4 ақпанда Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындары басталады. Олимпиадаға Қазақстанның 34 спортшысы 8 спорт түрінен 87 жолдама жеңіп алды. Қазақстан жеңімпаз спортшыларға қанша сыйақы береді?
Бейжің Олимпиадасында жүлде алған спортшыларға мемлекеттік резервтен сыйақы беріледі. 1-орын– 250 мың АҚШ доллары (109,1 млн тг); 2-орын – 150 мың АҚШ доллары (65,4 млн тг); 3-орын– 75 мың АҚШ доллары (32,7 млн тг). Төртінші, бесінші орын алған спортшыларға да ынталандыру сыйлықтары беріледі. Сонымен бірге елге жүлдемен оралған спортшыларға әкімдіктер мен кәсіпкерлер көлік, пәтер сыйлайды. Ұлттық олимпиада комитетінің хабарлауынша, Қазақстан құрамасының Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиадаға қатысуы үшін бюджеттен 228 млн теңге бөлінген. Еске сала кетейік, жазғы Олимпиададан кейін қазақстандық спортшылардың көбі автокөлікке ие болған еді. Aikyn.kz Токио Олимпиадасының жеңімпаздары қандай сыйлықтарға ие болғанын жазған еді. Айта кетейік, Бейжің Олимпиадасы 4-20 ақпанда өтеді. Қазақстандықтар Олимпиада ойындарын еліміздің төрт телеарнасынан тамашалай алады. Qazaqstan, QazSport, Хабар және Ел-Арна арналары Олимпиададан тікелей хабар таратады.