Жүрегі жарылардай болып, көздері шарасынан шыға жаздаған жас мұғалім мектеп директорының кабинетіне жүгіріп, кіріп келді. Директор оның жүзінен қорқыныштың қырық қабатын көріп, түсіңбей қалды.
– Тыныштық па? деп сұрады мектеп директоры.
– Құрыдық, апай!
– Не болды?
– Қашайық!
– Қашқаны несі?
– Оқушылар, бәрі қашсын?
– Жер сілкінейін деп жатыр ма?
– Одан да жаман.
– Айтсаңшы, енді?
– Қорыққанымнан ұмытып қалдым.
– Неменені ұмытып қалдың?
– Не үшін келдім екен сізге?
– Сен менімен қалжыңдасайын дедің бе?
– Жоқ, апай, қашыңыз!
– Не үшін? Қайда?
– Далаға қашыңыз, далаға!
– Айтсаңшы, енді?
– Ұмытып қалдым.....
– Бар, ойланып кел. Сабағыңда бол. Біліктілігіңді тексеру үшін комиссия келе жатыр.
Жас ұстаз желкесін қасып, дәлізге шықты. «Айта салсам ба екен? Неге айтпадым екен? Бір түрлі жүрегім дауаламай тұрғаны...» деді ішінен. Дәлізде ары‒бері жүрді де қойды. Түрі әлем тапырақ. «Айта салайын. Нем кетіп бара жатыр. Сенсе сенді, сенбесе, өзі білсін. Әй, бірақ сенетін щығар? Оған да жан керек, далаға атып шығады. Кім қорықпайды?» Ол директордың кабинетіне қайта кірді.
– Апай, ұмытып қалдым. Ой, есіме түсті.
– Бүгін саған не болған?
– Ұмытып қалдым.
– Бар, жоғал! Ертең пед жиналыста мәселеңді қараймын. Кабинетіме кіріп келіп: «Ұмытып қалдым, ұмытып қалдым!» дейді ғой. Шық, кабинеттен!
Жас ұстаз сүмірейіп, дәлізге шықты. «Неге айта салмадым екен? Басымды шауып алмас еді ғой? Туу, қорқақпын! Тап қазір кіремін де, айта саламын! «Ұмытып қалдым» деп өтірік айтпаймын. Ер кезегі үшке дейін!».
Ол директордың кабинетіне үшінші мәрте кіргенде, директор орнынан ұшып тұрды.
– Тағы келдің бе?
– Апай, айтайын дегенім, мектепте бомба бар!
– Оны қайдан білдің?
– Маған бір бейтаныс біреу телефоныма хабарлады. Жарты сағаттан кейін жарылады екен. Егер сенбей отыра берсек, бомба жарылып кетсе, сіз жауап бересіз ғой.
Директор де қорқайын деді. Дереу мектеп оқушылары ұстаздармен бірге далаға, аулақ жерге шығарылды.
Директор полицияға хабарласып жатты.
– Алло! Полиция ма? Ұмытып қалдым. Ой, кешіріңіз, біздің мектепке бомба қойылған дейді.
Артынша полицейлер мен бомба тексеуші мамандар жетіп келді. Мектептің ұңғыл‒шұңғылына дейін тексеріп шықты. Сынып бөлмелерінен бор, нанның қиқымынан басқа ештеңе табылмады. Сонда қалай болғаны? Олар дереу Жамбыл облысы, Шу ауданының жас ұстазы Айдосты қыспаққа алып, тергей бастады. Сөйтсек, жалған хабар айтқан жас ұстаздың өзі екн. Білімінің біліктілігін тексерушілерден құтылу үшін ойлап тапқан қулығы болып шықты. Не деген, данышпан еді? Жалған дабыл қаққаны үшін мектептен қуылғаны өз алдына, полицейлер мәселесін май шаммен қарап жатыр. Әй, ақымақ‒ай!