Үкіметке «Болашақ» бағдарламасының бағытын өзгертіп, білім беру жүйесін қайта қарастыру тапсырылды. Өйткені бұған дейін экономистер, заңгерлер мен менеджерлер секілді мамандарды оқыту үшін шекара сыртына көптеп шығардық. Ендігі жерде техника саласына да көңіл бөлетін уақыт жеткенін айтқан Президент студенттерді Ресейде оқытуға шақырды. Алайда Ресейдің жоғары оқу орындарындағы білім сапасы қандай? Бұған дейін білім басшысы Асхат Аймағамбетов сыртқа кететін талапкерлер саны соңғы жылдары азайып, шетелге кету тенденциясының төмендеп келе жатқанын айтқан еді. Оның үстіне, шекара асып, шетелге оқуға кеткендер отандық оқу орындарына жаппай оралып жатыр. Мәселен, 2018 жылдың қаңтарында 7 000-ға жуық қазақстандық студент қалған білімін Қазақстанда жалғастыруға өтініш беріпті. Соның ішінде 6 077 студент ресейлік оқу орнында оқитын қазақстандық. 2020 жылы шетелдік жоғары оқу орнында өз бетінше оқып жүрген 15 мыңға жуық қазақстандық студент отандық жоғары оқу орнына ауысуға ниет білдірген. Ал былтырғы оқу жылында шекара асып, өз бетінше білім іздеген 11 мыңнан астам қазақстандық еліміздің ЖОО-на ауысты. Олардың көпшілігі тағы да сол Ресей университетінен келгендер. Сондай-ақ қайта қазығын тапқандар арасында АҚШ, Қытай, Франция, Мажарстан, Чехия, Польша, Түркия университеттерінде оқыған, бірақ Қазақстанда оқуын жалғастыруға шешім қабылдаған студенттер де бар. Мысалы, 2021 жылдың оқу жылында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ресейден – 13, Франциядан бір студент ақылы бөлімге ауысып келген. Олардың көбі университеттің Механика-математика, Биология және биотехнология, Құқықтану факультетіне түскен. Ал Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жаңа оқу жылында ауысу тәртібі негізінде 73 студент қабылдапты. Олардың барлығы Ресейден келген қазақстандық студент. Университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Қымбат Балажанова шетелдік оқу орындарынан келгендер көбінесе бастауыш сынып мұғалімі, психология, шет тілдері, физика, информатика, мектепке дейінгі тәрбие мамандықтары бойынша ауысқанын айтады. Ауысып келген студенттердің көпшілігі отандық білім орындарына қайтуын өз еліміздегі білімнің көш ілгері екенімен түсіндірген. Ресейден келген студенттердің өздеріне сол жердің мамандары кейбір мамандықтар бойынша білім Ресейге қарағанда Қазақстанда жоғары екенін айтқан. Шетелдік оқу орнынан ауысып келген Әлжан есімді студент еліміздің білімі өзге елдермен салыстырғанда артық болмаса, кем емес екеніне көз жеткізген. Сондай-ақ ресейлік Новосібір мемлекеттік университетінің Білім беру басқармасының басшысы Евгений Сагайдак бұған дейін талай рет қазақстандық студенттердің өз елінде білім алып, өз еліне қызмет еткенін құптайтынын айтқан да болатын. Оның пікірінше, екі елдегі білім бірдей болса, талантты жастардың өз елінде білімін жалғастырғаны әлдеқайда тиімді екен.
Білім беру жүйесі ұқсас
ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманалиев техникалық мамандықтарға баса мән беру дегенді грантты көбейту арқылы іске асыру дегенге келіспейтінін жеткізді. Оның пікірінше, гранттан бұрын мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібіне өзгеріс енгізу керек. «Қазір министрлік грант санын 6 мыңға арттыру туралы айтып жатыр. Ол грант санын арттырғанмен, мәселені шешу мүмкін емес. Техникалық мамандықтарға дайындау үшін алдымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібіне өзгеріс енгізу керек. Өйткені оқу бітіріп келген студенттер қандай өндіріс ошақтарына баратынын анықтап алу қажет. Ол үшін осыған дейін қолданылып келе жатқан шикілікке ұрындыратын, ойдан жобалап есеп беру жүйесін түбімен жойған абзал», – дейді ол. Негізінде техникалық білім алуда елімізде Ресейдің мықты университеттерінің филиалдарын ашуды қолдайтынын жеткізді. «Шетелде білім алмаса, шетте қалып қаламыз деген бос сөз» деген тәуелсіз білім сарапшысы «Көрші елдің техникалық білім беру жүйесі өзімізге жақын. Екіншіден, мұнай мен газ салаларында Ресейдің техникалық университеттерінен артық дайындайтын оқу орындарын көріп тұрған жоқпын. Әйтпесе, мұхит асып, шетелде оқып келіп жатқандардың білімін де көріп жатырмыз. Соңғы жылдары Еуропа мен АҚШ секілді елдердің білім жүйесіне қызығушылық артқан»,– дейді Кәрімбек Құрманалиев.Батыстан да табуға болады
Ауыл шаруашылығы министрлігінің экс-вице-министрі болған Марат Толыбаев бұл пікірмен мүлдем келіспейді. Оның ойынша, жастардың білім алуы үшін АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азияға жіберу керек. Онда олар білім алып қана қоймай, бостандық пен тәуелсіз ойлы азамат болып қалыптасуына септігін тигізеді екен. Сондықтан ол қазақстандық білім алушы жастардың Ресей, Беларусь секілді диктаторлық елдерге жіберуге қарсы екенін айтады. «Президентіміздің көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Бірақ Ресейге оқыту дегенге келіспейтін тұстарым бар. Еуропаға жиі барып тұрамын. Әлемде соғыс болып жатса, Ресей әрқашан диктаторларды қолдайды. Ол елде білім алып жатқан жастардың ой-өрісіне бұл үлкен ықпал етеді. Ал Еуропа мен АҚШ, Сингапур, Оңтүстік Корея секілді техника жағынан дамыған елдерде білім алсақ, адаспаймыз. Ол елдердің білімі мен техника тілі Ресейден кем емес, үздік технологиялық компаниялар сол елдердің еншісінде. Бұдан басқа, батыстың білімімен сусындаған жастар тәуелсіз ойлы, өзіндік пікірі қалыптасқан маман болып келеді. Бірақ ресейлік техникалық университеттердің бөлімшесін ашып, техникалық жағынан мықты профессорлары келіп білім берсе, ол жағы құптарлық іс», – дейді Марат Толыбаев. Сонымен бірге ол экономикаға қандай мамандық керек екенін мемлекет шешу дегенді өзгерткен жөн дейді. Яғни, техникалық мамандықтар керек десе, университеттердің барлығы техникаға жаппай көшуі дұрыс емес. Заңгерлер керек десе, заңгер болып кету көкейге қонымсыз. Мамандыққа сұранысты бизнес шешеді. Солардың сұранысы бойынша мамандық таңдалуы тиіс.Бесінші жыл көңіл көншітпеген
Алматы қаласындағы жұмыспен қамту орталығының мамандары дәл қазір құрылыс мамандарына, оның ішінде жүкші, аула сыпырушы, мұғалім және тәрбиешінің көмекшісі секілді мамандарға сұраныс барын айтып отыр. Ал Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс саласына инженер-сметашы, учаскенің электригі, прораб, шебер, тас қалаушы, арматурашы, бетоншы және дәнекерлеуші, инженер, ӨТБ инженері, инженер-энергетиктер керек. Сауда саласында наубайшы мен кондитерлерге сұраныс артып келеді. Көлік және қоймалау саласына жүргізушілер, инженер-механик, автоэлектрик пен автомеханиктер жетіспейді. Өндіріске тоқу жабдықтары мен тігін жабдығының операторлары, құрастырушы керек. Осы жылдар ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің үздік жоғары оқу орнында барлығы 11 467 адам даярланыпты. Соның ішінде Ресей Федерациясында техникалық бағыт бойынша 250 адам білім алған. Жөн-ақ, техника мамандарына жұмыс берушілер тарапынан сұраныс жоғары. Бағдарлама грантын көбейтіп, көрші елге білім алуға жастарды жіберуді қолға алармыз. Алайда көрші елдегі білімнің сапасын да сараптап көргеннің артығы болмас. Өйткені білімі бізден көш ілгері делінген көршіміздің ең үздік жоғары оқу орны ММУ әлемдік рейтингте 100-ден 97-орында тұр. Оның үстіне, былтыр алтыншы жыл сайынғы зерттеудің таныстырылымында спикерлер Ресей университеттерінің студенттері елдегі білім беру сапасына дән риза емес екенін айтты. «Типтік талапкер» жобасының жетекшісі Владислав Белый атап өткендей, жоба қатысушылары қалдырған егжей-тегжейлі пікілерге сәйкес, жоғары оқу орындарындағы білімге бесінші жыл қатарынан қанағаттанбаған студенттер санының өсуі байқалған. Ал білім сапасына қанағаттанған студенттердің өсуі байқалған жоғары оқу орындарының жалғыз түрі – педагогикалық жоғары оқу орындары. Сондай-ақ ол ресейлік жоғары оқу орындарында парақорлық та барын жасырмады. Сапасы бізден жоғары екенін саралап, сан мыңдаған жастарды көрші елдің оқу орнына берерміз. Бірақ сапалы біліммен бірге жемқорлықты көріп келген шетелдік студенттердің елге еңбек етеріне ертең сенімді бола аламыз ба?