Студенттердің күні Pfizer-ге қарады
Студенттердің күні Pfizer-ге қарады
Алдыңғы аптада «Болашақ» халықаралық стипендиясымен оқып жатқан студенттер шетелдегі оқуларына бара алмай жатқандарын айтып, білім мен денсаулық саласына жауапты министрлікке шағымданған. Айтуларынша, «Спутник V» вакцинасын салдырған студенттерді шетел қабылдамайды. Ал Pfizer екпесі біздің елде тек балаларға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар аналарға ғана рұқсат етілген. Шетелдегі оқуына бара алмай жатқан студенттер өздерінің ортақ чатында стипендия әкім­шілігіне вакцинаға байланысты қиындықтар туып жатқанын, осы ретте бағдарлама әкімшілігі мәселені шешуге көмектесуін сұрап жазған скриншоттары жа­рия­ланды. Осы мәселе бойынша студенттер Денсаулық сақтау министрлігіне де екпе алуға мүм­кіндік жасауын, оның ішінде ақылы Pfizer вакцинасын алуға көмектесулерін сұрап хат жазған. Өйткені Pfizer екпесін ақылы негізде де алуға мүмкіндік жоқ. Балалар мен жүкті әйелдер ғана тегін ала алады, осы категория толық вакцинадан өтпейінше, стипендиаттарға әзірге рұқсат берілмейді. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі қазақстандық студенттер ресми түрде өтініш жазбағанын жеткізді. «Олардың мәсе­лесін министрлік қарастырып жатыр. Алдын ала ақпарат беріп, сту­денттерді үміттендіруге де бол­майды. Себебі өздеріңіз бі­ле­сіздер, Pfizer екпесі мемлекеттің ақшасына сатып алынған. Ал біз қыруар ақшаға келген екпені емін-еркін сала алмаймыз. Оның да өз есебі бар. Сол үшін алдымен қандай да бір келісім болғаны дұрыс», – дейді Ден­саулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі. Сондай-ақ Бі­лім және ғылым министрлігінің мамандары болашақтықтардың басындағы жайттан хабардар болып шықты. Бірақ министрлік өз тарапынан қажетті шаралар қабылдамас бұрын екпеге бай­ланысты мәселе оң шешімін тапқанын күтіп отырған секілді.

Кешіккен тексеріс

Қазір елімізде коронавирусқа қарсы үш вакцина қолжетімді. Олар – «Спутник V», «Си­но­фарм», QazVac. Қазақстанға алғаш келген Ре­сейдің «Спутник V» вакцинасы әлемде бірінші болып тіркелге­ні­мен, өндірушілер тиісті сынақ­тарды өткізбеді деген күдікке ілін­ген болатын. Сондықтан Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Спут­ник» вакцинасын көктемнен бері тексеріп, шешім қабылдау мер­зімін бірнеше рет шегеріп келеді. Соңғы рет ұйым екпеге тексеріс жүргізуді осы жы­лы қолға ала­тындарын айтқа­нымен, әлі де асығатын сыңайы жоқ. Ұйымның тексеріс жүргізуі ұзаққа со­зылғаны қазақстандық студент­тердің де уайымына ай­налып отыр. Өйткені Қазақстанда екпе салдырғандардың жарты­сы­нан астамы «Спутник V» вакци­на­сын алған. Ал бұл екпені ал­ған­дарды бірқатар елдер өз шекара­сынан кіргізбейді. Мысалы, АҚШ се­кілді елдер ресейліктердің вакци­насын алғандарды қабыл­дауға о баста түбегейлі қарсы бол­ған. Американың ауруларды ба­қылау және профилактика орта­лы­ғы­ның ресми сайтында жария­ланған мәліметтерге сен­сек, елге кіру тәр­тібі бойынша вак­цинаның I және II компонен­тін алғандар 14 күннен кейін АҚШ-қа кіре алады делінген. Оның өзінде елге тек ДДСҰ мойындаған вакцина ал­ғандар ғана жіберіледі. Санитарлық-эпидемиоло­гиялық бақылау комитетінің рес­ми өкілі Ержан Байтанаев өткен жолы кешігіп жеткен Pfizer вак­цинасын ақылы негізде алу бо­йынша министрлікте нақты ал­горитмдер даярланып жатқанын жеткізген. Нақты жұмыстар аяқ­талған соң БАҚ арқылы халыққа хабарланатынын да айтқан бо­латын. Тіпті, Pfizer-ді ақылы не­гізде алуды жақын арада шеш­ке­німен, шетел шекарасынан екпе­нің екі компонентін алғандарды ғана өткізетіндерін жариялады. Ал ревакцинация (қайта егілу) пре­параттың бірінші дозасын алған соң, біраз уақыттан кейін енгі­зіледі. Оның өзі ревакцинация то­лыққанды вакцина болмаған­дықтан студенттер ғана емес, ре­сейлік екпені қабылдаған қа­зақстандықтардың көбісі өзге елдерге шығуда мәселеге тап бо­луы мүмкін. Ал біздің елде Pfizer екпесі не­ге қолжетімсіз? Өйткені біздің елге кештетіп жеткізілген екпеге Қырғыз Республикасы мен Өз­бекстан бізден бұрын қол жет­кізген. Әлі күнге дейін Pfizer кел­мес те еді, кім білсін, әйтеуір Үкі­меттің кеңейтілген отыры­сында «Проблеманы қысқа уа­қыттың ішінде шешіп, Pfizer вакцинасын жеткізіп беріңдер» деген Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң былтыр жыл соңында ғана Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының 4 мил­лион дозасы жеткізілді.

Күніміз қырғызға қарап тұр

Елдегі екпе алуды министрлік шешіп бергенше шетелде оқитын студенттер «Вакцина салдыруға «Болашақ» демеушілік жасамай ма?» деген ұсыныстарын жет­кізген. Халықаралық бағдарла­малар орталығының президенті Айнұр Кәрбозоваға қойған са­уалдарында студенттер «Вак­ци­наның екінші компонентін алуға көмектесуді өтінеміз, біздің іс-тәжірибеден өте алмай қалу қаупіміз бар. Стипендианттарға Pfizer мен Қытай вакцинасын алу­ға «Болашақ» демеушілік жа­сауына болмай ма?» деген сұрақ қойған. Халықаралық бағдар­ла­малар орталығы президентінің сөзінше, студенттердің өтінішіне орай, тиісті министрлікке хат жол­данған. Алайда Pfizer балалар мен жүкті әйелдер толық вак­цинадан өтпейінше, стипен­дианттарға әзір­ге рұқсат бе­рілмейді. Амалы тау­сылған кейбір студенттер вак­цинаны көрші елдерге барып сал­дырып, шетелге шығуға мүм­кін­дік алып жатыр. Қазақстанда әзірге ақылы алуға рұқсат бермей отырған екпені көрші елге барып салдырған Айдос Қазақбаев вакцинаға байланысты АҚШ-қа шыға алмай отырғандарға ақыл-кеңесін ай­тыпты. Оның сөзінше, ол үшін ал­дымен көрпеге қарай көсілу керек болады. «Вакцинаны алу үшін Бішкекке бардым. Кез кел­ген емханада салып береді. Шетелге шыға алмай жатқаныңды немесе «Спутник» салдырып, шек­ара сыртынан аса алмай отыр­ғаныңды түсіндіріп отыру­дың қажеті жоқ. Тек екінші дозаны Бішкектен алғым келеді деп айтсаңыз болды», – дейді ол. Бірақ Бішкекке барып екпе алуға көпшілігінің қалтасы көтермейді. Бішкекке барып-қайту 130 мың теңгеден көп болмаса, аз бол­майды. Ал Мемлекет басшысы­ның тапсырмасымен кеш жет­кізілген Pfizer вакцинасын ха­лықтың арнаулы топ өкілдері ғана салдыра алады.

Көпшілік комиссия шешімін күтіп отыр

Биыл «Болашақ» бағдарла­ма­сы арқылы АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетіне оқуға түскен Әлібек Күнес те екпеге байланысты шетелдегі оқуына бара алмай отырғандардың бірі. Оның айтуынша, шетелдегі са­бағы биыл қаңтардан басталу ке­рек болған. Бірақ Джордж Ва­шингтон университеті шетелдік студенттердің оқу бағдарламасына өзгерту енгізіп, сабақ ақпанның ортасына дейін шегерілген. «Сон­дықтан бізде екпенің жаңа түрін алуға біраз уақыт болды. Былтыр АҚШ үкіметі қазан айында жаңа қаулы шығарып, ол бойынша 8 қарашадан бастап елге кіретін азаматтардың барлығына Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы бекіткен екпені алғандар ғана кіретінін хабарлады. Оның ішінде Спутник вакцинасы жоқ. Ден­саулық сақтау министрлігі жел­тоқсанда Pfizer вакцинасы туралы бұйрық шығарып, әлем мойындап отырған екпені алу үшін қабыл­даған екпемен аралығы кемінде алты ай болу керек деген. Көбіміз вакцинаны тамыз тайында алған­дықтан ол категорияға да кірген жоқпыз. Жаңа жылдан кейін ақы­лы түрде болады дегенімен, АҚШ тағы бір талабын шығарды. Олар вакцинаны салдырғаннан кейін 14 күнде өз елінде, тағы 14 күн сол елде оқшаулауда болу керек екен­біз. Сонда бас-аяғы бір ай уақыт керек. Амал жоқ, уақытымызды есептеп, Pfizer екпесін көрші ел­дерден іздей бастадық. Ташкент пен Бішкекте Pfizer екпесі тегін салынып жатқанын естіп, сол жақа барып салдырып келдік. Қазақстандық студенттердің көбі солай жасаған екен. Біз де жаңа жылдың алдында сол жақтан екпе алып, бір сағаттың ішінде «бі­рінші дозаны алдыңыз» деген анық­таманы алдық», – дейді Әлі­бек Күнес. Бір ғана АҚШ-тағы сабағына асығып отырған Әлібек секілді оннан астам қазақстандық сту­дент Өзбекстан мен Қырғыз Рес­публикасынан екпе алып келген. Екпенің екінші дозасын осы ай­дың 18-19-на алуы керек. Бірақ қазіргі жағдайда қазақстандық студенттердің көрші елге баруы да қиындап тұр. «Екінші мәселе – Бішкек пен Ташкенттен алған екпені елдегі Денсаулық сақтау министрлігі мойындап, екінші дозаны тегін болмаса да ақылы түрде алуға көмектессе», – дейді болашақтық студенттер. Оқуына бара алмай жатқандарын бұған дейін де олар Денсаулық сақтау министрлігі мен Халықаралық «Болашақ» бағдарламалар орта­лығының басшысы қауымдас­тығына да жеткізіпті. Өткен сенбі күні қауымдастық төтенше жағ­дайға қарамастан студенттердің та­лабы бойынша ведомство­аралық хаттаманың қаралғанын жеткізді. «Барлық комиссия мүшелерінің қолы қойылғаннан кейін ғана нақты жауабы айты­лады», – деді қауымдастық басшысы Айнұр Қарбозова.