Еліміздің батыстағы 4 өңірін дамытуға Үкімет қыруар қаржы бөлмек. Ол үшін төртжылдықты қамтитын жоспар да әзірленіпті. Әйткенмен, бұл жоспар батыстың бар мәселесін шеше қойса игі. Себебі күрмеуі қиын түйткіл сансыз. Алдымен қай саланың ақсап, қай өңірдің қандай күн кешіп отырғанын бағамдап алған абзал. Осыны ескеріп, біз аз-кем аймақтардың проблемасын түгендеп шыққан едік.
Үкімет қай салаға назар аударды?
Таяуда Үкімет еліміздің батысындағы 4 өңірді дамыту үшін 15 триллион теңгеден астам қаржы бөлінетінін мәлімдеді. Көп ұзамай Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарын дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. Құптарлық шешім, себебі мұнай мен қазбаға бай осы аймақтарда шешілмеген мәселе көп. Енді Үкіметтің баса көңіл бөлген салаларын шолсақ. Жоспар бойынша Ақтөбе облысына алдағы төрт жылда 1,7 трлн теңге бөлінбек. Оған жол, зауыт салу секілді 92 жобаны іске асыру көзделген екен. Осы арқылы өнеркәсіп көлемі 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайып, қосымша 39 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Ал Батыс Қазақстанға 2 триллион 600 миллиард теңге бөлінеді. 116 жоба іске асады. Соның бірі – 2 мың шақырымнан астам электр желісін жаңғырту. Бұл олардың тозуын 80 пайыздан 50 пайызға дейін төмендетеді. 38 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Ең көп қаржыны Атырау облысы алмақ. 8 триллион 900 миллиард теңгеге 182 жобаны іске асыру көзделген. Мұнда да электр желілері жаңартылып, жиі болатын апаттар жойылмақ. Жоспардағы болжамға сай, 40 мыңнан астам жұмыс орны ашылады екен. Оған көрші жатқан Маңғыстау облысында жалпы сомасы 2,1 трлн теңгеге 226 іс-шара іске асады. Су тұшытатын 9 зауыт пен қондырғыларды салуды мақсат етіпті. Мұнда 55 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Жалпы алып қарасақ, Үкімет 172 мың азаматты жұмыспен қамтуды ниет етіпті. Премьер-Министр Әлихан Смайылов құжаттарда негізінен бюджеттен тыс қаражат тартуға басымдық берілгенін айтты. Не де болса, батыстағы жұрт болашаққа сеніммен қарап, жұмыс істеп, табыс тауып, өз бизнесін дамытып, жақсы емделіп, сапалы білім алуы тиіс. Жоспар арқылы бәрі іске асып кетсе игі. Біз осы тұста аталған 4 өңірде қай сала ақсап, қандай мәселелер шешілмей тұрғанын шолып шықтық.Адамы суға, малы шөпке зәру өңір
Расын айтқанда, Маңғыстау облысын бәрінен бұрын құрғақшылық қысып барады. Оның дәлелін тізбектеп жатудың қажеті жоқ. Топырағы жайылымнан жұрдай. Соның кесірінен мал қырылып, жемшөбін өзге аймақтардан тасып әлек. Алдағы уақытта да құрғақшылық қыспағы сейіле қоймайтын сыңайлы. Аймақтағы ең түйткілді жағдай – ауызсудың жайы. Соңғы 10 жылдан бері айта-айта жауыр болған дүние. Аймақты аузына қаратқан жалғыз «Каспий» су тұшыту зауыты. Жыл сайын қуатын арттыру жайы сөз болады. Дегенмен кейде шалғайдағы елді мекендерге су жеткізе алмай әлек. Биыл наурыздан бастап зауыт тәулігіне 40 мың текше метр су тұшытпақ ниетте. Әйткенмен, оның өзі тым аз болса керек. Себебі Үкімет алдағы төрт жылға жетпейтін уақыттың ішінде су тұшытатын 9 зауыт саламыз деп ниеттенгеніне қарағанда, тұрғындар ауыз суға мұқтаж. Өңірде жиі көтерілетін мәселе – еңбек даулары. Тіпті, Маңғыстаудың әр ауысқан әкімінің мойнына жүк болды. Мұнайдың бағасы түскен сайын мұнай-газ компаниялары құбылып отыруды әдетке айналдырды. Бірде жұмысшыларды қысқартып, бірде жалақыға жалтартып жүр. Соның әсерінен жұмысшылар наразылыққа жиі шығады. Үкімет мұны назардан тыс қалдырмаса керек. Жаңадан ашылатын жұмыс орындарының ең көбін осы аймақ иеленіп отыр. Әйтпесе, Маңғыстаудың туризмді дамытуға мүмкіндігі зор, жолдарының жағдайы жақсы, бүкіл республика бойынша алда тұр. – Маңғыстаудың ең басты мәселесі – жұмыссыздық. Облыс тұрғындарының 50 пайызы ауылда тұрады. Жұмыссыздық белең алған соң жұрт қалаға көшіп әлек. Жауаптылар қаржының бәрін қала мен оның жанындағы ауылдарға ғана бөледі. Үкімет жоспарлағандай, су тұшытатын 9 зауыт салу тым артық. Халықпен кеңеспей жоспарлайтыны қынжылтады. Ауызсу тапшылығы қатты өзекті мәселе емес, әр үйге су келіп тұр, 3 зауыт салса да жетер еді. Оның орнына кәсіпорындарды көбейтсін. Мысалы, өңірдегі мұнай компаниялары 25 тонна етті өзге елден алдыртады. Ал консерві мен шұжық шығаратын цех жоқ. Өзбекстаннан жеміс-жидек алып келеді. Өрт сөндіру кезінде қажет қара киіздің өзін Қырғыз елінен алады. Ал ауылда қойдың жүнін өртеп жүрміз. Менің ойымша, ақша толық игерілмей, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін тәрізді. Су тұшыту үшін 9 зауыт дегені не сөз? Мектеп мәселесі шешілген жоқ, көрші ауылға қатынап оқитын балалар бар. Осыны неге ескермейді? – дейді қоғам белсендісі Жәнібек Қожық.Ауасы ластанған аймақ
Жалпы, Маңғыстауға жетпегенімен, Атырау облысы да құрғақшылықтың қыспағындағы бір мекен. Ресеймен шекаралас ауылдары облыстан гөрі көрші елге қатынауды жөн көреді. Жиі-жиі құм көшкіні басып қалатын елді мекендері тағы бар. Мәселенің ең үлкені – экология жайы. Осы уақытқа дейін тұрғындары «сасық ауаға тұншығып отырмыз» деген Атырау тұрғындарының базынасын естідік, ол ақпарат құралдарында жазылды. Бірнеше рет Экология министрлігінің өкілдері өңірге барып, ауаның ластанғанына көзі жеткен. Жағдайды бақылауға алғандай көрінгенмен, барлық іс-шара әдеттегі «жалған есепті тыңдайтын ресми жүздесу» түрінде өткен сияқты. Әлі күнге дейін өңір тұрғындары осы базынасын айтып келеді. Оның себебін өңірдегі кәріз желілерінің әбден тозғанымен байланыстыратындар көп. Басым бөлігі Кеңес Одағы кезінде жүргізілген желі тозғаны анық. Бұған қоса, аймақтағы электр желілері тозған, апат жиі болады. Шамасы, жоспардағы қаржының ең көп бөлігін Атырау алатынына қарап, шенділер электр мен кәріз жүйесін жаңартуға көшті деп дәмеленуден басқа шара жоқ.Жолдарының жыры бітпеген жер
Ал Батыс Қазақстан облысы десе, еске жыры бітпеген жолдар түседі. Елді мекендері бір-бірінен жырақ орналасқан. Жолдарында апат пен далада қалған жолаушы көп. 2021 жылғы дерекке қарасақ, БҚО жолдарының үштен екісі (69 пайызы) нашар деңгейде. Қалғаны «қанағаттанарлық» деген баға алған. Жыл сайын 100 шақырымға жуық жол жөндейді, одан оңып кеткен жағдай жоқ. Осылай 426 елді мекені бар өңір «жол азабын» тартып отыр. Оның үстіне, 2 мың шақырым электр жүйесі тозған. БҚО мен Атырауға ортақ мәселе – Жайықтың жайы. Соңғы жылдары әбден тартылған өзен экологиялық ахуалды қозғауға себеп. Бастауына байланған өзеннің жалпы ұзындығы 2 428 шақырым болса, 1 049 шақырымы Қазақстанға тиесілі. Жайық суының 70 пайызы көктемгі су тасқынынан толығады. Ол судың 80 пайызы Ресей аумағында қалыптасады. Соңғы жылдары өзеннің Қазақстандағы бөлігінде су тасымайтын болды. Мұны халық Ресей аумағындағы жасанды су қоймалары мен бөгеттерден көреді. Шынында, Ресей Федерациясында Жайық суын реттейтін ірі-ірі 4 су қоймасы, 80 гидротүйін бар екен. Ал өзен арнасын толтыратын шағын-шағын салаларды байлаған топырақ бөгеттің саны 3 100-ге жететін көрінеді. Өзеннің жағдайы өлімші екенін ресейлік ғалымдардың өздері де айтып, дабыл қаққан. Бұл мәселе екі ел арасында шешілмесе, Жайықтың суын тобығымыздан кешіп жүреріміз анық.Ақтөбенің де ақтарары көп
Мұнда да жолдардың жағдайы аса мәз емес. Қала ішіндегі жолдарды айтпаған күннің өзінде, Ақтөбе – Атырау тасжолының қайта жөндеуі күн тәртібінен ылғи түспейді. Ақтөбе – Қандыағаш, Ақтөбе – Хромтау жолдары қалыпқа келтірілуі тиіс. Айтпақшы, экологиялық ахуалы да алаңдатады. Сасық ауа мен өзендердің ластануы, Алға ауданындағы қауіпті қалдықтарды тазарту толық шешілген жоқ. Бұрынғы Алға химиялық зауыты аумағындағы химиялық қалдықтарды жою, «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» №1 және №2 цехтарының жиналған өндірістік қалдықтарын тазарту, Елек өзенінің 6 валентті хроммен, бормен ластануы, ілеспе газдардың ауада жануы, «Ақбұлақ» АҚ тазартылмаған ағынды суларының Елек өзеніне құйылуы, Ақтөбе түбіндегі су ресурстарының жағдайы, қаланың атмосфералық ауа қабатының ластануы – өңірдің басты экологиялық мәселелері. Елдегі ауасы лас 6 қаланың бірі – Ақтөбе. Ақтөбе жалақы мөлшері аз өңірлердің қатарында. Мысалы, былтыр елде орташа айлық көлемі 204,3 мың теңгені құрағанда, бұл өңірдегі көрсеткіш 177,3 мың теңге болды. 39 мың адамды жұмыспен қамту өз алдына, жалақы мөлшеріне де көңіл бөлген жөн тәрізді.ТҮЙІН:
Қорытындылай келе айтарымыз, алдағы төртжылдық жоспары сөзсіз құптарлық. Бірақ бізді алаңдататыны – бұрынғы жүрдім-бардымға салып, жоба тек қағаз жүзінде қалып кетпесе екен. Егер барлығы өз орнымен жасалар болса, батыстағы жұрттың Үкіметке көңілі толған болар еді.