Финдерді жеңіп, топ бастадық
Финдерді жеңіп, топ бастадық
300
оқылды
Футзалдан Қазақстан құрамасы 2022 жылғы Еуропа чемпионатында Финляндия құрамасын 6:2 есебімен жеңіп, турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Осылайша, Кака шәкірттері В тобында 4 ұпаймен жеке-дара көш бастады. Алғашқы турда Альберт Акбаликов алаңнан қуылып, бірқатар негізгі құрамның ойыншылары мен бас бапкер маңызды кездесуге қатыса алмаған соң Словениямен (4:4) тең есептің өзін қанағат тұттық. Сол ойыннан кейін Италия мен Финляндия құрамалары кездесіп, олар да жеңімпазды анықтай алмады. Осылайша, төрт команданың топтан шығуға мүмкіндігі теңесті. Футзалшыларымыз екінші кездесуде жеңіске жетпесе, плэй-оффтың ауылы алыстап кететінін түсінді. Екінші турда алдымен Италия мен Сло­вения­ның жолы түйісті. Бұл матчта Еуропаның екі дүркін чемпионы Италия футзалшылары фаворит саналған. Бірақ олар бұл кездесуде маңызды үш ұпайды еншілей алмады. Матч 2:2 есебімен аяқталды. Екі ойында да қарсы­ластарымен тең түскен Италия мен Словения 2 ұпайға шүкіршілік етті. Бұл Қазақстан мен Финляндия үшін В тобында бірінші орынға шығуға тамаша мүмкіндік болды. «Суоми» елінің спортшыларымен өтетін кезекті ойынға екі футзалшымыз қатыспады. Бірі вирус жұқтырған (Шыңғыс Есенаманов), ал екіншісі (Альберт Акбаликов) өткен ойында қызыл қағаз алды. Есесіне өзге ойыншыларға мүмкіндік берілді. Төрешінің ысқырығы естіле салысымен, Қазақстан құрамасы шабуылға шығып, жылдам гол соғып қалудың жолын қарастырды. Алғашқы минуттарда есеп ашатын мүмкіндігіміз де болды. Қарымта шабуылға шығып, Игита қорғаған қақпаның саңылауын табуды көздеген фин футзалшылары да осал қарсылас емес екенін көрсетіп бақты. Ойынның 13-минутында қарсылас команданың ойыншысы Миика Хосио есеп ашып кетті. Дегенмен үзіліске дейін футзалшыларымыз қарымта қайтарды. Қазақстан құрамасының сапынан Біржан Оразов көзге түсті. Ал екінші таймда финдер Яни Корпеланың голынан кейін қайтадан есепте алға шықты. Осыдан соң қақпашы Игитаның өзі шабуылға араласып, ойыншыларға қолдау көрсетті. Ұрымтал сәттердің бірінде қақпа­шымыз­дың алыстан бағыттаған добы қарсылас команда ойыншыларының біріне тиіп, қақпаға еніп кетті. Тамаша голдан соң таразы басы қайта теңесті. Ал Игита қатарынан үшінші Еуропа чемпионатында гол соғып, тамаша жетістікке қол жеткізді. Бұған дейін әлемнің төрт дүркін үздік қақпашысы 2016 жылы Сербия, 2018 жылы Испания қақпасын дәл көздеген. Фин қақпасына соғылған керемет голдан кейін Қазақстан футзалшылары ойын басымдығын толықтай өз қолына алды. Кездесудің 29-минутында Арнольд Кнауб командасын жеңіске жетеледі. Арада екі минут өткенде Оразов дубль авторы атанды. Көп ұзамай Кнауб тағы да қарсылас қақпасынан саңылау тапты, ал соңғы минутта Азат Валиуллин матчтың нүктесін қойды. Еуропа чемпионаты Финляндиямен болған ойынды қорытын­дылаған Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака жігіттердің жеңіске деген жігері ұнағанын айтты. – Ойын тартысқа толы өтті. Таңертең Шыңғыс Есенамановтың Финляндиямен матчқа қатыспайтыны туралы мәлімет алдық. Ойын барысында екі рет жеңіліп жаттық. Алайда сол қиындықтарды еңсеріп, соңына дейін шыдадық. Бірінші таймда Дәурен Тұрсағұлов жақсы қырынан танылды, керісінше Азат Валиуллиннің ойыны жүрмеді. Сол себепті Арнольд Кнаубты алғы шепке қойдым. Ал екінші таймда Азат өзін жақсы көрсетіп, шабуылға жиі араласа бастады. Жалпы бүгін жігіттер алғашқы ойынға қарағанда сенімді ойын үлгісін көрсетті, – дейді бас бапкер. Ал қазақ футзалының аңыз ойыншысы, ұлттық құраманың экс-капитаны әрі Сербия­дағы Кәрі құрлық додасының қола жүлдегері Дінмұхамбет Сүлейменов Еуропа чемпионатында Қазақстан мен Финляндия арасындағы матчтан соң жігіттердің ойынына тәнті болғанын жасырмады. – О баста кездесудің оңай болмайтынын бәрі білді. Біздің жігіттердің бұл ойынға тыңғылықты дайындалғаны алаңда көрініп тұрды. «Суоми» ойыншылары бірінші таймда өз деңгейін көрсетті. Мүмкіндікті мүлт жібермей, есеп аша алды. Соған қарамастан біздің ойыншылар да намысты қолдан бермей, керек кезде қажетті голдарын салып отырды. Матч біздің команданың бақылауымен өтті деуге болады. Үзілістен кейін жігіттердің қарқыны күшейе түсті. Үшінші гол соғып, одан сайын жігерленді. Өздеріне деген сенімі арта түсті. Ойынды көрмегендер 6:2 есебіне қарап оңай жеңіс болды деп ойлауы мүмкін. Шынтуайтына келгенде, олай емес. Қазақстан құрамасы жеңіске жету үшін қаншама тер төкті. Футзалшыларымыздың әрқайсысы жеңіске зор үлесін қосты, – дейді Сүлейменов. Жалпы, Гронингендегі турнирде жерлестеріміз екі ойын өткізіп, 4 ұпай еншілеп, топ басына шықты. 2 ұпайдан жинаған Италия мен Словения 2-3 орындарға жайғасты. Ал 1 балл жинаған Финляндия командасы соңғы орында тұр. Енді 2016 жылғы Еуропа чем­пионатының қола жүлдегерлері 28 қаңтарда аталған турнирдің екі дүркін жеңімпазы Италия құрамасымен кездеседі. Ендігі қарсыласымыз туралы бас бапкер «Италияның ойыны – импровизация. Олар екі ойын қатарынан тәуекелге бел буды. Сол себепті кез келген жағдайға дайын болу керек» деген болатын. Футзалшыларымыз алдағы ойында Каканың осы сөзін естен шығармай, жанкүйерлерді жарқын жеңісімен қуантарына сенеміз.