Қырғыз-тәжік шекарасында қарулы қақтығыс болды
Қырғыз-тәжік шекарасында қарулы қақтығыс болды
142
оқылды
Тәжікстан мен Қырғызстанның шекарасында орналасқан Төрт-Кочо және Чир-Добо аудандарында әскери қызметшілер арасында атыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«27 қаңтар күні сағат 17:30-дан 18:00-ге дейін Тәжікстанның шекарашылары Баткен облысының Төрт-Кочо ауданындағы «Баткен-Исфана» жолының учаскесін біржақты тәртіппен жауып тастады», – деп хабарлады Қырғызстанның шекара қызметі.
Шекара қызметінің облыстық департаментінің басшысы мен Баткен шекара отрядының басшысы аталған жерге аттанды. Шекараның осы учаскесінде орналасқан әскери қызметшілер күшейтілген қызмет режиміне ауыстырылды. Қырғыз тарапы шиеленісті бәсеңдетуге тырысуда. Тәртіпсіздіктер Сомониён ауылынан Чоркух жамағатына бара жатқан Тәжікстан азаматтарының көліктеріне тас лақтырылғаннан кейін басталғаны жайлы болжам бар. Қазіргі уақытта қарулы қақтығыс толықтай тоқтады. Екі жақтан да жауапты тұлғалар келісімге келді. Жағдайды әскерилер мен қауіпсіздік күштері бақылауда. 24.kg агенттігінің 27 қаңтар күнгі мәліметі бойынша, тәжікстандық әскерилер алдымен қарудан оқ жаудырып, кейін минометтен оқ атқан. Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2 адамның қаза тапқанын жариялады. Сондай-ақ 10 адам жарақаттанған. Ал Қырғыз Республикасы тарапынан қайтыс болғандар жоқ. Бірақ 11 адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілгені айтылды. Бұл туралы Sputnik Қырғызстан хабарлады.