Соңғы екі жылда пандемиядан зардап шеккен саланың бірі – кино нарығы. Екі жыл қатарынан жоспарланған фильмдер уақытында жарыққа шыға алмады. Конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанған сценарийлердің өзі дер кезінде түсіріліп үлгерген жоқ. Өткен жылы фильмдер түсіруге 4 382 601 950,11 теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржының қаншасы жұмсалды, қандай фильм түсірілді? Соны сараптап көрсек...
39 жобаға қолдау болған
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген 27 фильм 56 халықаралық кинофестивальге қатысып, 39 жүлдені жеңіп алған екен. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, «Кинематография туралы» заңға сәйкес, биыл мемлекеттің қаржыландырумен 37 фильмнің түсірілімі аяқталған. Бұдан бөлек, жеке компаниялардың да өнімі бар. Бұған министрлік есеп жүргізбейтіні белгілі. Өткен жылы желтоқсан айында көрерменмен қауышқан фильмнің бірі – «Боксшы». Режиссер Ақан Сатаев бұл фильмді түсіруге екі жылын арнаған. Оған екі жыл ішінде 900 миллион теңге беріліпті. Сценарийіне 67,5 миллион бөлініпті. Ал сценаристер қатарында Альмира Тұрсын да бар. Ол «Томирис» фильміндегі басты рөлі арқылы көрермен есінде қалды. Жарыққа шығуы тиіс тағы бір фильм – Ермек Тұрсыновтың «Таңдауы» 2019-2021 жыл аралығында бұл фильмге бюджеттен 500 млн теңге бөлінген. Әзірге фильмнің үлкен экранға қашан шығатыны белгісіз. «Ұлттық киноны қолдау» мемлекеттік орталығының мәліметінше, 2019 жылғы конкурс бойынша 17 киножобаға қолдау көрсетілген. Оның үшеуі әлі өндірісте, 14 жоба толығымен аяқталды. «Оның ішінде прокатқа шыққандары – Эрнар Құрмашевтың «Каникулы офф-лайн 2» (2019 жылы желтоқсанда) және Ақан Сатаевтың «Боксшы» (2021 жылы желтоқсанда) фильмдері. Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» картинасы Токиода жүлде алды және жақында Берлиналеге қатысады. Фархат Шәріповтің «Схема» фильмі де сол Берлиналеде көрсетіледі. Айжан Қасымбектің «От» картинасы бірнеше халықаралық фестивальдерден жүлде алып, Қазақстанда Бастау кинофестивалінде көрсетілді», – дейді орталықтың баспасөз қызметінің өкілі Жангелді Өмірәлиев. Ал 2020 жылғы конкурс бойынша 39 жобаға қолдау көрсетілді. Оның бесеуі өндірісте болса, 34 жоба толықтай аяқталған. Олардың ешқайсысы да, прокатқа әлі шыққан жоқ. Ол фильмдердің кейбірі 2022 жылға жоспарланып отыр. Олардың қатарында Айдын Сахаманның «Дос-Мұқасан», Ардақ Әмірқұловтың «Хирург», Алдияр Байракимовтың «Паралимпиадашы», Дархан Төлегеновтің «Ағайынды» фильмдері бар.«Боксшының» табысы әлі белгісіз
«Ұлттық киноны қолдау» мемлекеттік орталығы берген мәліметтерге қарағанда, фильм прокатына олардың қатысы жоқ. Прокатпен фильм авторларының өзі айналысады. Прокат демекші, 2021 жылдың желтоқсанында «Боксшы» фильмі үлкен экранға шыққан еді. Фильм туралы режиссер Ақан Сатаев: «Көзі тірі адам жайлы кино түсірудің жауапкершілігі де өте жоғары. Дегенмен пайдалы жағы да көп. Мәселен, сұрақтар туындап жатса, Серікпен де, оның ата-анасымен да кеңесіп отырдық. Қазір әкесі өмірден өтті. Бапкерімен де байланыста болдық. Кинода көрсетілгендей, Серіктің өмірде жаттықтырушысымен арақатынасында қиындықтар болған жоқ. Оқиға желісі көрерменге қызық болуы және де кинода қандай да бір конфликт тудыру үшін біз әрине, екі тараптың рұқсатымен, арақатынастарын шиеленістірдік. Пандемияға байланысты фильмнің шығармашылық мерзімі екі жылға созылды. Түсірілімге 60 күндей уақыт кетті», – деген еді. Бюджеті 900 миллион тұратын фильмге қатысты да сын-пікірлер көп айтылды. Тіпті, драматург Жәнібек Әлікен: «Серік Сәпиев туралы кино түсірілді дегенде-ақ сіздің ойыңызға қандай кино елестеуі мүмкін. Иә. Дәл солай. Олимпиада алтыны қолға тимей жүрген талантты боксшының үнемі сәтсіздікке ұрынып жүріп, соңғы мүмкіндігінде Олимпиада алтынына қол жеткізіп, еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранымыздың орындалуы. Ең қызығы кино да дәл осылай түсірілген. Бейжің Олимпиадасында жеңіледі, содан кейін күш салып жаттығады да, киноның соңында Лондон Олимпиадасында топ жарады. Ешбір конфликт, ешбір шиеленіс жоқ. Ал енді осы көркем шалыс деректі фильмнің сценарийін жазуға сіз бен біздің қалтамыздан төленген салықтың қанша ақшасы кетті деп ойлайсыз?» деп жазды. Ал фильм прокаттан қанша қаржы тапқаны туралы нақты ақпараттар жоқ. Үлкен экранға шығар алдында өткен баспасөз мәслихатында Kinopark & Kinoplexx Theatres басшысы Алмаз Малдыбаев: «Боксшы» фильмінің кассалық табысы Rentrak жүйесі арқылы бақыланады. Бұл әлемдік Rentrak жүйесіне енген алғашқы отандық фильм десек болады. Rentrak Corporation – медиа индустрияны өлшеу және зерттеумен айналысатын әлемдік алдыңғы қатарлы компания», – деп атап өткен. Прокатқа шыққанына екі-ақ ай болған фильмнің табысы туралы бірнәрсе деу қиын. Әзірге режиссерлер кино нарықтағы кемшіліктерді пандемияға жауып әлек болып отыр.Қасым хан туралы фильм қашан жарыққа шығады?
2021 жылдың қазан айында «Ұлы дала таңы» фильмінің де түсірілімі аяқталған. Бұл – атышулы «Қасым хан» фильмі. Режиссер «Қасым хан» атауын «Ұлы дала таңы» деп өзгертсе керек. Негізінен түсірілім жұмыстары Алматы облысында өтті. Қазан айында режиссер Ақан Сатаев фильмнің түсірілімін аяқтағанын жеткізген. «Түсірілімнің әр қатысушысына осы тамаша кезең үшін, баға жетпес тәжірибе үшін, еңбектеріңіз бен кәсіпқойлықтарыңыз үшін алғыс айтқым келеді» деген еді. Түсірілім жұмыстары ақпан айында басталған. Түсірілім алаңында 300-ден астам, оның ішінде 150 атты жауынгер мен 56 каскадер қатысқан. Қапшағай маңындағы түсірілім алаңында Сығанақ қаласының эскизі салынды. Ал шілде айында Алматы облысы Кеген ауылының маңында Қасым хан ауылының көшін түсіретінін, ал кейін түсірілім жұмыстары Іле өзенінің бойында осы фильмге бейімделген «Түркістан» декорациясы жасалған еді. Фильмнің қашан экранға шығатыны белгісіз. Киностудиядан «фильм дайын тұр, кинопрокат мәселесі шешіліп жатыр» деген жауап алдық. Былтыр прокатқа шыққан фильмдердің қатарында «Барымташы» мен «Мұқағали» да бар. Екеуі де 2020 жылдың өнімі. Пандемияның әсерінен бір жыл экранға кешігіп шықты. Ал «Қазақфильм» киностудиясы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылы «Акын» (реж. Дәрежан Өмірбаев), «Нам нужен доктор» (реж. Равиль Трумов), «Ақтастағы Ахико» (реж. Эльдар Қапаров), «Ұлы дала таңы» (реж. Ақан Сатаев) көркем фильмдері және «Теңіздің оралуы» («Возвращение моря», реж. Виктор Вильковиский) атты деректі фильм мен «Мерген» қысқаметражды фильмдері түсірілген. Былтыр желтоқсанда Нұрлан Қоянбаевтың жекеменшік компаниясы түсірген «Қазақша бизнес Түркияда» фильмінің көрсетілімі басталған. Бюджеті – 500 млн теңге. Фильм прокатқа шыққан күннен-ақ аншлагпен өтті. Бұған дейін де Қоянбаевтың киноларының табысы өте жоғары болған. 2019 жылы оның «Қазақша бизнес Кореяда» фильмі 1 млрд 107 млн табыс тапқан еді. Демек, жақсы туындыға көрермен тарапынан сұраныс бар. Оны Қоянбаев ғана емес, өзге де жекеменшік студиялар түсірген фильмдер дәлелдеп жүр. Былтыр Мәдениет министрлігі кино саласына 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінсе, 2022 жылға 2 286 537 500 теңге жоспарланып жатыр. Көпшілік ең алдымен «Ұлы дала таңын» күтетіні анық. Өйткені Қасым хан жайында фильм түсіру мәселесі 2018 жылдан басталған. Әуелде сериал болуы керек еді, кейін толықметражды фильмге айналды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында экранға шығуы керек еді. Өкінішке қарай, фильмнің прокаты әлі кешігіп жатыр.Айым БЕКТҰР