Ақмола облысындағы Целиноград ауданының Раздольное және Төңкеріс ауылдарында көптен күткен жаңа екі мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қос білім мекемесі «Nur Otan» партиясының Жол картасы аясында пайдалануға беріліп отыр. Елорда жанында орналасқан аудан тұрғындарының саны жыл санап артып келеді. Сондықтан халықтың сұранысына орай салынып отырған қос мектеп әбден ескірген, апатты жағдайдағы ғимараттарды жойып, білім мекемелерінің заман талабына сай болуына жол ашып отыр. Мәселен, Раздольное ауылында тек бастауыш сыныптарға арналған негізгі мектеп қана бар болатын. Оның өзі ескірген. Ал орта және жоғары буын оқушылары көрші ауылға барып оқуға мәжбүр болды. Енді міне, 80 балаға шақталып салынған жаңа ғимарат 11 жылдық орта мектеп ретінде өз жұмысын жалғастырмақ. Бұл, әрине ауылда жаңа жұмыс орындарының ашылуына да сеп. Ал Төңкеріс ауылындағы мектеп 110 балаға шақталған. Оқушылар заман талабына сай салынып, жаңа технологиялармен жабдықталған сыныптарда оқитын болады. Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасқан облыс әкімі Ермек Маржықпаев аталған білім беру мекемелерінің ашылу салтанатына қатысып, Целиноград ауданын абаттандыру бағытындағы жұмыстар әрі қарай жалғасатынын жеткізді.