Жәрдемақы алатын қазақстандықтардың әлеуметтік төлемақысы көбейді
Жәрдемақы алатын қазақстандықтардың әлеуметтік төлемақысы көбейді
© egemen.kz
365
оқылды
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төленетін үш әлеуметтік төлемнің мөлшері ұлғайтылды. Бұл шара 347,7 мың адамға әсер етті, - деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.  Үкіметтің 2021 жылғы 17 қарашадағы № 820 қаулысына сәйкес, сатып алу қабілетін сақтау мақсатында биылғы жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда (75 130 алушы) және асыраушысынан айырылған жағдайда (52 096 алушы) МӘСҚ-тан төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемдердің мөлшері 5%-ға арттырылды. Бұл төлемдер ұзақ мерзімді болып табылады, өйткені олар бірнеше жыл бойы төленуі мүмкін: еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда – адам еңбекке қабілеттілігін қалпына келтірмейінше не зейнеткерлік жасқа жеткенше; асыраушысынан айырылған жағдайда – балаларға кәмелетке толғанға дейін және күндізгі оқу нысанының студенттеріне 23 жасқа дейін жүзеге асырылады. Айта кету керек, жоғарыда аталған төлемдерді алушылар бюджет қаражаты есебінен осындай мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды да алады. Сондай-ақ, осы жылғы 1 қаңтардан бастап АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тан 1 жасқа дейінгі ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшері арттырылды. Бұл шара 220 462 алушыға әсер етті. Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда аталған әлеуметтік төлемнің мөлшері баланың туған күніне дейінгі соңғы 2 жылдағы орташа табыстың 40%-ын құрайды. Бұл ретте бұл әлеуметтік төлемнің ең төменгі мөлшері ұсталуға жататын міндетті зейнетақы жарналарын қосымша есептей отырып, «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңға сәйкес туылған баланың кезектілігіне қарай белгіленген ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем болмауға тиіс. Жоғарыда көрсетілген барлық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру МӘСҚ активтері есебінен жүзеге асырылды. Осылайша, әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысанын алуда жұмыс істейтін халықтың мүдделері қорғалды.