Осы күні Қазақстанда шамамен 7,8 мың ресейлік компания жұмыс істеп жатыр. Отандық экономикада ресейлік компаниялардың үлесі әбден еселенді. Яғни, елдің экономикалық тіршілігіне ықпал жасайтын маңызды тетіктерді тапты. Олардың жұмысын шектегенді қалайтын ниет жоқ, дегенмен әр саладағы отандық компаниялар тұншығып, сырттан келгендер монополист дәрежесіне жеткендей көрінеді. Ал өз мүддемізді қорғайтын қазақстандық компаниялар неге өзгелермен бәсекелес бола алмай жатыр?
Шетелдік банктер иелігінде жеріміз кетпесін
Еліміздегі екінші деңгейлі банктердің қатарында Ресейдің Сбербанкі барын білеміз. Ықпалы артқаны сонша, активтері мен депозит мөлшері бойынша Халық банктен басқасының бәрін ығыстырды. 2021 жылғы елдегі банктердің рейтингі бойынша екінші орынға тұрақтады. Активтерінің мөлшері 3166,8 миллиард теңгеге, депозит сомасы 2151,2 миллиард теңгеге жеткен. 2021 жылдың тоғыз айында теңгерім валютасының ең үлкен өсімі де Сбербанкте болды – 27 пайызға өсіп, 865 млрд теңгеге жуықтады. Халық банктің өзі артта қалды. Ал шетелдік банктерден қандай қауіп бар дерсіз. Жер дауына дейін елімізде түрлі жолмен ірі көлемдегі жерлерді ұзақ мерзімге жалға алғандардың көп екені анықталды. Көбі жерді екінші деңгейдегі банктерге кепілдікке қойып, қыруар қаржы несиеге алып, бірақ қайтара алмаған. Кепілге қойған жерлер банктердің иелігіне өтіп кеткен. Мәселен, 2016 жылы Алматы облысы Райымбек ауданының біршама жері Эксимбанктің иелігінде екенін білгенде жаға ұстағанбыз. Кейін ол жерлерді не мемлекет өзіне қайтара алмай, не халыққа бере алмай арпалысты. Республика бойынша ондай оқиғалар аз емес. Ал коммерциялық банктерді шетелдіктердің сатып алуына немесе банктің өз мүлкін еркін сатуына ешқандай тосқауыл жоқ. Банктер кепілге қойылған мүлікті несие қайтарылмаса, сот шешімінсіз-ақ сатуға шығаруға мүмкіндігі бар. Біз айтып отырған Сбербанкте қандай меншіктер кепілде барын да тексеріп жатқан құзырлы орган жоқ. Міне, шетелдік компанияларға қатысты мұндай мәселелер жетерлік. Экономист Бауыржан Ысқақов проблеманы отандық компанияларға қолайлы жағдай жасап қана шеше алатынымызды айтады. – Сбербанкті алсақ та немесе «Яндекс.Такси» секілді қызмет көрсетуші, мұнай-газ саласындағы көптеген компанияны қарасақ та, құрылтайшылары, заңды мекенжайлары өзге мемлекеттерге тиесілі. Бұлардың экономикалық зиянын айтар болсақ, ең әуелі олар нарықтағы қазақстандық ойыншыларды тұншықтырып тастайды. Екіншіден, ауқымының көптігіне, қаржылық қарқынының еселеп артуына, белгілі бір саланы жаулап алуына байланысты оларды монополистер деп атауға болады. Қаржының көзі шетелдік компанияларға кетіп жатыр. Яғни, халықтың табысы сыртқа ағылады. Бізге бұл тұста мемлекеттік саясат құрған жөн. Сыртқы үлкен бәселекестерге тойтарыс бере алатындай отандық компанияларды қолдаған жөн. Демек, «Сбербанк секілді неге отандық қаржы институттары неге болмауы керек?» деген сауалға жауап берген абзал. Әрине, біз олардың қызметін шектей алмаймыз. Өйткені Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшеміз. Бір-ақ жол – Қазақстанның мүддесін қорғайтын отандық кәсіпорындарды дамыту. Мысалы, біздің кәсіпорындар көрші Ресейге, Украинаға барған кезде бәсекеге төзе алмай, тауы шағылып, қайтып келеді. Неге? Себебі ол мемлекеттер отандық компанияларға қолайлы жағдай жасап берген. Инвестициялық баланс – шектеу жасау емес. Бәсекеде өз мүддеңді жібермеу, – дейді ол.«Яндекс.Такси» саланы жаулап алды
Таксидің құны шарықтап тұрғаны жайлы жұрттан жиі естиміз. Бағаның жыл сайын құбылып жатқаны шын. Ал саланы жаулап алған «Яндекс.Такси» бағаны қалағанынша белгілейді. Оған бәсекелес жоқ, нарықта санаулы компания бар. Таяуда антимонополистер «Яндекске» тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. Себебі компания жолаушылардан негізсіз қосымша ақы алуды бастаған. Мәселен, үнемді тариф сегменті үшін қосымша – 350 теңге, қалада жүрген әр шақырымға – 50 теңге, ақылы күткені минутына 20 теңге алатын болған. Оған қоса, «Яндекс» ірі қалаларда күн құбылып, көлік кептелісі бола қалса, жол ақысын үстемелейтінді шығарды. Бағасы арзандау басқа такси қызметі жоқ болған соң уақыты тығыз адам амалсыз жалдайды. Ал Қазақстан такси қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов сөзімізбен келіспейтін сияқты. – Елдің 90 пайызы мобильді қосымша арқылы такси қызметін пайдаланады. Көліктің бағасы 15 пайызға қымбаттады. Жанармай қымбаттауы да баға өсуіне себеп болып отыр. Бәсекелестік болмауы да әсер етеді. Мобильді қосымшаға тіркелгендердің сұранысы артады, оның үстіне кептеліс бар. Осы факторларға байланысты құн есептеледі, – дейді ол. Саланы бақылауға алу қажет екені жылдар бойы айтылып келді. Қазір елде ресейлік технологиялық алпауытпен бәсекелесе алмайтын бірнеше компания бар. Бұрынғы диспетчерлік қызметтер жоқтың қасы. «Таксопарктер қазір Yandex, Uber немесе Didi секілді агрегаторлармен серіктестікте. Нарық өзін-өзі қалыптастырады. Бұған мемлекеттік органдардың араласуы жөн емес», – дейді Құрманов. 2014 жылы taxi.kz атты мобильді қосымша болған. Сол жылы нарыққа inDriver келді. 2015-2016 жылдары ресейлік «Яндекс» пен Uber нарыққа кіріп, өзге компаниялар бәсекелесе алмады. Ал өткен қыста Didi келіп, нарыққа кіруге ұмтылды. Сала мамандары бұл тарифтерге де әсер еткенін, компаниялардан бұрын жүргізушілер мен жолаушылар осы бәсекеде пайда тапқанын айтады. Дегенмен саладағы мамандар шындықты айтып отыр деуге болмас. Қазір жергілікті компаниялар жойылып, шетелдік платформалар нарықты басып алды. Олармен кіші таксопарктер бәсекелесе алмайды. Мына қызықты қараңыз, Тұтынушылар бағасының дүниежүзілік дерекқоры мәліметіне сәйкес, Қазақстан бүгінде ТМД елдеріндегі такси қызметтерінің ең жоғары тарифтері бойынша алғашқы үштікке кіреді. Демек, баға қымбат. «Яндекс» секілді алпауыттар пайдаға кенелді.Жанармай құю стансалары өзгенің қолында
Экономикада белгілі бір елдің саяси және экономикалық тіршілігіне ықпал жасайтын маңызды тетік ретінде мұнай, газды басқару қаралады. Елімізде жұмысына әбден қан жүгірген «Газпромнефть» атты ресейлік алпауыт бар. Қызметінің негізгі бағыттары – көмірсутегі кен орындарын барлау, мұнай мен газды өндіру және сату, сондай-ақ мұнай өнімдерін өндіру және өткізу. Бұл компанияда белгілі бір дәрежеде монополист деңгейіне жетіп қалған. Мәселен, «Газпромнефть» еліміздегі жанармай құю стансалары желісін басқарады. Компания сайтындағы ақпаратқа қарасақ, республикада «Газпром нефти» ЖҚС желісі Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Түркістан, Сарыағаш, Кентау, Қарағанды, Теміртау, Павлодар, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында 70-тен астам стансадан тұрады екен. Компания Омбы мұнай өңдеу зауытынан Қазақстанға мұнай өнімдерін жеткізуді де жүзеге асырады. Әдетте шетелдік монополистер азаттық алған елдердің экономикасының ең табысты салаларын, кен шығару, мұнай өңдеу сияқты өндірісін иеленуге тырысады. Бұл да соның бір дәлелі.Жол нұсқап та, ақша табады
Елімізде шетелдік 2ГИС компаниясы да жұмыс істейді. Қолында смартфоны бар екі адамның бірі осы бағдарламаны жүктеп, қолданады. Қысқаша айтқанда, жол көрсетіп, пайда табады. Бұл компания көбіне бағдарламасына жарнама орналастыру арқылы ақша табады. Пайдаланушылар аудиториясы мол. Компания жарнама беріп, ісін дөңгелетудің таптырмас жолын дөп басқан. Мысалы, бағдарламаға кіріп, бір мейрамхананы іздесеңіз, сізге оның мекенжайы мен қоса әлеуметтік желідегі парақшаларын, нөмірін, тіпті, орташа есеппен қанша ақшаға шығындалуыңыз мүмкін екенін де көрсетеді. Ал бұл ақпаратты бағдарлама ұсынғаны үшін мейрамхана иелері компанияға ақша төлейді. Бірақ компания еш жерде табысы жайлы деректермен бөліспеген. Әйтеуір, жыл сайын жарнама берушілердің үлесі 30-40 пайызға артып отырғаны айтылады.P.S.
Біз бұл мақалада еліміздің экономикасында ықпалы артып, кей саланы жаулап алған ресейлік компаниялар жайлы сөз еттік. Әрине, мемлекет оларға тыйым салуға хақылы емес. Дегенмен бұл отандық компаниялардың бәсекеге төзбей, құлдырап бара жатқанын аңғартатындай. Бұлай жалғаса берсе, елдің ақшасы өзге елге ағыла бермек.