Әнші, ақын, актер, блогерлердің сөзіне имандай сенгендер қазір аузы күйіп отыр. Ал жұрттың сенімін асыра пайдаланып, оңай жерден олжалы болуды көздегендері «мән бермеппін» деп сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Неге? Жағдайы оңалатынына үміттеніп, соңғы тиынын санап берген, алаяқтардың құрбанына айналған азаматтардың қаржысын кім қайтарады? Халықты алдаған танымалдар неге «кешірім» видеосын түсіріп, жазадан құтылып кетіп жатыр? Бұл заңның әлсіздігінен бе?
СЕНГЕНІМ СЕН БОЛСАҢ...
Айтыскер ақын Балғынбек Имашев қорына ақша салғандар «алданып қалдық» деп шағымданды. Басы дауға қалған айтыскердің қорының 1 орны 150 мың теңге тұрады. 6 баланың анасы қорға 325 мың теңге салып, алданып қалғанын айтты. «2021 жылдың тамыз айында бұл кісі парақшасында «мен осындай қор ашып жатырмын», – деді. «Кезекке тұрыңдар, мұқтаж 300 адамға үй алып береміз осы қор арқылы», – дейді. Бұл не қор, не кооператив, өздері де дұрыс түсіндірмейді. «Қаласаңыздар, кезекке тұрыңыздар, 1 кезек 150 мың теңге тұрады», – деді. Сол кезде алтыншы балама аяғым ауыр болып, жәрдемақы түскен кезде бірден соны салып тастадым. Түбіртегі, барлығы бар, 205-болып кезекке тұрдым. Ол кісінің аузында Алласы бар, бетінде сақалы бар, дұрыс адам болған соң осылай сеніп отырдым», – дейді келіншек. Айтыскердің өзі мұны «мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанасы бар әйелдің орынсыз талабы» деп, көпбалалы ананың өзіне жазықсыз жала жапты деп отыр. «Ақсана деген әйел маған бір күн бұрын хабарласып, өз кезегінің орнына қайын сіңлісін тіркеуді талап етті. Себебі өзі кезекте тұрса да, мемлекеттік бағдарламамен баспана алған болып шықты. Мен заң бойынша, әділеттік бойынша да олай болмайтынын айтып едім, шу көтеретінін айтты. Және солай жасады. Кеше ол кісіні кеңсемізге шақырып, қызметкерлер ымыраға келуге тырысты, қайын сіңлісін тіркеп, комиссия шешіміне қалдырайық деп еді. «Баспана әперетіндеріңе кепілдік беріңдер!» деп талап қойды. Енді ниетіміз Аллаға аян!» – дейді Б.Имашев. Қош, бұл даудың ақ-қарасы алдағы уақытта анықталар. Күмәнді тұсы, айтыскер ақын парақшасында осындай жазба қалдырып, 10-нан аса жағымды пікірден кейін пікір жазуға тосқауыл қойып тастады. Тағы бір айтыскер, бүгінде Түркияда тұратын Айнұр Тұрсынбаеваның «Теңіздегі тренинг» курсына қатысқан қазақстандық қыз-келіншектер әлеуметтік желіде ақынға алданып қалғандарын жарыса жазып жатыр. Ал жұртты алдап кетті деген күдікке ілінген Айнұр Тұрсынбаева парақшасын жауып тастаған. «Алдандық» дегендердің хаттарын дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева Instagram парақшасында жариялаған еді. Келіншектердің жазуынша, оларды әуежайға келгеннен бастап алдап, қалталарын жұқартқысы келген. «Түркияға барып демалғымыз келді, агенттіктерді іздеп отырғанымда Айнұр Тұрсынбаеваның «Теңіздегі тренинг» дегенін оқып қалдым, әрі тренинг, әрі демалып қыдырып қайтатын болдық деп баламыз екеуміз ұрындық. Тренинг құнына жолақысы кірмейді, 7 күнге 350 мың төледім. Желідегі парақшасында «тренингте жалпы саны 40 адам болады, қатысушыларды менеджерлер әуежайдан күтіп алады» деді. Алдаудың басы әуежайдан басталды ғой. «Алты адамға $150 төлейсіздер» деген, түскен соң бізді күтіп тұрған түрік жігітке баруымыз керек болған, ол телефонынан бізді іздеп таппай «жоқсыздар сіздер» деді. Әуежайда 20 минуттай тұрдық та, болмаған соң өзіміз такси іздеп таптық. Ұзын сөздің қысқасы, демалып та, қыдырып та оңбадық», – деді шымкенттік тұрғын. Тренингке қатысушылардың сөзінше, араларында әрең жүрген қарт кісілер де болған көрінеді. Қатысушылар соңғы жылдары орамал тағып, аузынан Алласын тастамайтын ақынның сөзіне еріп кеттік деп отыр. Айтыскер ақын дауға қатысты жауап берген жоқ, әзірге әлеуметтік желідегі парақшасын жауып тастап, үнсіз отыр.ҚАТЕЛІКТЕН САБАҚ АЛҒАН ОЛ ЖОҚ
Бір жыл бұрын Алматыда 2,8 миллион оқырманы бар Жанерке Елшін мен Ақмарал Елшін есімді блогерлердің гивіне қатысып, көлік ұтып алған азамат алданып қалғанын айтып желіде жар салған еді. Жеңімпаз арнайы генератор арқылы анықталып, Жанна Мәлікқызы жеңімпаз атанған. Бірақ желіде ұтқанмен, өмірде көлік кілті қолына тимеген. Соңында Ақмарал «біз тек жарнамаладық» деп, өздерінің де алаяқтардың құрбаны болғандарына сендіріп, жауапкершіліктен сытылып шыққаны бар. Ал ойынға қатысып, көлік «ұтып» алған келіншек ешбір шығын шығармағандықтан, мүлікті талап етуге құқы жоқ деп танылған. Артынша Жанерке ұйымдастырушыларды сотқа беретінін айтып, көлік ұтқан келіншекке 1 млн теңге ақша жіберетінін уәде еткен. Кейін оны «ұйымдастырушылармен сөйлесіп өзің ал» депті. Соңында ақша да, көлік кілті де Жаннаның қолына тимепті. Бірақ «алданып қалдық» деген апалы-сіңлілі Елшіндер ол оқиғадан сабақ алмаған сыңайлы. Жақында Жанерке Елшін «insta миллионер» курсын 2 900 теңгеге сатып алған адамдар арасында осы көлікті ұтысқа шығарды. Тағы да Nissan автокөлігі. Құндыз ішік, 5 ұялы телефон мен жүздеген адамға ақшалай сыйлықтарды уәде етіп жүр. Бұл көліктің де жалған болып шықпасына кепілдік жоқ. Таразының бір басында сүйікті блогерінің сөзіне иланған әрі «2 900 теңге қайда кетпей жатыр» деп ақшасын аударған халық. Екінші басында «Білімге инвестиция» деп бизнесін жарнамалаған блогерлер. Ал IT мамандары кез келген гивтегі бағдарламаны белгіленген адамға ғана ұтыс шығатындай етіп жасауға болатынын айтып дабыл қағып жүр.ӘНШІЛЕР НЕГЕ АДАСТЫРДЫ?
Естеріңізде болса, қазақ эстрадасындағы кейбір әншілер былтыр ұтыс ойнатып, басы дауға қалған. Ұтыс ұйымдастырушылар халықты 10 мың теңгелік лотореямен емес, 300 мың теңгеден 5 миллионға дейін баратын инвестициямен алдаған. Сол ойында 20 500 билет сатылған. Алайда 300 мың теңгенің өзі де жоқ. Жалпы, 20 500 билетті 9 900 теңгеге көбейтсек, пайдасы 200 миллион теңгеден асады. Бұл ақша кімнің қалтасына кетті? Халықтың ақшасы қайтарылды ма? Белгісіз. Жабулы қазан, жабулы күйінде қалды. Жаппай гив ойнатқан әртістердің ішінде: Кәмшат Жолдыбаева, Нұрболат Абдуллин, Айжұлдыз Айдарбекова, Арман Жаналиев сияқты танымал адамдар бар. Кәмшат та өзі алданғанын, сондықтан мәселені шешу үшін полицияға жүгінгенін айтып, гив үшін алған гонорарын жеңімпаздарға сыйлапты. Қалған бөлігін сол ұйымдастырушыларға толығымен қайтарып жібергенін жеткізіп, өзін ақтап бақты. Сонымен қатар Instagram-да 2,3 миллион оқырманы бар актриса да осындай ойын ұйымдастырамын деп басы бәлеге қалған болатын. Оның ойынына демеуші болған әйел атышулы арудан 55 мың теңгесін әрең қайтарған. Ал гив сол күйі өткізілген жоқ. Әнші Айқын Төлепберген, вайнер Мейіржан Төребаев, актерлер Артур және Асылхан Төлеповтер де бұл тізімнен шет қалмайды. «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-на сеніп, жарнама жасаған жұлдыздар Instagram әлеуметтік желісіне халықтан кешірім сұрап, видеоүндеу жариялаумен шектелді. Алматы қалалық Полиция департаментінің Тергеу басқармасының мәліметіне сәйкес, жедел-іздеу шараларын өткізу барысында «Гарант 24 Ломбард» және «Estate Ломбард» директорлары қамауға алынып, олар қаржылық пирамидаға салымшыларды тарту арқылы алаяқтық жасады деп айыпталды.ЗАҢ ӘЛСІЗ БЕ?
Халықтың ақшасын алдап, алғандардың үстінен қылмыстық іс қозғайтын тергеу органдары олардың әрекетіне, ең алдымен ұйымдасқан қылмыстың сипатын беріп, әрі қарай Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» деп аталатын 190-бабымен дәрежелеуі мүмкін. Ал жарнама жасап, жұртты сендіргендер «өзіміз де алданып қалдық» деп ақталады ғой әдеттегідей. Жалпы, заңнамада жарнама берушілерді жауапқа тартатын тетіктер жоқтың қасы. Қолданыстағы «Жарнама туралы» заңында да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарнама жасап, жұртты адастырған адамдарды тікелей жауапқа тартатындай тармақтар жазылмаған. Мәселен, «Жарнама туралы» заңның «Жарнама туралы заңдарды бұзғаны үшін жауаптылық» деп аталатын 19-бабының 2-бөлігі «Жарнама беруші жарнама туралы заңдарды бұзғаны үшін егер ол жарнама жасаушының және жарнама таратушының кінәсінен болғаны дәлелденбесе, оның мазмұнына қатысты жауаптылық көтереді» деп тұжырым жасайды. Яғни, заңда жарнаманы жүргізген адамның топ болып қылмыс жасаған адамның құрамына жатқызатындай жауапкершілік жоқ. Ондай тармақ «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда да жазылмаған. Тек заңда жөнсіз жарнама түрлеріне анықтама беріліп, олар заңсыз жарнамаланған жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарының теріске шығаруға міндетті екені көрсетілген. Қорыта айтқанда, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жалған жарнаманы насихаттайтын азаматтарды жауапқа тартатындай баптарды енгізетін уақыт жеткен сияқты. Әйтпесе, алданған халық, алдағыш та «алданғыш» та алаяқтар арта береді.