«Қаралы қаңтар» түрме реформасына қозғау сала ма?
«Қаралы қаңтар» түрме реформасына қозғау сала ма?
«Қасіретті қаңтар» оқиғаларынан кейін түрмелер мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Алдымен ІІМ біраз өңірді қамтыған жаппай тәртіпсіздіктер мен радикалды топтардың шабуылдарына қатысқан 10 мыңдай адамның ұсталғанын хабарлады. Кейін бұл сан 12 мыңға жуықтады. Бұл қоғамды да, сарапшыларды да шошытты. «Абақтылардың адамға толғаны», адвокаттар жетпей жатқаны туралы пікірлер айтылды. ІІМ ол тұспалды растамады. Бір белгілісі, бас бостандықтан айыру орындарын тосын бетбұрыс, түбегейлі реформа күтіп тұрғанға ұқсайды.

Қанша адам босады?

Қазір елде антитеррористік опе­рация саябырсыған. Оның ор­ны­на еліміздің барлық өңірінде «Құ­­­қықтық тәртіп» жедел-про­фи­лактикалық іс-шарасы жалғасып жа­тыр. Оған жергілікті полицейлер, ар­найы құрылымдар, Экстремизмге қар­сы іс-қимыл басқармасының қыз­меткерлері жұмылдырылған. Рейд­тік іс-шаралар барысында әкім­діктерден, сауда орындарынан то­налған дүние-мүліктер, қару-жа­рақ дүкендерінен, күштік құры­лым­дардан ұрланған қарулар, оқ-дәрі, кісен, бронежилет, қалқан жә­не басқа да жабдықтар тәр­кі­лен­ген. Бұл ретте ұсталғандардың бә­рі­не бірдей Қылмыстық кодекстің экстремизмге, терроризмге қатыс­ты ауыр баптары бойынша іс қоз­ғал­маған екен. Бұған Мемлекет бас­­шысының ауыр қылмыс жаса­ма­ғандарға ізгілік таныту жөніндегі тап­сырмасы әсер етсе керек. Нәти­же­сінде, көптеген күдіктінің үсті­нен Қылмыстық кодекстің 188- бабы (Ұр­лық), Әкімшілік кодекстің айып­пұлды қарастыратын баптары не­гізінде сотқа дейінгі іс жүргізіледі. Ұстал­ғанның үлкен бөлігі 5-15 тәу­лік отырып шыққан көрінеді. Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің мә­ліметінше, нақты дәлелі жоқ жағ­дайларда Президент жазаны жеңілдетуді жүктеді. Яғ­ни, кінәсіздік презумпциясы сақталып, қыл­мысы дәлелденбегендер босатылмақ. Про­курорлар 1 884 іске қатысты жазаны жеңіл­дету жөнінде сотқа өтініш берген. Олар­ды тексеру нәтижесінде 1 083 адам тұт­қыннан босатылды. 493 азаматқа салын­ған айыппұл ескертуге ауыстырылды. Осылайша, Ішкі істер министрі Ерлан Тұр­ғымбаевтың дерегінше, терроризм, кісі өл­тіру, билік өкілдеріне зорлық-зомбылық көр­сету, бұзақылық, меморгандардың ғи­мараттарына шабуыл жасау және басқа қыл­мыстар бойынша 1 822 іс қозғалды. Осы айып­талғандарды сот түрмеге тоғытуы мүмкін. Бірақ бұл істер бойынша нақты қан­ша адамның айыпталып отырғаны ай­тылмады. Бұл ретте судьялардың ол істер бойын­ша қанша адамды еркіндігінен айы­ратыны маңызды. Былтыр Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына байланысты жарияланған ра­қым­шылыққа түрмелердегі 14 мыңдай адам ілік­ті. Алайда оның тек 1 мыңға жуығы ғана бо­сап шығыпты. Қалғандарының жазаны өтеу мерзімі қысқартылды. Жасыратыны жоқ, егер түрмелерде жаңа қамалғандарға орын жетпей жатса, бұрын сотталғандардың біра­зы мерзімінен бұрын, шартты түрде бо­сатылуы ықтимал. 2021 жылдың қорытындысында, ІІМ де­регінше, Қазақстандағы 66 колонияда жә­не 16 тергеу изоляторында (СИЗО) жал­пы саны 34 мыңнан астам адам ұсталған. Оның ішінде 30 мыңы сотталғандар. Қал­ғаны тергеу аясында тұтқындалғандар. Бұ­дан бөлек, шартты босап шыққан, қыл­мыс­тық теріс қылығы үшін жазаланған, сон­­дай-ақ сот тарапынан қоғамдық жұ­мыс­тар­ды атқаруға кесілген 32 мың адам про­бация қызметінің есебінде тұр. Амнистияға да негізінен осылар іліккен. Рақымшылық игі­лігін 2 292 сотталған және 11 753 про­ба­ция қызметінің бақылауында тұрған адам көрді. Мұның сыртында тергеуі бітпеген 5 мың қылмыстық іс тоқтатылды. Нәти­же­сін­де, 1 674 адам қылмыстық қудалаудан бо­­са­тылды, соның ішінде 167 адам СИЗО-лар­дан шығарылған көрінеді.

«Қара бүркіттің» орнына не құрылады?

Биылғы 11 қаңтардағы Мәжіліс отыры­сын­да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев діни экстремизмге қарсы іс-қимылдың жүйелі шаралары кешенді түрде жүргізілетінін айта келе «экстремистердің қылмыс әлемімен, әсі­ре­се қылмыстық-атқару жүйесі меке­ме­ле­рін­де отырғандармен біте қабысып кетуі­не мүлдем жол беруге болмайтынын» қадап тапсырды. «Радикалдану – Қазақстанның ұлттық қауіп­сіздігіне, әсіресе қылмыстық-атқару жүйе­сіне төнетін қатерлердің бірі. 2022 жыл­дың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ел­дің қылмыстық-атқару жүйесінде діни жә­не террористік ұйымдардың 500-ден ас­там көшбасшысы мен қатысушысы қамал­ған», – дейді сенатор, ұзақ жыл антикорруп­ция­лық органда және бас прокуратурада қыз­мет еткен Андрей Лукин. Радикалдар тонның ішкі бауындай ара­ла­сып жүргендіктен, теріс ағынын, қарау көз­қарасын сотталғандар арасында кең та­ратуы мүмкін. Оның үстіне, билік пен қо­ғамнан көңілі қалған, «шынжырдан бас­қа жоғалтары жоқ» күйге жеткен адамдар қауіп­ті уағыздарға тез еруі ғажап емес. Ал бір түрмеде ұсталғандықтан, экстре­мис­тер мен лаңкестерді басқа соттал­ған­дар­мен араластырмай қою күрделі. А.Лу­кин­нің дерегінше, қылмыстық-атқару жүйе­сіндегі (ҚАЖ) 66 колонияның тек 9-ында ғана сотталғандар жеке камераларда ұсталады, онда сотталғандардың жал­пы санының 18,3%-ы ғана отыр. Басқалары күні-түні бірге болады. Қазақстандағы түрмелердің көбі ХХ ға­сырдың 30-70-жылдарында барақ түрінде са­­лынған ғимараттар. Андрей Лукиннің бай­­ламынша, бір барақта 100-ге жуық сот­тал­ған аралас тұрса, бәрін түрме суб­мә­де­ниеті мен қылмыстық орта ықпалы ше­ше­тін болса, онда түзеу мекемелерінің қандай да бір тәрбиелік мәні туралы сөз қозғаудың өзі әбестік. түрме реформасы Сондықтан пенитенциарлық жүйеге қа­­­тысты жаңа реформа осы олқылықтарды жою­ға бағытталуы тиіс. Мысалы, ІІМ ал­ғаш рет сотталғандарды түрмеге қайта орал­ғандардан бөлек ұстауды ұсынып отыр. Бұл бастама ведомство әзірлеген «Қыл­мыс­тық, Қылмыстық-процестік және Қыл­мыс­тық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қа­тігез әрекеттердің алдын алу саласында адам құқықтары мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасында қарастырылған. Заңнамалық түзетулер алғаш сот­тал­ғандарды рецидивистерден бөлек ұстау­ға бағытталған. Түрме-колониялар да осыған сәй­кес бөлінбек. Осыған байланысты ІІМ «төтенше қауіп­сіз» мекемелерді жоюды ұсынды. Қыл­­­мыстық-атқару кодексіне сәйкес, Қа­зақстанда ҚАЖ мекемелері 7 түрге – қауіп­сіздігі барынша төмен; орташа қауіпсіз ме­кемелер; кәмелетке толма­ғандарды ұстау­ға арналған орташа қауіпсіз мекемелер; қауіп­сіздігі барынша жоғары; төтенше қауіп­сіз; толық қауіпсіз және қауіпсіздігі ара­лас мекемелер болып бө­лі­неді. Меморганның мәліметінше, рес­пуб­ли­ка­да жұмыс істеп тұрған 66 ҚАЖ меке­ме­сінің 18-і «қауіпсіздігі барынша жоғары» ме­кеме саналады. Онда кісі өлтірушілер, адам зорлаушылар, қарақшылар, реци­ди­вистер және басқасы қамалған. Ал «төтенше қауіп­сіз» мекемелер саны 5-еу ғана. Ол жер­де өмір бойы бас бостандығынан айы­рыл­­ғандар, өлім жазасына кесілгендер, ма­­ньяк­тар, аса қауіпті рецидивистер жа­был­ған. «Төтенше қауіпсіз мекемелерді жою 3 100 сотталушыға тұрғылықты жеріне жақын түрмеге ауысуға және әлеуметтік пайдалы байланыстарын сақтау құқығын жүзеге асыруға, яғни жақын-жуықтарымен араласуға мүмкіндік береді. Бұл – бас бос­тандығынан айырылғандардың жалпы са­ны­ның 10%-ы», – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі. Құқықтық саясат тұжырымдамасында анық­талғандай, Қазақстанда бас бостан­ды­ғынан айыру қылмыстық жазалудың негізгі түрі болып қалған. Демек, адамды жазалау­дан гөрі қайта тәрбиелеу жағына баса мән беретін шаралар қабылдау қажет. Әйтпесе, азаматтардың билікке өшігуі және ашынуы өршіп, әлеуметтік кернеу арта беруі мүмкін. Қылмыстық-атқару кодексінде бекітіл­гендей, сотталғандарды түзеудің негізгі құ­рал­дарына жазаны өтеу режимі; тәрбие­лік ықпал ету; қоғамға пайдалы еңбек; бас­тауыш, негізгі орта, жалпы орта, техни­ка­лық және кәсіптік білім алуы; қоғамдық ықпал ету, сондай-ақ жағымды әлеуметтік бай­ланыстарды сақтау жатады. Бірақ Қос­танайдағы Жітіқара қаласының маңында орналасқан «Қара бүркіт» секілді «төтенше қауіпсіз» түрмелерде отырғандар мұндай мүм­кіндіктен айырылған көрінеді.

Аса қауіпті қылмыскерлер қайда көшеді?

Заң жобасындағы осы ұсыныс қабыл­дан­ған жағдайда 2012 жылғы мамырда 14 ше­карашыны және бір қорықшыны өлтір­гені үшін сотталған Владислав Челах, 2016 жылғы 18 шілдеде Алматыда полицейлерге жә­не ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жа­сап, 10 адамды өлтірген Руслан Күлекбаев жә­не өзге де өмір бойға сотталғандар ұста­латын «Қара бүркіт» және өзге 4 мекеме жа­былуы ықтимал. Онда ұсталып кел­ген­дер­дің бәрін «толық қауіпсіз мекемелерге» кө­шіру ұсынылған. Дегенмен қазір елдегі «толық қауіпсіз» түр­меде 67 сотталған отыр, ал оның 32-сі – алғаш рет темір торға қамалғандар. Қалға­нын­ың 25-і бұған дейін бас бостандығынан айы­рылғандар. Тағы 10-ы өмір бойға сот­тал­ған. Заңнамалық түзетулер қабылданса, 32-сі қауіпсіздігі төмендеу дәрежедегі өзге түрмеге көшірілмек: оларға ағайындарына жа­қын орналасқан мекемелерді таңдауына рұқсат етілуі тиіс. ІІМ-нің ұстанымынша, алғаш рет сот­тал­ғандар жеке түрмеде ұсталса, өмір бойы бас бостандығынан айырылғандарды ре­цидивистермен бірге қамауға жол ашылады. Мы­с­алы, былтыр «Қара бүркіттің» «тұр­ғындарына» да басқа түрмедегідей жұмыс іс­теуге рұқсат етілді, олар тігінші кәсібін игере бастады. Қостанай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің хабарлауынша, қазақстандық ҚАЖ тарихында тұңғыш рет «тө­тенше қауіпсіз» түрмеде де алғашқы кә­сіпорын – тігін цехы ашылды. Онда жұмыс істейтіндер 50 мың теңгедей айлық алады. Сөй­тіп, құрбандары үшін материалдық өте­мақы төлеуге мүмкіндік алды. Бұрын жоғары жазаға кесілгендер жұмыс істемейтіндіктен, өз қылмысынан зардап шек­кендерге өтемақы төлей алмайтын, кей­де олар үшін оны туыс-туғандары өтей­тін. Енді олардың жалақысының шамамен 30-50%-ы өтемақы үшін ұсталатын болады. ІІМ ұсынысы бойынша Жітіқарадағы «Қара бүркіт» «төтенше қауіпсіз» мекемеден «толық қауіпсіз» дәрежесіндегі түрме болып қайта аталмақ. Қалай болғанда, түрмелерге қатысты өз­герістер басталғанға ұқсайды. Ол жазаны орын­дауды индивидуализациялауға, жаза­ның түзеу-тәрбиелеу компонентіне ба­сым­дық беруге бағытталуы шарт. Сонда, мы­салы жаза басып, арандатушылыққа еріп, ал­ғаш қылмысқа барғандар темір тордан кә­нігі баскесер, қаны қарайған қылмыскер бо­лып шықпайды, адал жолға оралады де­ген үміт оты маздайды. Алғаш сотталған­дар­ды бөлек ұстау арқылы құқық қорғау ор­гандары олардың арасында түрме «мә­де­ниетінің» және тәртіптерінің таралуына тосқауыл қоюға, сондай-ақ оларды заңға бағыну­ға үйретуге және рецидивистердің те­ріс ықпалынан құтқарып қалуға ниетті.