Бір ауданда үш мектеп ашылды
Бір ауданда үш мектеп ашылды
409
оқылды

Осындайда «Шамның жарығы түбіне түспейді» деген сөз ойға оралады. Өйткені Алматының іргесіндегі Іле ауданында мектептердің жетіспеуі, ескі білім ошақта­рының бар екені – соның айғағы.

Өндірісі де өркендеген, об­лыс бюджетіне қосатын үлесі де қо­мақты ауданның білім сала­сында 1 қыркүйек күні аса ма­ңызды жаңалық тіркеліп, үш бірдей жаңа мектептің құрылысы толықтай аяқталып, оқушыларға есігін ай­қара ашты. Жаңадан бой көтерген білім ошақтарында ал­ғашқы қоңырау соғылып, 1-сы­ныпқа барған бүлдіршіндер сәу­леті келіскен мектептердің табал­ды­рығын қуана-қуана ат­тады. Ата-аналар мен балалар­дың қуаны­шын облыс әкімінің орын­басары Батыржан Бай­жұманов бөлісті. Алға жылжыған жылдармен бірге аумағы үлкейіп, тұрғында­рының саны артып келе жатқан Қараой ауылында бұған дейін бір ғана мектеп жұмыс істеп келген еді. Соның кесірінен 2 000 бала амалсыздан үш ауысымдық жүйеде оқитын. Енді, міне жа­ңадан ашылған білім шаңырағы бұл мәселені түбегейлі шешіп, ата-аналар мен оқушылардың қуанышын еселеді. Мектеп құрылысы 2019 жы­лы басталып, оған бюджеттен 2,8 миллиард теңге бөлініпті. Мер­дігер Construction Company ЖШС мойнына алған жұмыс­тарды жоспарға сәйкес сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімде аяқтапты. Білім ошағының ашы­лу салтанатында сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың айтуынша, білім күні облыста 438 мың оқу­шы алтын ұя – мектебімен қайта қауышыпты. Соның ішінде 47 мың бүлдіршін 1-сыныпқа қа­былданған. Батыржан Құлай­мергенұлы мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған қаройлық ба­лаларға өз қолымен «Әліппе» оқулығын табыс етті. алғашқы қоңырау Жиналғандар 900 орындық жаңа білім шаңырағының лен­тасын қиып, ішке енді, аралап көрді. Сынып бөлмелері талапқа сай. Жиынжай, спортзалы, мұ­ға­лімдер бөлмесі және тағы басқа кабинеттер барлық ке­рекжа­рақпен жабдықталған. Асхана, шеберхана, кітапхана да көрген жанды сүйсіндіреді. Оқушы­лардың алаңсыз білім алуына жағдай толығымен жа­салған. Жаңа мектепке биыл 750 оқушы қабылданса, олардың ішіндегі 88 бүлдіршін 1-сынып­қа барады. Оқушылардың са­палы білім алуына осындағы 80 мұғалім қалтқысыз қызмет етеді. Ең бас­тысы, балалар үш ауысымдық оқудан біржолата құтылды. Дәл осындай қуанышқа Қос­өзен ауылы мен Боралдай кенті тұрғындары да кенелді. Қос­өзен­де 600 орындық, Боралдай кен­тінде 300 орындық мектеп салы­нып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ Талдықорғанның жанындағы Ескелді ауданының Абай ауылында шағын орталығы бар 180 орынды мектеп бірінші рет шәкірттерді қабылдады. Жа­ңа нысан екі қабаттан, тоғыз бөліктен тұрады. Қазынаның 1 миллиардтан аса қаржысына са­лынған. Бұл мектептің лента­сын облыстық Білім беру бас­қарма­сы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменова мен Ес­келді ауданының әкімі Рустам Әли қиды. Осыған дейін жазғанымыз­дай, Алматы облысында биыл 33 мектеп салынуда. Олардың 9-ы және 1 қосымша ғимарат жыл соңына дейін қолданысқа бері­леді. Оның бірі – Конституция күні ашылса, тағы бесеуінде 1 қыркүйек күні тұңғыш рет ал­ғашқы қоңырау соғылды.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы