Елімізде жанар-жағармай нарығындағы жағдай қай кезеңде болмасын күрделілігін жойған емес. Тіпті, жуырда елдегі болған қақтығыс та көлікке құятын сұйылтылған газдың бағасынан басталған. Осынау жағдайдан кейін еліміздің барлық өңірінде газ құны едәуір түсті. Алайда салада түйткіл әлі аз емес тәрізді. Оған шымкенттік кәсіпкерлердің наразылығы дәлел.
Алпауыттар айылын қашан жияды?
Соңғы жылдары мұнай өнімдерінің негізгі бөлігі ірі желілік компаниялардың жанар-жағармай құю бекеттерінде сатылатынын білеміз.Осыларға басымдық та көп берілген. Сондықтан өңірлердегі шағын және орта бизнес өкілдері зардап шегіп, нарықтан ығысып шығуға мәжбүр. «Ірі бизнес өкілдеріне 35 пайызға дейін жанар-жағармай құю бекеттерін орналастыруға рұқсат берілген. Бұл бұрын 15 пайыз еді. Сонда шағын және орта бизнес дамымауы керек пе? Байқасаңыздар, қазір қай ауылға, қайсы аудан орталығына барсаңыздар да тек «Синойл», «Газпромнефть», «Гелиос» сынды ірі желілік компаниялардың бекеттерін көресіздер. Ал жалғыз- жарым ашылған ұсақ жанармай құю бекеттері алыпсатарларға күні қарап отырған соң көп ұзамай жабылып қалады», – дейді Шымкент қаласы жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров. Жуырда өңірдегі осы саладағы бірқатар түйткілді мәселені шешу үшін Шымкент қаласы және Түркістан облысындағы жанармай құю бекеттерінің иелері бірігіп, «Халық жанармай құю бекеттері» консорциумын құру туралы шешім қабылдады. Бизнес өкілдері бір-бірімен бәсекелес болса да, бірігіп консорциумды құру арқылы қандай да бір жақсылыққа жетуге мүмкіндік ашылар деген үмітте. Себебі қазір көптеген ұсақ бизнес өкілдері тығырыққа тіреліп, тіпті біразы жанармай құю бекеттерін сата бастаған. Себебі жоғарыда атап өткендей, оларға нарықта орын қалмай барады. Яғни, кедергі көп. Олар барлық бизнес өкілдеріне басымдық бірдей беріліп, нарықтағы жанар-жағармай көлемінің дұрыс және әділ бөлінуін қалайды. Жанар-жағармай құю бекеттерінің иелері бұдан былай бұрынғыдай белгілі бір мөлшерде жанар-жағармай алу үшін мұнай өңдеу зауытына өтініш беріп, тіпті кейбіреулеріне сый-сияпат ұсына отырып зорға қол жеткізгісі келмейді. Консорциум құрудағы негізгі ұстаным да қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары өнімдеріне тең дәрежеде қол жеткізу. «Элита үшін ғана емес, барлық жанармай құю стансасы үшін тұрақты бірдей шарттар болуы тиіс» дейді олар. Әр адам жанармайды тікелей өндірушіден сатып ала алатындай болуы тиіс.Үш жыл бойы пайда таппағандар бар
Консорциумның ресми өкілі Кирилл Павлов шағын жанармай құю бекеті иелерінің зауыт өнімдеріне қол жеткізу мүмкіндігінің шектелуіне байланысты соңғы үш жылда көптеген кәсіпкер ешқандай пайда таппағанын айтады. «Соңғы жылдары шағын жанармай құю бекеттерінің иелері «нөлге» жұмыс істеді деуге болады. Яғни, ешқандай пайда таппады. Сондықтан консорциум құру кооперация болып саналады. Біз тығырықтан осылай бірігу арқылы шығуды көздейміз. Сөйтіп, мұнай өнімдерін сатуға негізделген кәсібімізді қорғамақ ниеттеміз», – дейді К.Павлов. Сонымен қатар ол консорциумға 500 шағын жанармай құю стансасы біріксе, 500 кәсіпкер болатынын және мұншама көп шағын кәсіп иелері бағаны өзара келісе отырып көтеруі мүмкін емес екенін айтты. Ал мұнай өнімдерін сатумен айналысатын ірі компаниялар саусақпен санарлық қана.Ұсақ май құю бекеттері тығырыққа тірелді
Консорциум өкілінің айтуынша, шағын кәсіп иелері мұнай өңдеу зауытында өнім бола тұра «жоқ» деген жауап алады. Ал ірі компанияларға жол ашық. Салдарынан олар ірі компаниялардан сатып алады және өте аз мөлшерге қанағат тұтады. Осылайша, пайдасыз жұмыс істейтін ұсақ май құю стансалары нарықтан ығысып, жабылуға мәжбүр. «Егер тікелей зауыттан сатып алуға қол жеткізсе, бензин құны да төмендер еді», – дейді олар. Қауымдастық төрағасы Қайыпбек Жауылбайұлы да «Осы мәселені айтып шырылдап жүргеніме қанша жыл болды» деп қынжылды. «Жанар-жағармай қорын жасау механизмі дұрыс жүргізілмегені, жергілікті биліктің бұл мәселеге араласа алмайтыны жанға батады. Мәселен, өзіміз осы жайтты айтып министрлікке хат жазсақ, жауап бір жылдан соң келеді. Арнайы комиссия құрылып, оған халық атынан қауымдастықты мүшелікке енгізу керек. Сонда ғана бұл мәселе ашық болады. Бақылаудың жоқтығынан осындайға жол беріліп отыр. Өкінішке қарай, мұнай өнімдерін тасымалдайтын үлкен алпауыт компаниялар жоғары жаққа, яғни билікке жақын жандар. Сондықтан олар өздерінің мәселелерін тез арада шешіп алады. Ал шағын жанармай бекеттеріне итке сүйек тастағандай аз ғана беріп қояды. Сонда Президенттің Жолдауындағы шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі қайда қалды?» дейді ол. Сондай-ақ ол делдалдың көбейіп кеткенін де еске салды.Бағдарлама құрылмай мәселе шешілмейді
«Қазір қысқы уақыт, ауыл шаруашылығының техникалары тоқтап тұр. Жер жырту жұмыстары, жалпы тіршілік көктемде басталады. Сондықтан жыл сайын осы уақытта тұтынушы 30-40 пайызға дейін азайып отырады. Сондықтан қазір жанар-жағармайға қолжетімділік болып тұр. Алайда бұл қазір ғана. Ертең көктемде тағы қиындық басталады. Мұны мемлекет дұрыстап қолға алмай шешілмейді. Бізде бензин қайдан келіп, ірі, орта және шағын бизнес қолына қалай жетіп жатыр дейтін механизм жоқ. Олардың бәріне жеке-жеке бағдарлама жасалып, ашық болуы тиіс. Комиссия құрылуы міндетті. Бұл туралы тағы ұсынысымды жолдап жатырмын», – дейді Қ.Қамбаров. Демек, бұл жүйе зауыт пен екі ортадағы делдалдар арқылы құрылғандықтан, бензин құнына әсер етеді немесе ұсақ май құю бекеттері өнімге қоспа араластыруы да мүмкін. Енді жаңадан құрылған консорциум мүшелері білек сыбана кіріссе, түйткілдің де түйіні шешілер. Ең бастысы, елдегі жағдайдан соң Үкімет жанармай мәселесіне де ерекше назар аударар деген үміт бар.Шымкент қаласы