Қытайдың ізімен Ресей де майнинг өндіруге тыйым салып, криптовалюта айналымынан бас тартуы мүмкін екенін хабарлады. Мұндай позицияны өткен аптада Ресейдің Орталық банкі (ЦБ) жариялады. Бұл нені білдіреді? Қытайдан үдере көшкені сияқты Ресейдегі майнерлер де Қазақстанға көшуі мүмкін бе? Мұндай «көш» біздің экономикамызға, соның ішінде энергетика саласына салмақ салмай ма?
Криптовалюта қаржы пирамидасы ма?
Ресейлік ЦБ криптовалютаның қай түрі болмасын, толық тыйым салуды ұсынып отыр. Яғни, оларды шығаруға, айналымға салуға және айырбастауға болмайды. Себебі криптовалюталардың волатильдігі жоғары, нарықтағы және одан тыс кез келген әсерден тербеліске көп ұшырайды. Ол сонысымен қауіпті. Орталық қаржы ұйымының бұл пікірін өзге де банктер қолдап отыр. Тіпті, тыйым салу бастамасын көтерген Федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) деген де ақпарат бар. Олар халықтың басым бөлігінің қаржылық және цифрлық сауатсыздығын көлденең тартып, мұның соңы мемлекеттік қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал Орталық банктің өзі криптовалютаны қаржы көпіршігі деп бағалап отыр. «Криптовалюталарда қаржы көпіршігінің және қаржы пирамидасының белгілері бар: өйткені олардың бағасының өсуі нарыққа жаңадан келген қатысушылардың сұранысымен тікелей байланысты», – делінген ОБ жасаған баяндамада. Мұндай тұжырымды Мемдуманың бірқатар депутаты да құптап отыр. Әйтсе де, Орталық қаржы ұйымының бұл бастамасына қарсы шығып жатқандар көп. Солардың бірі Telegram қосымшасының негізін қалаушы Павел Дуров Орталық банктің бұл әрекетін қатты сынға алды. Оның ойынша, мұндай шешім IT мамандардың Ресейден үдере көшуіне және экономиканың жоғары технологиялы салаларының тоқырауына алып келуі мүмкін. Біздің елімізде де мұндай шешімге сын көзбен қарап отырғандар бар. «Орталық банк өзінің позициясын экономиканың классикалық теориясы тұрғысынан қарастырып отыр. Ол тек қана фиатты ақшаға, шынайы активтерге негізделген. Сондықтан да оның позициясында цифрландырудың заманауи виртуалдық тенденциясы жетіспейді деп санаймын. Олар уақыт бір орында тұрмайтын, ұдайы даму үстінде екенін ескермей отыр. Тарихқа үңілер болсақ, кезінде қағаз ақшаға көшкен кезде де осындай мәселе болған. Заман дамуымен біз енді цифрлық ақшаның заманына келіп тұрмыз. Қазір әлемде витруалды ақшаға байланған қаржы құралдары көп. Мұнда өте үлкен ақша айналып жатыр. Көптеген ел бірте-бірте осы жаңашылдыққа көшуде», – дейді Ұлттық блокчейн және дата-орталықтар өнеркәсібін дамыту ассоциациясы вице-президенті Сергей Путра. Сергей Путра криптовалютаны – қаржы пирамидасы деп атайтындармен келіспейді. Өйткені классикалық теория жүзінде қарар болсақ, фиатты ақшалар осы уақытқа дейін белгілі бір коэффициентте алтынмен қамтамасыз етіліп келді. Кейіннен одан бас тартылды да, бүгінде әлемде фиатты валюта сол елдің репутациясымен ғана бағаланады. Олар ешқандай да алтын қорымен байланысты емес. Тек мемлекет тарапынан кепілдік беріледі. Ал қазіргі криптовалютаға келер болсақ, ол белгілі бір мемлекетке қатысы жоқ, әлемдік қауымдастық болады. Оның шығарушысы да, пайдаланушысы да – бүкіл әлем. Сондықтан біз оған түбі келеміз. Оның бір нышаны – әр елдің өзінің «цифрлық валюталарын» шығаруға ден қоя бастағаны.Өзімізде электр энергиясы тапшы
Сонымен, елімізде электр қуатының тапшылығы бұрындары тек 1-2% құрайтын болса, былтыр бұл сан 7-8%-ға жетті. Яғни, тұтыну көлемі осынша көлемге, яғни 93 кВт/сағатқа дейін артқан. Бұл проблемадан шығу үшін Қазақстан көтерме көлемде тұтынушылар үшін электр энергиясын шетелден сатып алуды қолға алды. Елдегі 2025 жылға таман туындайтын тапшылықты жабу үшін елімізде 5,4 мың МВт генерациялық қуат көзін тарту жоспарланып отыр. Оның 1,4 мың МВт-ы маневрлық генерация, 2,4 мың МВт жағармалы қуат көздерінен және 1,6 мың МВт қолданыстағы электрөндіруші кәсіпорындарды модернизациялау жолымен алынбақ. «Бізге осы уақытқа дейін энергетика саласындағы жауапты органдар мен ұйымдар елімізде электр энергиясының профициті бар деп сендіріп келді. Бірақ біз майнерлерге қатысты проблеманы жағдай ушыққаннан кейін барып қана естіп-біліп отырмыз. Майнерлер 8 МВт электр энергиясын 1 кВт-ына 11 теңгеден тұтынады. Бұл ретте, бюджеттік мекемелер мен қарапайым тұтынушы 15-20 теңге көлемінде төлейді. Бұл дұрыс емес. «Самұрық-Энерго» мен KEGOK компаниясы сұр майнерлерді анықтауда дәрменсіз болып отыр. Бұл ондай астыртын фермалардан бюджетке бір тиын да түспейді деген сөз», – дейді Мәжіліс депутаты Құдайберген Төлепұлы. Электр энергиясы тапшылығы елімізде өткір тұрғандықтан, Атом электр стансасын (АЭС) салу мәселесі де өзекті бола түскен еді. Кейбір мәліметтер бойынша, оның құрылысына бүгінде рұқсат та беріліп үлгерді. Ал ол уақытқа дейін Қазақстан тапшылық мәселесін жойып қана қоймай, энергетика саласының дамуын экономикалық даму көлемінен 7 жыл алға алып жүретіндей жағдайға жету керек. «7 жыл алда жүру дегеніміз – халықаралық стандарт. Сонда ғана энергетика саласы ел экономикасының дамуын тежемей, ЖІӨ-нің өсуіне қозғау салмақ. Бұл үшін барын жаңғыртып, жаңа электр стансасын салу керек. Ал оған дейін тапшылықтың орнын толтыру үшін Ресейден импортқа көшу қажет. Ал нақты қанша электр энергиясы қажет екенін дұрыс есептеп шығару үшін, «сұр» майнерлерді көлеңкеден жарыққа шығарып, нақты санын есепке алу керек», – дейді энергетик Жақып Хайрушев. Мамандардың айтуынша, майнерлерді беталды кінәлай беруге болмайды. Мүмкіндігінше, оларға қолайлы жағдай туғызып, жұмысын өркендете түсу керек. Өйткені бүгінде олар ел экономикасына электр энергиясы мен жабдықтарды сатып алу, салық төлеу бойынша жылына 120 млрд теңге кіріс әкеліп отыр. Бұл мәселені тездетіп шешпесек, онда әлемдегі жетекші орнымыздан ғана емес, осы пайдадан да қағылуымыз мүмкін.Кінә «сұр» майнерлерде
Қытай криптовалютадан түбегейлі бас тартқаннан кейін Қазақстан майнинг өндірісі бойынша әлемде Америкадан кейін екінші орынға шықты. Оған дейін біздің елдің мұндағы үлесі 11% болған болса, былтырдан бастап 18%-ға көтерілді. Елімізде майнинг жасайтын дата орталықтардың қатары артты. Бұл электр энергиясын тұтынушылардың да қатары артты деген сөз. Бірақ былтырғы күзден бастап пайда болған еліміздегі энергетикалық тапшылыққа байланысты қоғамда «барлығына кінәлі майнинг жасаушылар» деген пікір қалыптасты. Бұл тұста майнинг өндірушілер «ақ» және «сұр» болып бөлінетінін ескеру керек. Елімізде заңды түрде тіркеліп жұмыс істеп жатқан «ақ» майнер саны – 70 компания. Олар өз мұқтаждығына 700 МВт электр энергиясын тұтынады. Ол үшін уақытылы ақшасын төлеп отыр. Ал «сұр» майнерлер ешқандай техникалық шарт алмастан, жасырын түрде ток көзіне қосылып жұмыс істейді. Осылайша, олардың тұтыну көлемі «ақ» майнерлерден екі есе асып түсіп, 1 500 МВт-ты құрап отыр. «Негізгі проблема көлеңкеде жұмыс жүргізіп жатқан «сұр» майнерлерде. Бірақ Энергетика министрлігі және желі операторы KEGOK компаниясы оларды анықтай алмағандықтан, ешқандай да талдау жасамастан, кінәні цифрлық майнинг өндірушілерге арта салып, оларды ток көзінен айырып тастады. Тапшылық проблемасының пайда болғанына жарты жылдай уақыт өтсе де, электр тапшылығына нақты майнерлер кінәлі деген ешқандай да зерттеулер жасалған жоқ. Тек бір бұйрық шығарды да, «айттым бітті, кестім үзілді» деген сыңайда, шешім қабылдай салды. Бұл – дискриминация. Тұтастай өнеркәсіпті белгісіз ерекшеліктеріне қарай шеттету деген сөз», – дейді Сергей Путра. Маманның айтуынша, еліміздегі токтан айыру, электр энергиясының тапшылығы, майнерлерге деген теріс көзқарас деген секілді көптеген проблемадан соң Қазақстан әлемдегі екінші орнын сақтап қалады деп айту қиын. Мұндай статистика алдағы айда белгілі болмақ. Елімізде майнинг өндірісіне рұқсат болғанымен, криптовалюта саудасына заңмен тыйым салынған. Бірақ бізде «Ағылшын құқығына ие» «Астана» халықаралық қаржы орталығы бар. Оларға конституциялық заң деңгейіндегі криптовалютаны жеке қарамағына реттеуге құқық берілген. Осы орталықтың базасында криптобиржаны іске қосу туралы пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мұнда қазақстандық азаматтар сауда жасай алатын болады. Мұның барлығы заңды.