Түркия мен Венгрияға тегін оқуға түсуге болады
Түркия мен Венгрияға тегін оқуға түсуге болады
© bilim-all.kz
Қазақстандық түлектердің Түркия мен Венгрияға тегін оқуға түсуге мүмкіндіктері бар. Бірі – Түркия елінің халықаралық гранттық бағдарламасы болса, екіншісі – қазақстандық студенттерге бөлген арнайы білім беру гранттары, – деп хабарлады massaget.kz.  Түркия Республикасы тарапынан жылда берілетін "Түркия Бурсулары" гранттық бағдарламасына құжат қабылдау 2022 жылы 10 қаңтарда басталған. 20 ақпанға дейін жалғасады. Нақты ақпаратты және құжат тапсырудың тәсілін бағдарламаның ресми сайтынан танысуға болады. Құжат тапсыратын үміткерлер құжат тапсыру барысында сұрақтары туындаған жағдайда Түрік Елшілігі білім бөліміне телефон соғып (+7 7172 704 678) немесе Нұр-Сұлтан қаласы Ташенов көшесі, 3 үй мекенжайындағы Консулдыққа келіп ақпарат алуына болады. Сондай-ақ үміткерлер құжат тапсыруға байланысты сұрақтары бойынша Алматы қаласындағы Түрік Бас консулдығы Білім бөліміне (+7 7272 784 165) хабарласып ақпарат ала алады. Тағы бір қуанышты жаңалық – Венгрия үкіметі қазақстандық түлектерге 250 білім беру грантын беруге дайын. Білім беру гранттары "Stipendium Hungaricum" стипендиялық бағдарламасы аясында берілмек.
"Қазір осындай үкіметаралық келісімдер аясында үміткерлерді іріктеу ережелерін жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін, мысалы, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, жетім және ерекше оқу қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ ауылдық жерлерден келген үміткерлер үшін артықшылықтар қарастырылған", – деді Халықаралық бағдарламалар орталығының Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
"Stipendium Hungaricum" стипендиялық бағдарламасы қазақстандықтарға келесі бағдарламалар бойынша 250 грант ұсынады: • бакалавриат бойынша – 110 орын; • магистратура бойынша – 90 орын; • бакалавриат+магистратура бойынша – 30 орын; • докторантура бойынша – 20 орын. Гранттар мажар тілін академиялық мақсатта үйрену курстарын, жатақхана ақысын, медициналық сақтандыруға жұмсалатын шығындарды өтейді. Сондай-ақ студенттерге ай сайынғы стипендия төленеді. Оқыту ағылшын және мажар тілдерінде өтеді. Үміткерлер бір жылдық мажар тілі курсынан өткен соң сол тілде оқитын болса, таңдалған бағдарлама бойынша оқиды. "Stipendium Hungaricum" стипендиялық бағдарламасы туралы толығырақ ақпарат қосымша "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ сайтында немесе ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтында жарияланады. "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқа елдермен ынтымақтастық орнату бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. 2021 жылы Қазақстан "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша жаңа елдермен және жоғары оқу орындарымен байланыс орнатты. 2021-2023 жылдары білім алатын жоғары оқу орындарының саны 138-ден 207-ге өсті.