Былтырдан бастап елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу электронды форматта өткізіле бастады. Қазақстан бойынша компьютермен, камерамен, интернетпен толықтай жасақталған 42 тестілеу орталығы бар. Ал бірнеше күн бұрын қаңтардағы ҰБТ басталды. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтан биылғы сынақтың ерекшеліктері туралы сұрап білдік. – Былтыр алғаш рет ҰБТ электронды форматта өтті. Нәтиже қандай? Дәстүрлі ҰБТ-дан айырмашылық болды ма? – Электронды ҰБТ-ның ең басты артықшылығы – балаларға ыңғайлығы. Оқушыларға бұл формат ұнайды және өте қолайлы. Бұған дейін балалар кітапшаға белгілеген жауаптарын жауап парағына түсіргенде көп қате жіберіп шатасатын еді. Артынан қанша жерден басқа жауапты белгілегенін айтып шағымданса да, біз қолда бар қызыл парақтағы жауаптарды ғана қабылдайтынбыз. Электронды ҰБТ-да мұндай кемшіліктер жоқ. Өйткені компьютермен тест тапсыру кезінде бала байқамай жауап берсе, оны өзгертуге мүмкіндігі бар. Басқа пәндерге бірнеше рет өтіп, басынан бастап бірнеше рет тексеріп шыға алады. Сонымен қатар тестілеу күнін түлектердің өздері таңдайды. Екінші жағынан қоғамға пайдалы. Электронды ҰБТ әділ, ашық өтеді. Ешқандай жемқорлыққа жол берілмейді. Бұрын тест ұйымдастыру үшін еліміздің түкпір-түкпіріне адам жіберіп, оларды қадағалап, жергілікті атқарушы органдармен сөзге келмеуін бақылайтынбыз. Бұл бойынша жылда бірнеше қылмыстық іс те қозғалды. Сондықтан біз осы тәжірибені тоқтатып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алып отырмыз. Барлық әрекеттер автоматтандырылған, цифрландырылған. Тестілеу аяқталғаннан кейін түлектер нәтижесін бірден көре алады. 30 минут ішінде апелляцияға өтініш беру мүмкіндігі де бар. – ҰБТ-дан кейін камераны бірнеше ай бақылап, тәртіп бұзған түлектердің нәтижелерін жойдыңыздар. Ата-аналар мен балалар бұл бастаманы қалай қабылдады? – Бұл ҰБТ тапсыру кезінде ашықтықты қамтамасыз ету бойынша атқарылатын шаралар. Себебі бүгін ҰБТ-дан өту үшін түрлі қулыққа баратын талапкер ертең дәрігер, мұғалім немесе құтқарушы бола отырып, өз жұмысын адал атқармауы мүмкін. Осыған байланысты талапкерлер мен олардың ата-аналарын академиялық адалдыққа шақырамыз. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар осы жүйеге қарсы шығып, бейнежазбалар түсіріп, хаттар жазып, тоқтатыңдар деп біраз қарсылық танытты. Бірақ қоғамның көпшілігі бізді қолдады. Мұндай қатаң талап пен бақылау болуы керек. Тесттің әділ өтуі үшін ережелер барлығына ортақ деген пікірлер де айтылды. Көпшілік қауым қолдап жатқаннан кейін осы жұмысты әрі қарай жалғастыруымыз керек екенін түсіндік. – Өткен жылдармен салыстырғанда бақылаудың күшеюі тестілеудің әділ өткеніне кепіл бола ала ма? – Электронды формат ҰБТ-ның барлық қатысушылар үшін объективті әрі әділ өтуін қамтамасыз етті. Мысалы, мынадай статистиканы келтірейін. Тестілеуге кіргізу кезінде тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 2020 жылы 1 296 түлек ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылса, 2021 жылы мұндай 758 жағдай тіркелді. Ережелерді бұзғаны үшін 2021 жылы тестілеу кезінде аудиториядан 1 254 адам шығарылды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 187 адамға көп. Тиісінше, олардың нәтижелері жойылды. Яғни, бақылаудың күшеюі тест тапсырушының академиялық адалдықты сақтауын қамтамасыз етті. – Ал қаңтардағы ҰБТ кімдерге арналған? Қанша адам тапсыруға өтініш білдірді? – Еліміз бойынша қаңтар айындағы ҰБТ-ны тапсыруға 104 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Оның ішінде, 95 пайызы – биыл мектеп бітіретін түлектер. Қалған 5 пайызы былтыр шектік балға қол жеткізе алмай қалып, шартты түрде оқып жүрген студенттер. Бұл жолғы сертификатпен мемлекеттік грантқа қатыса алмайсыз, бірақ шектік балдан ассаңыз, ақылы оқуға жарайды. Сонымен қатар ҰБТ-ның атмосферасын сезініп, біліміңізді бір пысықтап алатын мүмкіндік. Ал негізгі, мемлекеттік грантқа қатысатын тестілеу маусым айында өтеді. Қаңтардағы ҰБТ Қазақстан бойынша 42 тестілеу орталықта өтіп жатыр. Біз қазір барлық санитарлық талаптарды сақтап, аудиторияның тек 50 пайызын толтырдық. Тест тапсыруға кірерде балалардың дене қызуын өлшеп, барынша сақтық шараларын қолға алдық. – Биылғы ҰБТ-да қандай өзгерістер бар? – Биылғы ҰБТ-ның ең басты ерекшеліктерінің бірі тестілеу «1 компьютер -2 камера -1 тестіленуші» қағидаты бойынша жүргізіледі. Көп оқушы «Екінші камера деген не?» деп түсінбей жатыр. Екінші камера дегеніміз – фронталды камера. Оны орнатудағы басты себеп – тұлғаны сәйкестендіру. Фронталды камера монитордың үстінде орналасқан. Оқушы келіп отырғанда веб-камера талапкердің жеке басын анықтап, ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар тестіленушінің дыбысын жазып, қозғалысын да тіркейді. Айта кететін тағы бір өзгеріс ерекше білім беру қажеттіліктері бар түлектерге 2022 жылы қосымша уақыт берілді. Көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған талапкерлерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек қосымша 40 минут беріледі. Яғни, олар ҰБТ-ны 4 сағат 40 минут ішінде, басқаларға қарағанда ұзағырақ тапсыра алады. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар талапкерлерге арналған тапсырмалардың мазмұнына да өзгерістер енгізілді. Олар үшін суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалды. Бұл өзгерістер ҰБТ тапсыруды айтарлықтай жеңілдетеді. Тапсыратын пәндер саны өзгерген жоқ. Бірақ биылғы ҰБТ-ның базасына «Қазақстан тарихы» пәні бойынша контекстік (мәнмәтіндік) тест тапсырмалар енгізілді. Басқа пәндерге де бұл бағыт жүріп жатыр. Бұл жерде қаңтардағы, наурыздағы және жаздағы ҰБТ-да әртүрлі база болады деген қағида жоқ. Біздің қазіргі ең басты ұстанымымыз балаларды жаттауға негізделген сұрақтардан арылту. Тіпті, қазан айында Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтына 2022 жылғы тест тапсырмаларының базасы құрастырылған оқулықтардың тізімін жариялағанбыз. – ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін онлайн сабақтар өткізіп жатырсыздар. Оқушылар қызыға ма? – Министрлік тестілеу кезінде ғана емес, оның басталуына дейін де қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Түлектердің ҰБТ-ға дайындығын Ұлттық тестілеу орталығы білім беру орталықтарымен бірлесіп екінші жыл өткізіп отыр. Былтыр 376 сағат онлайн сабақ өткізілді. Оған еліміздің барлық өңірінің мектеп түлектері қатысты. Олар қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, математика, химия, биология, физика, география және басқа да пәндер бойынша дайындықтан өтті. Биыл өткен жылмен салыстырғанда түлектерді қабылдау емтихандарына дайындауға қатысып жатқан білім беру орталықтары мен онлайн платформалар саны артты. Жоба бюджет қаражатын жұмсамай іске асырылғанын атап өткім келеді. Сабақтар білім беру орталықтарының YouTube арналарында тікелей эфирде өткізіледі. Онлайн сабақтың барлық эфирі сақталады, яғни оны талапкер кез келген уақытта көре алады. Жақсы бастамаға ата-аналар да, оқушылар да қызығушылық танытып отыр. – Электронды ҰБТ-ны елді мекендер, ауылдық жерлердегі оқушыларға тапсыру қиынға соғып жатқан жоқ па? – Еліміз бойынша 42 тестілеу орталығы бар. Балалар тест тапсыру күнін өздері таңдап, сайтқа өтініш қалдырады. Тіркелу кезінде уақытын, жақын орталығын өз ыңғайына қарай белгілейді. Сондықтан түлектер тест тапсыруға өздері келуі керек. Бұрынғыдай ата-анасын артынан ертіп келіп, ғимараттың алдына тұрғызып қоймайды. Ауылдағы мектептің оқушылары аудан орталықтарына барып тапсырады. Таңертең келуге үлгермесе, түстен кейінгі уақытта тапсыра алады. Бұл орталықтарды ашқанда балалардың саны, жолдың жағдайы, барлық факторлар ескерілді. 42 пункттің барлығына бірдей жағдай жасалған. Интернет, компьютер, камера, санитарлық талаптар 100 пайыз бірдей. Астанадағы Тәуелсіздік сарайындағы орталыққа қарап облыстағы кез келген аудандық пунктке барсаңыз да жағдайлары бірдей. Орындықтары, үстелдеріне дейін. Еш айырмашылық жоқ. Сондай-ақ біз еліміздегі барлық тест тапсырушымен тығыз байланыста болуға тырысамыз. Олардың ыңғайы үшін әр талапкерде өзінің электронды жеке кабинеті бар.Тест тапсырушы бір проблемаға ұшыраса бізге әлеуметтік желілерге немесе call-орталыққа жүгіне алады. Біз оларға көмек беруге, әрқашан олардың жағдайын түсінуге дайынбыз. Себебі орталық үшін ең бастысы тест тапсырушыға қолайлы жағдай жасау. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН