Майнинг миграциясынан қауіп мол
Майнинг миграциясынан қауіп мол
235
оқылды

Қазақстан майнингтен әлем­­­де 2-орынға шықты. Бұ­ған дейін, жыл басында 4-орын­да тұрған. Енді бір дер­жава ғана қалды. Қазақ­стан Қытай елінен қашқан май­нер­лер есебінен алға озып отыр. Бірақ жалған «ақшадан», яғни құнсыз криптовалютадан түсе­­тін шын қаражат бәрібір Қытайға кетеді екен. Майнинг­тің кең өркен жаюы кесірінен Қазақстан қуат дағдарысына ұшырау мүмкін.

Қытайдан «қоныстанушылар» қай өңірге құмар?

Кембридж университетінің мәлі­метінше, жаһандық майнингтегі Қазақстанның үлесі 18%-ға жетті. Осылайша, республика криптовалюта өндірісі бойынша әлем­де екінші орынға шықты. Өйткені Қазақстан бұл салаға қол­дау көрсетіп отырған әлемдегі аз елдің бірі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 2025 жылға дейін майнингке 500 миллиард теңгеден астам инвестиция құйы­латынын хабарлаған-тын. Аталған министрліктің вице-министрі Асхат Оразбектің түсін­діруінше, 2020 жылғы 25 маусымда күшіне енген «Кейбір заңнамалық актілерге цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, Қазақ­станда цифрлық активтердің айналымы заңдастырылды, оны реттейтін құқықтық режим заң жүзінде орнатылды. «Атап айтқанда, цифрлық актив ұғымы енгізілді, ол қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген (криптовалюта) болып екіге ажыратылады. Бүгінде елде майнингті кәсіпкерлік қызмет деп тану бо­йын­ша заңнамалық база қалыптас­тырылды», – деген түсініктеме бер­ген болатын мамыр айында вице-министр Асхат Оразбек. Содан бері жағдай көз ілеспес жылдамдықпен өзгерді: Қазақстан бұл істе Қытай мен Ресейді артқа тастап, Америкамен терезе теңес­тіре бастады. Кембридж универ­ситеті­нің зерттеуінде айтылғандай, енді майнинг бойынша жаһандық көш­басшы Қытай емес, АҚШ: оның үлесі 35,4%. Ресей 11% үлесімен үшінші орынға шықты. Осы­дан-ақ көрші Қытай майнер­лерінің электр қуаты арзан көрші елдерге – Қазақстан мен Ресейге миграциясы басталғанын байқауға болады. Bloomberg дерегінше, Қытай майнерлерінің көбі Қазақстанға, одан қалды АҚШ, Канада, Еуропа және Ресейге қоныс аударып жатыр. Қытайлық атақты майнинг алпауыты Bit Mining биылғы маусымда 320 майнерін Қазақстанға көшіріп алды. Кейбір деректер бойынша ірі майнинг фермалары Ақтөбе, Павлодар, Екібастұз, Петропавл, Түркістан және Талды­қорғанда қарқынды өркен жайып келеді.

Криптовалютаға неге тыйым салынды?

Таяуда ғана дүниежүзілік лидер болған ҚХР-дің үлесі 46%-дан нөл­ге бір-ақ түсті. Себебі шығыс көршіде биылғы қыркүйек айынан бері криптовалюта майнингі түбе­гейлі доғарылды. Бұған қоса, ҚХР билігі криптовалюталық транзакциялар жүргізуге толығымен тосқа­уыл қойды. Биткоин сатқандар да, сатып алғандар да қаржылық қыл­мыс жасаған болып есептеледі және қатаң жазаланады. Сарапшылардың айтуынша, Бейжің осы арқылы келесі жылы жаппай қолданысқа енгізіледі деп жоспарланып отырған цифрлық юань үшін өрісті тазалауда. Қазіргі шытырлаған ақша күйіндегі дәстүрлі ұлттық валютаны да жоюы тиіс цифрлық юань (DCEP, Digital Currency Electronic Payment) Қытай билігіне елдегі әрбір «тиынның» қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Ал егер DCEP-пен бірге әлемдегі ешбір мемлекет бақылай алмайтын криптовалюта қатар жүрсе, мұндай қадағалау мүмкін болмас еді. Осыған орай өз елінде «қылмыс ошағына» айналған Қытайдың майнинг фермалары өзге елдерге, негізінен Қазақстанға көшіп жатыр. Осыдан болса керек, қазір интернет, әлеуметтік желілер «Майнинг фермы под ключ» деген жарнама-хабарландыруға толы. Криптовалюта өндіру ісі қазақстан­дықтарды ынтызар етіп, есіл-дертін жаулап алды. Олар тез байып шыға келемін деп ойлайды. Кешегі, 19 қазандағы жағдай бойынша 1 биткоинның құны 26 миллион 382 мың теңге тұрады. Демек, біраз қазақстандық бірнеше жыл шүмек­теп тер төгіп, тынбай еңбек етсе де, 1 биткоинға тұрарлық табыс таба алмайтын болғаны ма? Шынында олай емес. Құнсыздануын, халвинг үрдісін ескергенде криптовалюта бағамы үнемі құлдырап тұрады. Мысалы, 2021 жылғы 28 қыркүйек­те биткоин бағасы 17,4 миллион теңгеге дейін түсті. Ал 2015 жылы 99 мың теңгеге дейін арзандап кеткен болатын. манинг миграция Криптовалюта қаражаттың бір бөлігін инвестициялауға жарайтын құрал ғана болуы мүмкін. Ал бар дүние-мүлкін сатып, бүкіл жина­ғын соған салғандардың оңбай ұтылғаны көп.

Бес Қызылорда облысының қуатын «жейді»

Қытайдың майнингке тос­қауыл қоюының тағы бір салмақты себебі бар: криптовалюта өндірісі елде энергетикалық дағдарыс туғызуға қабілетті. Ешбір ел мо­йын­дамаған, нақты құны жоқ бұл «елес» активтің өндірісі өте көп қуат шығындауы кесірінен нақты өнім беретін өнер­кәсіптерді тоқы­ратады. Сондықтан 2021 жылғы шілдеде Қытайдың Мемлекеттік энер­гетикалық корпорациясы жеке және заңды тұлғалардан бұдан былай электр энергиясын криптовалюта майнингі үшін пайдаланбауды талап етті. Бұған бағынбағандар тоқтан түпкілікті ағытылады. Осы арқылы шы­ғыс көрші күшейіп бара жатқан энергетикалық дағда­рыспен күре­сіп келеді. Энергетика министрлігінің мә­ліметінше, Қазақстанда дәл қазір энергия тапшылығы жоқ. Биылғы жыл басынан бері, қаңтар-қыр­күйек айларында елде 83,872 миллиард кВт/сағат электр қуаты өн­дірілген. Жалпы алғанда, еліміз 2021 жылы 109 млрд кВт/сағат элек­­тр энергиясын өндіруді жос­пар­лап отыр. «Салыстыру үшін айтсақ, Қазақ­­стан 2020 жылы 108 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндірді, ішкі тұтыну көлемі 107,3 млрд деңгейінде болды. Яғни, еліміздің электр энергиясына деген қажеттілігі толығымен қамтамасыз етілді», – деп хабарлады министрлік. Бірақ ары қарай жағдай күр­деленуі мүмкін. Себебі биыл электр қуатын тұтынудың рекордтық өсімі тіркелді. Сарапшылар электр шы­ғы­нының күрт өсуін қытайлық майн­инг кәсіпорындарының Қазақ­­стан­дағы жұмысымен байланыстырады. Осыған дейінгі жылдары электр тұтынысы елімізде жыл сайын шамамен 2%-ға ғана артып отырса, биыл бірден 7%-ға шарық­таған. Бұл 1,5 мың мегават­тқа тең. Мұның ауқымын түсіну үшін салыстырсақ, бұл Қазақстанда тағы 5 Қызылорда облысы пайда бол­ғанмен бара-бар! «Қытай елінен майнерлердің бақылаусыз миграциясы Қазақ­стан­да энергетикалық дағдарыс тудыруы ғажап емес. Рас, әзірге елде электр энергиясы мол өн­діріледі. Артығы экспортталады. Әйтсе де, майнинг қуат құнының қымбаттауына соқ­тыруы ықтимал. Биржада бұрын бір кВт/сағатты 1,5 теңгеден саудалайтын. Енді ол еселеп өсіп жатыр. Биыл­дың өзінде тариф екі рет көтерілді. Бір ірі майнинг кәсіпорны тұтас су электр стансасы өндіретін электр энергиясын бір өзі «жеп» қоя алады», – дейді энергетик, техника ғылым­дары­ның кандидаты Камал Жорабаев.

Бір өндіріс өзгесін құртып тынбай ма?

Биткоин өндірушілер шығын­дайтын қуат ағынын реттеу үшін Энергетика министрлігі мен KEGOC нормативтік актілерге түзетулер әзірлепті. Жасырын майнингпен айналысатындар да жетерлік, солардың шамадан тыс ауыртпалық түсіруі кесірінен елді мекендерде, қалаларда электр беру жүйесінде ақаулар, апаттар жиі болып тұрады. Ведомство мұндай көлеңкелі криптофермаларды қуаттан ағытып тастауға ниетті. KEGOC мамандарының пікі­рін­­ше, жаңа қуат өндіруші нысандар іске қосылмаса, болашақта тез қарқынмен өскен тұтынысты өтеу мүмкін болмайды. Криптовалютаның тәуекелі көп. Сарапшылардың айтуынша, ол адамдардың жинақтарын жоғал­туына, қылмыстық әлемнің қар­жы­ландырылуына, заңсыз транс­шекаралық аударымдардың артуына, қаржының жылыстатылуына жол ашады. Бұған энергетикалық дағдарыс қосылып отыр. Мысалы, Иранда майнинг кесірінен электр жүйесі жайрап қала жаздады. Бұл эко­номика­ның дамуына нұқсан келтірді. Желідегі апаттар қарапайым тұрмыстық техника сыртында, кәсіп­орындардағы күрделі аспап, құрылғы, жабдықтардың істен шығуына әкеліп соқтырады, бизнеске шығын келтіреді. Әрі қытай­лық биткоин өндірушілерден бюджетке түсетін пайда да шамалы. Мұны Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин де айтқан болатын. Майнингтен түсетін табыстың көбі бәрібір Қытайға кетеді. Мысалы, елімізге қоныстанған BIT Mining Limited компаниясының 80% акциясы – ҚХР-ға, тек 20%-ы ғана қазақстандық серіктестеріне тиесілі екен. Сондықтан биылғы мамырда Мәжіліс Салық кодексіне өзгеріс енгізіп, цифрлық майнингке алым енгізді. Бұл жерде криптовалюта өндіру үшін тұтынылған 1 кило­ватт-сағат қуат үшін төлем ставкасы 1 теңге ғана болмақ. Осының өзіне майнерлер үдере қарсы шық­қаны есте. Дегенмен Парламентте ұлт­тық заңнамаға басқа да түзетулер енгізу қажет болатынға ұқсайды. Бұл саланы қатаңырақ реттеу, майнерл­ердің бақылаусыз миграциясын шектеу, қара ниетті майнерлердің биткоин өндіруге өзге тұтынушы­лардың компьютерлерін, электр желілерін заңсыз, жасырын пайдалануына тыйым салу үшін қажет. Әйтпесе, әлемдік лидер болып тұрған тұста Қытай криптовалюта өндіру үшін 84 ұсақ ел пайдаланатын бүкіл электр энергиясын бір өзі тұтыныпты. Егер Қазақстан көшбасшыға айналса, еліміздегі 204 электр стансасы сонша қуат өндіре алмайды. Онда биткоин өндірісі респуб­ликаның барлық дәстүрлі өнер­кәсібінің күйреуіне әкеліп соғуы ғажап емес.

Айхан ШӘРІП