Отандық авиацияда «Гриффитс дәуірі» аяқталмақ. Оның «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры қызметінен кететіні туралы сенсациялық жаңалық жарияланды. Сенсация дейтініміз, дәл осы квазимемлекеттік кәсіпорын тек соның есімімен байланыстырылатын. Оның негізін қалаған да өзі. Питер Гриффитс Мамин Үкіметін «мені еркімнен тыс отставкаға кетірсеңдер, Қазақстан Еуропаның қара тізіміне қайта кіреді» деп қорқытқан деген сөз бар. Енді әкімшілік тағдыры не болады?
Британдық басшы не бітірді?
Халықаралық қоғамдастық түгіл Қазақстан халқы «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның не ұйым екенін, немен айналысатынын біле бермейді. Қызметі белгісіз болғанымен, міндеті маңызды: ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуекомпаниялардың қызметін бақылау, экипаж мүшесіне, авиация қызметкерлеріне, авиациялық жұмыстарды орындауға куәлiк беру, тіпті арнайы ұшуды орындауға рұқсат беру секілді сан салалы, стратегиялық функцияларды қазір дәл осы ҚАӘ атқарады. ҚАӘ азаматтық авиацияның барлық ұйымын – әуекомпанияларды, әуежайларды, аэронавигациялық қызмет көрсетушілерді, жерде қызмет көрсетуші сервистік ұйымдарды, авиациялық медорталықтарды және басқасын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Ел түгіл, посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер тарихында бұрын-соңды болмаған бірегей ұйым – авиациялық әкімшілік 2019 жылғы 1 тамызда «Н.Назарбаевтың Бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 68-қадамына сәйкес құрылды. Ондағы мақсаты – «Британдық азаматтық авиация мемлекеттік агенттігінің және Еуроодақтың авиация қауіпсіздігі агенттігінің моделіне бағдарланып, Қазақстанның азаматтық авиациясын басқару». Мемлекеттік басқару құрамына кіретін, бірақ одан белгілі бір дәрежеде тәуелсіз ұйымның тізгіні британдық ұшқыш, тәуекелдерді, дағдарыстар мен апаттарды басқару саласындағы магистр Питер Гриффитске табысталды. Ол ел басшылығына «Қазақстанның әуе көлігі секторының өсуіне қолдау көрсетуге және қазақстандық авиация саласының әлемдік ойыншы болып қалыптасуына негіз болатын реттеудің жаңа жүйесін енгізуге» уәде етті. Билік оның бұл мұратқа жетеріне кәміл сенді, себебі ол бұған дейін Еуроодақтың «біртұтас еуропалық аспан» атты ауқымды бастамасының тиімділігін бағалау жөніндегі органның төрағасы болған. Сондай-ақ Ұлыбритания Корольдігінің азаматтық авиациясының бас директоры лауазымын атқарды. Әрине, оның тұсында Қазақстан бірқатар жетістікке жетті. Отандық әуекомпаниялар Еуропаның «қара тізімінен» шығып, тынысы ашылды, өрісі кеңейді, батыс елдеріне ұша бастады. 2021 жылғы тамызда қазақстандық авиация ICAO халықаралық авиация ұйымы аудиторларының тәуелсіз тексерісінен табысты өтті. Соның қорытындысында Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейі 84%-ға көтерілді. Осылайша, Қазақстан Нидерланд (87%), Бельгия (87%), Португалия (87%), Дания (85%) секілді елдерге жақындады, Исландия, Польшамен (84%) теңесті. Ел енді бұдан да ғаламат асуды – 2023 жылы ИКАО аудитінен лайықты өтіп, 90% межені бағындырмақ. Бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру аясында ҚАӘ 2021 жылы 16 әуежайды сертификаттаудан өткізіп, 32 инспекциялық тексеру жүргізген. Әуе қызметкеріне куәлік беру бойынша 2 500-ден астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. 9 авиациялық оқу орталығы сертификаттаудан өтті. 2 әуекомпанияның қызметі уақытша тоқтатылды («Аэросервис-Тараз» әуекомпаниясы» ЖШС, B&K AERO KZ ЖШС). Тағы 3 әуе тасымалдаушының – JENIS AIR ЖШС, AZEE AIR ЖШС, Sunkar Air ЖШС-ның сертификатын кері қайтарып алды.Құпия ақпарат шетелге «ағып» кетпеді ме?
Дегенмен Үкіметтің үкілеген үлкен үміті ақталмады. 2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air ұшағы бауырын жерден көтере алмай, құлап, 13 адам опат болды, ел Президентіне «Ұлттық Аза тұту күнін» жариялауға тура келді. Әуе апатын тексеру барысында аталған әуекомпания мен секторды былық жайлағаны әшкереленді. Компания үнем қылу мақсатында істен шыққан ұшақтардың «б/у» бөлшектері мен жабдығын ұшып жүрген ұшақтарына ауыстырып салып, ойына келгенін істеген, «франкенштейн-ұшақтарының» аспанға көтерілуіне еш қиындықсыз рұқсат алып келген. 2021 жылғы тамызда «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның Ұшу жарамдылығы департаментінің директоры және аға авиациялық инспектор Әйгерім Шәлекенова ел Президентіне, салаға жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне хат жазып, өздерінде қалыптасқан күрделі ахуалды, сондай-ақ «өзі куә болған әкімшілік құқықбұзушылықтар, дискриминация, қазақ ұлтын қорлау» және басқа да біраз былықты жайып салды. Біріншіден, оның айтуынша ҚАӘ құрылғалы Гриффитс «саланы және компанияны дамытудың нақты, түсінікті стратегиясын түзе алмады». Орта және ұзақмерзімді егжей-тегжейлі жоспарлар болмай шыққан. «Нарық қатысушылары ҚАӘ қай бағытта дамуды жоспарлап отырғанын түсінбейді. Барлық шешім бейберекет қабылданады, жүйелі тәсілдеме жоқ. Компания жанжал, интрига мен сот таластары батпағына батып барады. Мұның бәрі жұмысты оңтайлы ұйымдастыра білмейтін «әлсіз» менеджменттен хабар береді. Ел басшылығы тапсырғандай, азаматтық авиацияны басқарудың британдық моделіне көшу толыққанды жүзеге аспады», – деді Ә.Шәлекенова. Екіншіден, оның мәліметінше, ҚАӘ ақпараттық қауіпсіздікті толыққанды сақтай алмай отыр: «Гриффитс енгізген бағдарламалық өнімдердің осал тұстары бар, олар ақпараттық қауіпсіздікке теріс ықпал етеді. П.Гриффитс елімізге таңған Business Optix бағдарламасы еліміздің әуе флотының техникалық ахуалымен байланысты қызметтерді онлайн өңдеуге арналған. Бірақ бағдарлама жете пысықталмаған, көптеген проблемасы анықталды. Біздің мамандар оны өнеркәсіптік пайдалану барысында жетілдіруге мәжбүр. Маған белгілі болғандай, осы бағдарламадағы ақпарат екі жылдай шетелдік серверде өңделген. Қазақстандық әуе көліктерінің, соның ішінде мемлекет қорғайтын тұлғалар ұшақтарының ахуалы туралы мәлімет шетелге қолжетімді болған», – деп дабыл қақты аға авиациялық инспектор Ә.Шәлекенова. «Сорақысы сол, ҚАӘ-де тіпті электронды құжатайналым жүйесі жолға қойылмаған, барлық қызметтік хат алмасу «.com» доменіндегі қорғалмаған электронды пошталар арқылы іске асырылады», – деген Ә.Шәлекенова құзырлы органдар бұл жерден қандай «сезімтал, құпия ақпарат» шетелге ағып кетуі мүмкін екенін зерделеуі керек деген ұсынысын айтыпты.Ұйым дағдарыстан шыға ала ма?
Шағымда сондай-ақ компания басшылығы жүргізген саясатпен келіспеген, бұрыс жақтарын көрсеткен жоғары білікті қызметкерлер Питер Гриффитс тарапынан қудалауға ұшырағаны жазылған: біраз маманмен еңбек келісімшарты себебін түсіндірусіз-ақ ұзартылмай қойыпты. Әйгерім Шәлекенова өз департаментін басшылықтың 7 жауапты қызметкерінен айырғанына да наразылық білдірді. Оның арыз хатында П.Гриффитстің Қазақстанның авиациялық билігіне доқ көрсеткені айтылған: «Ол Қазақстан өзіне және өзі енгізген бағдарламалық қамтылымдарға тәуелді болып қалатындай жағдай туғызды. Егер Үкімет өзін лауазымынан еріксіз кетірсе, онда Қазақстан Еуроодақтың «қара тізіміне» кіреді деп авиациялық билікке шантаж жасады. ҚАӘ құрылымын да тоқтаусыз өзгертумен келеді, онысына компанияның Директорлар кеңесінің келісімін алмайды. Жауапты лауазымдарға авиациялық білімі жоқ тұлғалар қабылдануда», – деп қапаланды Әйгерім Шәлекенова. Оның шағымына жауап берген Индустрия министрлігі Еңбек кодексіне сәйкес, кімді қызметке алатыны, кіммен еңбек келісімшартын бұзатыны – жұмыс берушінің еркі мен таңдауында екенін еске салды. «Ұжымдағы әлеуметтік шиеленісті анықтау мақсатында ҚАӘ-нің комплаенс және ішкі қауіпсіздік аға инспекторы жұмыскерлер арасында анонимді сауалнама жүргізді. Оның нәтижесінде респонденттер еңбек құқықтарын жүзеге асыру барысында ұлттық нышанына қарай кемсітілетінін теріске шығарды және тұтастай алғанда, бұзушылықтар жоғын атап өтті», – деп мәлім етті ИИДМ. Сондай-ақ министрлік «ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту үшін ҚАӘ-ге еңбек ұжымында қолайлы климат туғызуға, еңбек және өнеркәсіптік тәртіпті нығайту жұмысын күшейтуге кеңес берген». Арыз хаттан соң, былтыр Әйгерім Шәлекенова лауазымынан айырылды. Енді міне, Питер Гриффитстің өзі «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ қызметінен кететіні мәлім болып отыр. Алайда Қазақстан батыстың «авиациялық қара тізіміне» кіре қоймас. Себебі өз еркімен кеткен көрінеді: ресми мәлімет бойынша Гриффитс 2021 жылғы 7 желтоқсанда өз еркімен орнынан босату туралы өтініш жазыпты. Соның негізінде, ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің дерегінше, «2022 жылдың 7 ақпанынан бастап, Питер Гриффитстің ҚАӘ бас директоры лауазымындағы өкілеттігі тоқтатылады». Бір аптадан соң, 7 ақпанда ҚАӘ бас директоры міндетін уақытша атқару Линда Орлэдиге жүктелмек. Ол бұған дейін Гриффитстің бірінші орынбасары-ұшу қауіпсіздігінің бастығы болған. Гриффтстің өз еркімен отставкаға кетуінің себебі белгісіз. Бір белгілісі, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігін» қаржыландыру тоқтатылған. Бұл жайында Индустрия министрлігі хабарлады. «Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңына сәйкес авиациялық әкімшілік «Қазаэронавигация» РМК-сінің тоқсан сайынғы аударымдары есебінен қаржыландырылады. Алайда коронавирус пандемиясы кесірінен 2020 жылы Қазақстан аумағының үстінен әуе кемелерінің ұшу саны күрт төмендеді. Салдарынан 2020 жыл соңында «Қазаэронавигация» РМК таза кіріссіз қалды, тиісінше авиациялық әкімшілікке аударуға қаржысы жетпеді. Мысалы, ҚАӘ-нің 2019 жылғы бекітілген бюджеті 2 млрд 402 млн теңгені құрады, «Қазаэронавигациядан» 2 млрд 102 млн теңге ғана (87,5%-ы) түсті. Яғни, пандемияға дейінгі 2019 жылы 300 млн теңгеге кем берілген. 2020 жылы авиациялық әкімшіліктің бекітілген бюджеті 3 млрд 809 млн теңге болды, соның тек 2 млрд 257 млн теңгесін (59%-ын) ғана ала алған: ҚАӘ тапшылығы 1 млрд 552 млн теңгеге немесе 41%-ға жетті. 2021 жылдың тамызынан бастап, «Қазаэронавигация» таза табысының болмауы салдарынан авиация әкімшілігін қаржыландыруды тоқтатты. Содан бері ҚАӘ қызметі заем есебінен қаржыландырылып жатыр. Сонымен бірге ҚАӘ көрсететін мемлекеттік қызметтерден түскен алымдар республикалық бюджетке аударылады. Бірақ онысы мардымсыз: мысалы, 2020 жылы оның қызмет көрсетуінен ел бюджетіне небәрі 175 млн теңге түскен. Өйткені авиациялық әкімшілік жекеменшік компанияларға біраз қызметті тегін көрсетеді екен. Мысалы, 2021 жылдың сәуірінде ҚАӘ авиациялық инспекторы отандық 2 әуекомпанияның өтінімі бойынша Ресейдің Екатеринбург қаласында әуе кемесін сертификаттық тексеру және Новосібір қаласында авиациялық техниканы жөндеу жөніндегі шетелдік сертификатын тану бойынша қызмет көрсеткен. Бірінші қызмет үшін әуекомпания 20 мың теңге алым төлеген, ал екінші қызмет тегін көрсетіліпті. Себебі ол үшін төлем көзделмеген. Осы қызметтер үшін ҚАӘ 1,5 млн теңгеден астам шығынға ұшырады. Сондықтан министрлік пен депутаттар «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ын өзін-өзі қаржыландыруға жіберуді ұсынып отыр. Тиісті заңнамалық түзету қабылданса, оның бюджеті азаматтық авиация саласындағы төлемдер түсімдері есебінен қалыптастырылатын болады.