«Қаралы қаңтардағы» тәртіпсіздіктен келген салдарлар мен шығындарды әр өңір өзі есептейді. Павлодар облысында рұқсат етілмеген митингке шыққаны үшін 206 адамның жауапқа тартылғаны анықталды. Павлодар облысы әкімдігінің ғимаратына шабуыл жасалуына орай 3 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бір адамға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Кейіннен қылмыстық істі тергеу Павлодар облысы бойынша ҰҚК департаментіне табысталды. Бұзақылардың қылмыстық әрекеттері кесірінен облыс әкімдігіне келтірілген залал 2 млн теңгеден асты. Облыста жаппай тәртіпсіздіктер кезінде азаматтық тұлғалар тарапынан да, құқық қорғау органдары тарапынан да құрбандар жоқ. Облыс аумағында дүкендерді тонауға, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ұрлауға, шағын және орта бизнес объектілерін қирату және бүлдіру фактілеріне жол берілген жоқ. Әлгінде айтылғандай, Әкімшілік кодекстің 488-бабы (Спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуді ұйымдастыру тәртібін бұзу) бойынша рұқсат етілмеген митингке қатысқаны үшін 206 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 180 адам әкімшілік қамауға алынды, тағы сегіз тұрғынға айыппұл салынды. Төтенше жағдай кезінде коменданттық сағат режимін бұзғаны үшін 5-13 қаңтар аралығында Әкімшілік кодекстің 476-бабы (Төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша 813 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды: оның ішінде 206 тәртіп бұзушы әкімшілік қамауға алынды, 251 адамға айыппұл салынды, 565 тұрғынға ескерту жасалды. 682 адаммен профилактикалық әңгіме жүргізілген соң үйлеріне жіберілді. –Барлық тергеу әрекеттері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілді. Ұсталғандарға білікті қорғаушылар берілді. Азаматтардан жүргізіліп жатқан тергеу және жедел алдын алу іс-шараларына түсіністікпен қарауды, тыныштықты сақтауды және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды сұраймыз, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.