Баяғыда көшеде келе жатып, құлап қалсаңыз, артыңызда келе жатқан адам қолтығыңыздан сүйеп: «Бір жеріңіз майысып қалған жоқ па? «Жедел жәрдем» шақырайын ба? Қай көшеде тұрасыз? Жетелеп апарып тастайын? Ойбуу, шалбарыңыз шаң болып қалыпты, қағып жіберейінші?» ‒ деп бәйек болатын. Бүгінде, жүрек моторыңыз «стук» беріп, құлап қалсаңыз: «Мына алқаш неғып жатыр? Тура тротуарға көлденең құлағаны несі? Жиекке жата салуға болады ғой? Енді аттап өтеміз бе, қайтеміз? Әйелінің соры ғой. Галстуг тағып алыпты өзінше», ‒деп үстіңнен аттап кете береді. Жәрдемдеспейді. Безбүйрек қоғам. Қатыгез қоғам. Астанада білмейтін көшеңді сұрай қалсаң, тұра қашады, немесе: «Сол көшені білмесең, неғып тірі жүрсіз? Ұялмайсыз ба? Көшенің қайда екенін білмесеңіз, неғып шықтыңыз? Атақты жазушы атындағы көше атақсыз суретші атындағы көшенің жанында емес пе? Енді мен соны түсіндіріп тұрайын» ‒ деп дегбіріңді алады. Шымкентте әлі бұрынғыдай. «Момышұлы көшесі ме? Анаау жақта. Қазір оңға, сосын солға, сосын тіке, сосын, тағы оңға, сосын, қиғаштап жүресіз де, менің айтқандарыма жымиып алып, күлесіз де, Момышұлы көшесін оңай таба қоясыз. Жоқ, одан да, сізді өзім ертіп апарып, көрсетіп жіберейін, жүріңіз!» ‒деп, тіпті үйіңізге дейін шығарып салып, уақыты болса, шәйіңізді ішіп кетеді, рас, мұндай мылжыңнан шекеңіз ісіп кетеді. Дегенмен, таза көңілін, ниетін, адалдығын сізге деген құрметін айтсаңызшы?
Қазір қоғам қатыгез... Жастар автобуста орын бермек түгілі, алдыңызға отырып алады. Баяғы, кеңес дәуірін аңсап тұрған жоқпын, жастар ерегісіп қалса, жекпе‒жекке шығатын. Төбелесіп алып, артынан жеңген мен жеңілген қол алысып, достасып кететін. Бүгінде жастар жалғызды «толпа», топ болып тепкілейді, тіпті, ата салады, кешегі досы, кешегі замандасы арам қата салады. Қоғам қатігез. Адамгершілік ашаршылығы басталғандай. Баяғыда көше телефонына екі тиын таппай қалып, өтіп бара жатқан біреуден сұрасаң, төрт тиын бере салатын. «Автомат жұтып қояр, тағы берейін бе?» деп қиылады. Көздерінен шуақ шашылғанын көріп, көңілің босап, жылай салғың келетін. Бүгінде ше? Суға, газға төлеп жатып, он тиын жетпей қалса, артыңда кезекте тұрғаннан сұрасаң, тізесімен құйрығыңызға бір тебеді. Кассир қызды құшақтай алатындай, құлай жаздайсыз. Онымен қоймай: «Он тиының жоқ болса, неге келдің? Былай тұр, кезекті созбай!» ‒деп шаңқылдайды. Әне, қазіргі қоғам. Жол апатына ұшырап, о дүниеге аттанғандарды көргендер дереу ұялы телефонына түсіріп, қызықтап тұрады. Жаралы байғұсқа алғашқы көмек көрстпек түгілі: «Мощный авария! Көліктің быт‒шыты шығыпты ғой. Қай машина виновать екен? Ананы қара, басы жұлынып кетіпті. Кинодағыдай. ‒»деп әңгімелесіп тұрандары.
Баяғыда қайтыс болған адамның жетісінде, қырқында молда ажал туралы, о дүние туралы уағыз айтқанда, жұрт ұйып тыңдайтын. Тірі жүргендеріне шүкіршілік ететін. Бүгінде кейбіреулер молда уағыз айтып отырғанда: «Бизнес қалай? Нешауа. Тендерді ұттың ба? Шляпасы қанша екен?» ‒деп күбірлесіп отырады. Жүректеріндегі имандары ирелеңдеп кеткен.
Қоғам қатыгез демекші, Қызылорда қаласында адам түгілі, аң таң қалатын оқиға болды. Қала тұрғыны Айман Серікбайқызының анасы тойға кетіп, қант диабетімен ауыратындықтан, той үстінде қайтыс болады. Ауыр қаза. Туған туыстары, жекжат‒жұраттары көп қабатты үйде тұратын Айманға көңіл айтуға келмейді ме? Мұндайда, үй‒іші азан‒қазан болып, жоқтау айтылатыны бар. Мұны көтере алмаған көршісі, бүгінгі «жаңа қазақ» қайғы жұтып отырған көршісіне келіп, есіктен басын сұғып:
– Әй, жәй жыласаңдар болмайды ма? Миым ашып кетті ғой! ‒дейді. Айманның бір туысы көршіні оңашалады:
– Кешіріңіз, бәріміз қазақпыз, жоқтау қазақтың дәстүрі.
– Ну и что?
– Шыдаңыз енді?
– Как шыдаңыз? Әбизәтілні, бәрі қосылып жылау керек пе?
– Енді...
– Никакой енді! Жәй жылаңдар. Көп қабатты үйде шулауға болмайды. Заң бар.
– Күндіз ғой.
– Мен арыз жазамын!
Бейсенбілігі болып жатқан. Тағы да көңіл айтушылар сыңсып, айнала азан‒қазан болды. Көрші жүгіріп келді.
– Тише! Уже надоели! Қатты жыласаң, шешең тіріліп келеді ме?
– Қалай жәй жылаймыз? Қайғы жұтып отырғанда?
– Енді микрофонмен жылайтын шығарсыңдар? Арыз жазамын! Әлі бір ай бойы бейсенбі сайын шум‒гам болса, миым атала болатын шығар?
Шынында, көршісі қатігез екен, адамгершілігі нөл екен, полицияға арызданды. Сөйтіп, полиция Айманға он бес мың айып пұл салды. Тез арада төлесе, жеті мың екен, соны төлеп құтылды. Естімеген елде көп деген осы, ағайын, мұндай без бүйректерден шошы!