстандық компа­ниялар неге өзгелермен бәсекелес бола алмай жатыр?

Шетелдік банктер иелігінде жеріміз кетпесін

Еліміздегі екінші деңгейлі банктердің қатарында Ресейдің Сбербанкі барын білеміз. Ықпалы артқаны сонша, активтері мен депозит мөлшері бойынша Халық банктен басқасының бәрін ығыс­тырды. 2021 жылғы елдегі банктердің рей­тингі бойынша екінші орынға тұрақ­тады. Активтерінің мөлшері 3166,8 мил­лиард теңгеге, депозит сомасы 2151,2 мил­лиард теңгеге жеткен. 2021 жылдың тоғыз айында теңгерім валютасының ең үлкен өсімі де Сбербанкте болды – 27 пайызға өсіп, 865 млрд теңгеге жуықтады. Халық банктің өзі артта қалды. Ал шетелдік банктерден қандай қауіп бар дерсіз. Жер дауына дейін елімізде түрлі жолмен ірі көлемдегі жерлерді ұзақ мер­зімге жалға алғандардың көп екені анық­талды. Көбі жерді екінші деңгейдегі банк­терге кепілдікке қойып, қыруар қар­жы не­сиеге алып, бірақ қайтара алмаған. Кепілге қойған жерлер банктердің иелігіне өтіп кеткен. Мәселен, 2016 жылы Алматы облысы Райымбек ауданының біршама жері Эксимбанктің иелігінде екенін біл­ген­де жаға ұстағанбыз. Кейін ол жерлерді не мемлекет өзіне қайтара алмай, не ха­лыққа бере алмай арпалысты. Республика бойынша ондай оқиғалар аз емес. Ал коммерциялық банктерді шетелдіктердің сатып алуына немесе банктің өз мүлкін еркін сатуына ешқандай тосқауыл жоқ. Банктер кепілге қойылған мүлікті несие қайтарылмаса, сот шешімінсіз-ақ сатуға шығаруға мүмкіндігі бар. Біз айтып отырған Сбербанкте қандай меншіктер кепілде барын да тексеріп жатқан құзырлы орган жоқ. Міне, шетелдік компанияларға қатысты мұндай мәселелер жетерлік. Экономист Бауыржан Ысқақов пробле­маны отандық компанияларға қолайлы жағдай жасап қана шеше алатынымызды айтады. – Сбербанкті алсақ та немесе «Яндекс.Такси» секілді қызмет көрсетуші, мұнай-газ саласындағы көптеген компанияны қарасақ та, құрылтайшылары, заңды мекенжайлары өзге мемлекеттерге тиесілі. Бұлардың экономикалық зиянын айтар болсақ, ең әуелі олар нарықтағы қазақ­стандық ойыншыларды тұншықтырып тастайды. Екіншіден, ауқымының көп­тігіне, қаржылық қарқынының еселеп артуына, белгілі бір саланы жаулап алуына байланысты оларды монополистер деп атауға болады. Қаржының көзі шетелдік компанияларға кетіп жатыр. Яғни, ха­лықтың табысы сыртқа ағылады. Бізге бұл тұста мемлекеттік саясат құрған жөн. Сыртқы үлкен бәселекестерге тойтарыс бере алатындай отандық компанияларды қолдаған жөн. Демек, «Сбербанк секілді неге отандық қаржы институттары неге бол­мауы керек?» деген сауалға жауап берген абзал. Әрине, біз олардың қызметін шектей алмаймыз. Өйткені Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшеміз. Бір-ақ жол – Қа­зақстанның мүддесін қорғайтын отандық кәсіпорындарды дамыту. Мысалы, біздің кәсіпорындар көрші Ресейге, Украинаға барған кезде бәсекеге төзе алмай, тауы шағылып, қайтып келеді. Неге? Себебі ол мемлекеттер отандық компанияларға қолайлы жағдай жасап берген. Инвести­циялық баланс – шектеу жасау емес. Бәсекеде өз мүддеңді жібермеу, – дейді ол.

 «Яндекс.Такси» саланы жаулап алды

Таксидің құны шарықтап тұрғаны жайлы жұрттан жиі естиміз. Бағаның жыл сайын құбылып жатқаны шын. Ал саланы жаулап алған «Яндекс.Такси» бағаны қалағанынша белгілейді. Оған бәсекелес жоқ, нарықта санаулы компания бар. Таяуда антимонополистер «Яндекске» тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. Себебі компания жолаушылардан негізсіз қосымша ақы алуды бастаған. Мәселен, үнемді тариф сегменті үшін қосымша – 350 теңге, қалада жүрген әр шақырымға – 50 теңге, ақылы күткені минутына 20 теңге алатын болған. Оған қоса, «Яндекс» ірі қалаларда күн құбылып, көлік кептелісі бола қалса, жол ақысын үстемелейтінді шығарды. Бағасы арзандау басқа такси қызметі жоқ болған соң уақыты тығыз адам амалсыз жалдайды. Ал Қазақстан такси қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов сөзімізбен келіспейтін сияқты. – Елдің 90 пайызы мобильді қосымша арқылы такси қызметін пайдаланады. Көліктің бағасы 15 пайызға қымбаттады. Жанармай қымбаттауы да баға өсуіне себеп болып отыр. Бәсекелестік болмауы да әсер етеді. Мобильді қосымшаға тіркелгендердің сұранысы артады, оның үстіне кептеліс бар. Осы факторларға байланысты құн есептеледі, – дейді ол. Саланы бақылауға алу қажет екені жылдар бойы айтылып келді. Қазір елде ресейлік технологиялық алпауытпен бәсекелесе алмайтын бірнеше компания бар. Бұрынғы диспетчерлік қызметтер жоқтың қасы. «Таксопарктер қазір Yandex, Uber немесе Didi секілді агрегаторлармен серіктестікте. Нарық өзін-өзі қалып­тас­тырады. Бұған мемлекеттік органдардың араласуы жөн емес», – дейді Құрманов. 2014 жылы taxi.kz атты мобильді қо­сымша болған. Сол жылы нарыққа inDriver келді. 2015-2016 жылдары ресей­лік «Яндекс» пен Uber нарыққа кіріп, өзге компаниялар бәсекелесе алмады. Ал өткен қыста Didi келіп, нарыққа кіруге ұмтылды. Сала мамандары бұл тарифтерге де әсер еткенін, компаниялардан бұрын жүргізу­шілер мен жолаушылар осы бәсекеде пайда тапқанын айтады. Дегенмен сала­дағы мамандар шындықты айтып отыр деуге болмас. Қазір жергілікті компаниялар жойылып, шетелдік платформалар на­рықты басып алды. Олармен кіші такс­о­парк­тер бәсекелесе алмайды. Мына қы­зықты қараңыз, Тұтынушылар бағасының дүниежүзілік дерекқоры мәліметіне сәй­кес, Қазақстан бүгінде ТМД елдеріндегі такси қызметтерінің ең жоғары тарифтері бойынша алғашқы үштікке кіреді. Демек, баға қымбат. «Яндекс» секілді алпауыттар пайдаға кенелді.

Жанармай құю стансалары өзгенің қолында

Экономикада белгілі бір елдің саяси және экономикалық тіршілігіне ықпал жасайтын маңызды тетік ретінде мұнай, газды басқару қаралады. Елімізде жұ­мы­сына әбден қан жүгірген «Газпромнефть» атты ресейлік алпауыт бар. Қызметінің негізгі бағыттары – көмірсутегі кен орын­дарын барлау, мұнай мен газды өндіру және сату, сондай-ақ мұнай өнімдерін өндіру және өткізу. Бұл компанияда белгілі бір дәрежеде монополист деңгейіне жетіп қалған. Мәселен, «Газпромнефть» еліміз­дегі жанармай құю стансалары желісін басқарады. Компания сайтындағы ақпа­ратқа қарасақ, республикада «Газпром нефти» ЖҚС желісі Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Түркістан, Сарыағаш, Кентау, Қарағанды, Теміртау, Павлодар, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында 70-тен астам стан­садан тұрады екен. Компания Омбы мұнай өңдеу зауытынан Қазақстанға мұнай өнімдерін жеткізуді де жүзеге асырады. Әдетте шетелдік монополистер азаттық алған елдердің экономикасының ең та­бысты салаларын, кен шығару, мұнай өңдеу сияқты өндірісін иеленуге тыры­сады. Бұл да соның бір дәлелі.

Жол нұсқап та, ақша табады

Елімізде шетелдік 2ГИС компаниясы да жұмыс істейді. Қолында смартфоны бар екі адамның бірі осы бағдарламаны жүктеп, қолданады. Қысқаша айтқанда, жол көрсетіп, пайда табады. Бұл компания көбіне бағдарламасына жарнама орналас­тыру арқылы ақша табады. Пайдалану­шылар аудиториясы мол. Компания жар­нама беріп, ісін дөңгелетудің таптырмас жолын дөп басқан. Мысалы, бағдарламаға кіріп, бір мейрамхананы іздесеңіз, сізге оның мекенжайы мен қоса әлеуметтік желідегі парақшаларын, нөмірін, тіпті, орташа есеппен қанша ақшаға шығын­далуыңыз мүмкін екенін де көрсетеді. Ал бұл ақпаратты бағдарлама ұсынғаны үшін мейрамхана иелері компанияға ақша төлейді. Бірақ компания еш жерде табысы жайлы деректермен бөліспеген. Әйтеуір, жыл сайын жарнама берушілердің үлесі 30-40 пайызға артып отырғаны айтылады.

P.S.

Біз бұл мақалада еліміздің экономика­сын­да ықпалы артып, кей саланы жаулап алған ресейлік компаниялар жайлы сөз еттік. Әрине, мемлекет оларға тыйым салуға хақылы емес. Дегенмен бұл отандық ком­па­ния­лардың бәсекеге төзбей, құлдырап бара жат­қанын аңғартатындай. Бұлай жалғаса берсе, елдің ақшасы өзге елге ағыла бермек.