Соңғы кезде сарапшылар қазақстандықтардың несиені мол алатынын, банктер бизнесті емес, жеке адамдарды несиелендіруге дағдыланып алғанын жиі айтып жүр. Қоғамда да бұл мәселе ауық-ауық талқыға түседі. Тіпті, «азаматтардың тұтынушылық несиесін мемлекет өтеп беруі тиіс» деген «бастама» көтеріп, хайп жасайтындар да кездеседі. Алайданесиенісынайтынжұртоныалуғанегеқұмар?
2021 жылы ел азаматтарының алған несиесі 1,5 есе артып, тұтынушылық қарызы 6 трлн теңгеге жетті. Бүгінде борышкерлердің 19 пайызы несиесін 90 күннен бері төлей алмай жүр. Біздің халық көбіне қандай мақсаттарға несие алады? Көбінің тілегі несиенің кешірілуі ме?
Халықтың жартысына жуығы қарыздар
Елімізде 22 банк бар. Барлығының кредиттік қоржыны 17,8 трлн теңге. Бұл – қарыз ақша. Заңды тұлғалар 7,5, ал жеке адамдар 10,3 трлн теңге берешек. Тұтынушылық несие кәсіпкерлік несиеден асып кеткен. Бірінші несие бюросының мәліметінше, Қазақстандағы экономикалық белсенді адамдардың саны – 9,23 млн. Олардың ішінде 1,7 млн адам мүлде несие алмаған. Олар – 18-22 жас аралығындағы жастар мен 45 жастан асқан егде адамдар. Ал еліміздің қалған 7,5 млн азаматының банктер мен басқа да қаржы ұйымдарында несиесі бар. Жоғарыдағы статистика Қазақстан халқының жартысына жуығы қарыздар деген сөз.
Кімдер алады?
Жоғарыда қарыз алғандардың 19 пайызында несиені төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен дедік. Соның ішінде, әсіресе 300 мың теңгеге дейін берілетін онлайн шағын несиенің үлесі жоғары. Ол тұтынушылық кредит алғандардың жартысынан астамында бар.
Зерттеулерге сүйенсек, көбіне шағын несиеге 26-30 жастағы қазақстандықтар жүгінеді екен. 2019 жылы осы жастағы қазақстандықтардың (әйелдер мен ерлер) пайызы қарыз алушылардың жалпы санының 25,6 пайызын құрады. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 24,6 пайызға төмен түскен. 60 жастан асқан кісілер көрсеткіші 2019 жылы 3,7% болса, 2021 жылы 2 пайызға азайған. Cонымен қатар соңғы екі жылда шағын несиені тұтынушылар тобы 18-20 жас аралығындағы азаматтармен толығыпты. 2021 жылы несие рәсімдеген жастардың үлесі 2019 жылмен салыстырғанда 8,6 пайызға өсті.
2021 жылы қарыз алушы ерлердің саны 9 пайызға артып, 56,2 пайызға жеткен. Ал әйелдер саны 2019 жылғы 53 пайыздан 2021 жылы 44 пайызға дейін төмендеп отыр. Бұл ретте ерлер аудиториясының 5 пайыздан астамы өткен жылы қосылған.
Білімі бар ма?
Шағын несиелерді көбіне жоғары білімді азаматтар алады. Дегенмен 2019 жылы олардың үлесі 48,7 пайыз болса, 2021 жылы 44,6 пайызға төмендеп отыр. Бірақ сонда да олар көш алда. Екінші орында кәсіптік білімі бар азаматтар, олардың саны 2021 жылы артқан. Атап айтқанда 28,9 пайыздан 30,4 пайызға өсті. Ғылыми дәрежесі бар қазақстандықтар онлайн микронесие қызметіне сирек жүгінетін көрінеді. Олардың үлесі небәрі 0,7 пайыз.
Қайда тұрады? Жалақысы қанша?
Тұтынушылық кредиттер бойынша қарыз алушылардың негізгі үлесі еліміздің ірі қалалары – Алматыда (24,1 пайыз), Нұр-Сұлтанда (9 пайыз) және Шымкентте (7 пайыз) шоғырланған. Шағын несиеге жүгінгендердің басым бөлігі айына 120-200 мың теңге жалақы алатын азаматтар. 2019 жылы олардың саны 38,1 пайыз болса, 2021 жылы 35,5 пайызға төмен түскен. Ал ай сайынғы жалақысы 400 мың теңгеден жоғары азаматтар шағын несиелерді ең аз алатындардың қатарында.
Не үшін керек?
Көбіне қазақстандықтар онлайн несиені емделу үшін рәсімдейді, яғни 10,1 пайызы денсаулығын жақсартқысы келгеннен қарыз алады. Келесі 6,5 пайызы азық-түлік, жол билеттеріне жұмсайды. Шамамен 5 пайызы көлік жөндеу, кәсібінің тасын өрге домалату үшін алады. Сонымен қатар борышкерлердің 5,4 пайызы білім алу үшін шағын несиеге тұрақты түрде жүгінетінін сарапшылар растап отыр. Бірақ қазақстандықтар үйін жөндеуге, саяхаттауға (0,6%) және ойын-сауыққа (0,2%) қарыз алуды құптай бермейді.
Банктердің құмарын қалай қайтарамыз?
Қаржылық институттар несиені берерде қарыздық жүктеме коэффициентін қатаң сақтауы қажет. Яғни, тұтынушылық кредит беру тәуекелдерін шектеу үшін банктердің қарыз алушының борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу міндеті белгіленген. Яғни, банктер қарыз беру кезінде қарыз алушының мерзімі өткен төлемдер сомасын қоса алғанда, барлық өтелмеген қарыздар бойынша барлық төлемдері оның орташа айлық кірісінің 50 пайызынан аспауға тиіс екенін ескеруі тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талабы осындай.
Бұған дейін агенттік тұтынушылық кредит беру тәуекелдерін бақылау үшін шаралар қабылдаған болатын. Барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша ақы төлеу мерзімін 90 күнге кешіктіргеннен кейін тұрақсыздық айыбы мен комиссияны есептеуге тыйым салынды. Бұл ретте төлемге қабілетсіз тұлғаларға қарыз берудің алдын алу мақсатында табысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен аспайтын азаматтарға қарыз беруге тыйым салынған. Банктер жаппай тұтынушылық несие беруден тартынуы үшін банктердің осындай кредиттер бойынша жеке капиталының жеткіліктілігіне (150 пайыздан бастап 300 пайызға дейін) деген талаптар да екі есе ұлғайған.
Сонымен қатар проблемалық берешектің өсіміне жол бермес үшін 2021 жылдың 9 сәуірінен бастап қарыз алушыға кредиттік бюро жүйесінде «оңалтылған» мәртебесінің тағайындалуын көздейтін оңалту тетігі енгізілген еді. Қазір 1,9 млн азамат «оңалтылған» мәртебесіне ие. Осы орайда агенттік өкілдері азаматтардың қарыздар бойынша борыш жүктемесінің өсімін шектеу үшін кепілді банктік қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелерінің шекті өлшемдері 16 пайыздық тармаққа дейін (56 пайыздан бастап 40 пайызға дейін) азайтылғанын айтады. Кепілсіз банктік қарыздар бойынша 56 пайыз деңгейінде сақталмақ. Сонымен бірге ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 31 пайыздық тармаққа (56 пайыздан бастап 25 пайызға дейін) төмендетілген.
Қағаз жүзінде ғана
Бірақ талап қағаз жүзінде қалып отыр. Мәселен, қолға түсетін жалақы 100 мың теңге болса, несие рәсімдеген кезде ай сайынғы төлеміңіз 50 мың теңгеден аспауы керек. Тағы да қосымша қарыз алынса, оның да өтемі жалақының жартысынан көп болмауы тиіс. Бірақ банктер мен микроқаржылық ұйымдар бұл талапқа мән бермейді. Олар пайыздық кірісін ғана ойлайды. Қарыз берушіні пайдасы ғана қызықтырады, қалғанына бас қатырып жатқан олар жоқ. Бұл ойымызды банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев та қуаттап отыр.
«Қарыздық жүктеме коэффициентіне қарыз алуға өтініш беруші сай келмесе, банк оның несие тарихы жақсы болса, несие бермеуі тиіс. Несиелер бұрыннан қолжетімді. Себебі банктер, микроқаржылық ұйымдар несие беруге құлықты. Тұтынушыларының ізін «аңдып» отырады. Бірақ ойланбай несие берсе, кейін проблемалық несиелер де арта береді. Егер олар сол талапты қатаң сақтаса, несие беру көрсеткіші төмен болса да, қарызды қайтармайтындардың саны аз болатын еді», – дейді сарапшы.
Несие алма деп қалай айтасың...
Банктер мен қаржы институттарынан берілетін бөлшек несиенің өсімі – кез келген елдің экономикасы мен қаржы секторының даму көрсеткіші болып саналады. Күйбең тіршіліктің мәселесін несие алумен шешу әлемдік тенденцияға айналып кеткеніне де біршама уақыт болды. Осы тұрғыдан алғанда несие берме немесе несие алма деп айта алмаймыз. Өйткені табысы төмен адамдарға несие беруге тыйым салса, мұндай жағдайда азаматтар банктен ломбардқа не мөлшерлемесі жоғары онлайн несиелеуге ауыспай ма? Екінші, төлем қабілеті төмен азаматтарға несие берілмеуі үшін мемлекеттен тарапынан заң қабылданса, ол нарықтық экономиканың талаптарына қайшы.
«Бұл жерде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің жөн-жосықсыз несие беруін тежеу керек немесе заңсыз жұмыс істеуіне тосқауыл қоюы керек. Себебі халыққа азық-түлікті несиеге алма, несиеге телефон, көлік алма деп айта алмаймыз. Агенттік екі жылдан бері жұмыстар жүргізіліп жатыр деп, статистикасын көрсетеді. Бірақ белгілі бір банктерді ғана тексере ме әлде үлгермей ме?! Нәтижесін көріп отырған жоқпыз. Егер түгелімен бірін қалдырмай тексеретін болса, берешектің көрсеткіші артпаушы еді», – дейді Н.Биякаев.
Қаржылық сауатты болмаса да, кез келген адам қарыз алатын кезде қашан, қанша төлеу керек екенін біледі. Қазақ «көрпеңе қарай көсіл» деп тегін айтпаған ғой. Бүгінде халық арасында несие алып, оны төлемей қоюға болады деген түсініктің күн өткен сайын күшеюі отқа май құйғандай болып отыр. Бұл пікірді экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шаменов те растап отыр.
«Тамақты қарызға ішеді, азық-түлікті де қарызға алады. Халық кедейленіп барады. Әлеуметтік желілерде көшеге шығып, «халықтың несиесін кешірсін» деп ұрандатып жүргендердің видеолары желдей есіп жүр. Оны көргендер түбінде кешіретін шығар деп, төлей алмайтынына қарамай несие алады», – дейді А.Шаменов.
Қорытындысында бір қолымен қарыз беріп, екінші қолымен оны еселеп қайтарып жатқан банктер талапқа сай жұмыс істесе, төлей алмаса да, несие алатындардың саны төмендер еді. Екінші, халықтың азық-түлік тауарларына жұмсайтын шығындарының артуы 2015 жылғы девальвациядан кейін басталғанын білеміз. Халықтың тамаққа көп ақша жұмсауы жүйедегі қателіктен хабар береді. Яғни, халықтың жағдайының нашарлап бара жатқанын көрсетеді. АҚШ-та көлікті несиеге аламын десеңіз, 1 пайызбен береді. Бізде 20 пайыздың маңайында. Қазір Ұлттық компанияларға тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын білеміз, ендігі кезек несие бергіш банктерде болса дейміз. Себебі көптің қалауы несиесінің кешірілгені емес, онсыз да қаржыдан қиналып отырған қараша халыққа 3-4 пайызбен берілсе, жағдай біршама басқаша болар еді. Қысқасы, халықтың әл-ауқатын, жалақысын арттыру, жұмыспен қамтамасыз ету – жаңа Қазақстанның алдындағы кейінге қалдыруды күттірмейтін мәселе.