Алматыда желтоқсан айында жалға берілетін пәтер неге тапшы болды?
Алматыда желтоқсан айында жалға берілетін пәтер неге тапшы болды?
©arenaa.kz

Желтоқсаннан қаңтар айының ортасына дейін Алматыда жалдамалы пәтер тапшы болған. Риелторлар мұндай жағдайдың бірінші рет болғанын айтуда. Тіпті, жаңажылдық мереке қарсаңында бірде-бір пәтер ұзақ уақытқа жалға берілмеген. Арагідік өткені болса да, тәулікке ғана жалдаған. Бұл ақпаратты «Экспресс К» жариялады.

– Қазір жағдай тұрақталды. Әртүрлі бөлмесі бар кемінде оншақты пәтер табылады. Алайда Алматыда желтоқсан мен қаңтар айының ортасына дейін жалға берілетін пәтер болмады. Тіпті, сұранысы көп Жетісу, Құлагер секілді шағынауданның өзінде бірде-бір пәтер жалға берілмеді. Жаңажылдық мереке кезінде де ешқандай пәтер жалға алынбады. Тек тәуліктік пәтердің бірнешеуі ғана өтті, – деді риелторлық агенттіктің өкілі. Агенттіктің мәліметінше, бүкіл қала бойынша осындай жағдай орын алған. Сол кезде Алматыдағы пәтерлерді кім жалға алды, олар қайдан келді, қайда кеткені жайында ешқандай талдау жасалмаған. Сондықтан ол жағы белгісіз. Бірақ олардың айтуынша, әдетте студенттердің қайтатын шағында пәтер бағасы түсіп, көп жалдана бермейтін. Осы жолы керісінше пәтерге деген сұраныс көбейген. – Бүгінде пәтер бағасы 5 пайызға түскен. Құлагердегі ең арзан бір бөлмелі пәтер 100 мың теңге тұрады. Одан арзаны жоқ. Салыстырмалы түрде, былтыр осы уақытта пәтерді 70-80 мыңға табуға болатын. Ал әзірге орташа баға – 130-140 мың теңге. Қала орталығында баға одан да жоғары. Жаңа үйдегі бір бөлмелі пәтер 390 мың теңгеге дейін барады, – деді агенттіктің өкілі.