Ер мұғалім көбеймей, мектептің «мұңы» бітер ме?
Ер мұғалім көбеймей, мектептің «мұңы» бітер ме?
630
оқылды
Елімізде орта білім беретін мектепте 366 мың педагог жұмыс істесе, соның 19 пайызы ғана ер-азаматтар. Негізінен, ди­ректорлар мен денешынықтыру пәні мұғалімдері. Осылайша, түзде де, үйде де әйел тәрбиесін көрген бала темірдей тәртіп пен жігіттік болмыстан алыстап өсе­ді. Сала мамандары мектепке ер мұғалімдер ауадай қажет деп дабыл қаққалы қашан. Алайда естір құлақ жоқ. «Педагог мәрте­бесі» туралы қабылданған заң да мәселені толыққанды шешпейді. Жалпы, біржақты тәрбие бала психологиясына қалай әсер етеді? Педагогика саласына ер-азаматтарды тартудың қандай жолдары бар? Маржан Маржан БЕКТҰРСЫНҚЫЗЫ, ардагер ұстаз::

ӘЛІМЖЕТТІК КӨБЕЙІП КЕТТІ

– Иә, мек­тепте ер мұғалім­дер саны айтар­лықтай азайып кеткені анық. Ан­глия мен Швей­царияда ер мұға­лім – 42 пайыз, Жапо­нияда – 80 пайыз. Ал Қазақ­станда 20 пайызға жетер-жетпес. Бұл мәселемен 60-жыл­дары Түркия бетпе-бет келсе, қазір Тәжікстан күресіп жатыр. Тәжікстанда ұстаздарға тегін емделу, тегін жер телімі, қаржылай сыйлықтарды жиі беру жағы қарастырылған. Бізде бұрын жергілікті әкімдіктерден грант бөлініп жүрді. Ал қазір елімізде педагогикалық маман­дыққа түсу екі есе қиындаған. Әрине, сапалы мұғалімдер қажет шығар. Алайда мектептегі ер мұғалімдердің саны артпай, тәрбие де толыққанды болмайды. Сон­дықтан біздің елде де ер балаларды педагогикаға тарту жағын қолға алуымыз керек. Отбасын асырауға жетерлік ең­бекақы төлеп, қағазбастылық пен әкім­шілік қызметтерді азайтсақ, «Мен мұға­лім боламын» деген ниеті бар ер балаларға қосымша гранттар бөлсек, олқылықтың орны толар еді. Оқушының мектептегі айнасы – мұғалім. Бұл азшылықтың тағы бір кері әсері – соңғы кезде мектептерде балалар арасындағы әлімжеттік көбейіп кетті. Ата-аналардың қайбірінің артық уақыты бар дейсіз. Таңнан кешке дейін қу тірліктің қамымен жүріп, баласына да жөнді тәрбие бере алмай, мектептегі мұғаліміне ысырады. Ал мектептегі апайлары ұлдардың ісіне араласса да, сөзі бата бермейді. Қас-қабағымен оқушыға жөн сілтер ер-азамат осындайда қажет. Алтынгүл Алтынгүл КЕНЖЕҒАРА, мұғалім:

БОРКЕМІК БОЛЫП ӨСІП КЕЛЕДІ

– Қоғамда «Мектеп ер-аза­маттардың орны емес» деген сте­реотип қалып­тас­қалы қашан. Ба­лабақшадан бас­тап әйел тәрбие­сімен өскен ұлдың көпшілігі жасық болса, қыздар жа­ғы ер адамның қадір-қасиетін бағаламай бой жетеді. Біздің оқушы кезімізде ер мұғалімдер көп болатын. Әрқайсысының өз пәні бойынша сабақ беру мәнері де ерекше еді. Сыныпқа кіргеннен мысы басып, бірден балаларды баурап алатын. Сондықтан қыз балалар жағы етек-жеңімізді жинап ұстайтынбыз. Ер адамды қалай сыйлау, алдын қия өтпеу, дара­қылана күлмеу, дауыс көтеріп сөйлемеу дегенді ерте бастан сіңіріп өстік. Ал қазір мектепте ер-азаматтар аз. Сондықтан да болар ұл балалар боркемік болып өсіп келеді. Өмірдің кішкентай сынағына өзін тастап жіберіп, кей сәттерде жігерінің жетпей қалатынына да осы себеп. Біздің қоғамымызда онсыз да әкесіз балалар көп. Шыны керек, қазір жасөспірімдердің бойында шыдамсыздық пен еліктегіштік басым. Осындайда ер мұғалімдер бір сөйлеп, сол сөз астарынан балаға деген қаталдықты да, мейірім мен өжеттілікті де, өмірге деген құштарлықты да, ұяттылық пен ар-намысты да сездіре білген. Мұндай мінез-құлық баланы оқу процесінде де асқақтатары сөзсіз. Сондықтан ұл балаларды оқытатын арнайы педагогикалық институт ашу артық етпейді. Балабек Балабек САҚТАҒАНОВ, психолог:

ТӘРБИЕ ЕКІЖАҚТЫ БЕРІЛУГЕ ТИІС

– Мектептегі ер мұғалімдердің аздығы бала пси­хо­логиясына кері әсерін тигізеді. Мысалы, кез кел­ген мектеп та­бал­дырығын енді ат­таған оқушы ұста­зына қарап елік­теп, сол сияқты болуға ұмтылып өседі. Қазір баланы үйде де, балабақшада да, мектепте де әйел азаматтар тәрбиелеп жүр. Жасөспірім ұлдардың қызға ұқсап бара жатқаны – осының дәлелі. Айналасындағы апай­ла­ры­ның мінез-құлқы, іс-әрекеті бейса­налы түрде баланың санасына орныға береді. Оны ешкім байқамай да қалады. Екіншіден, әйелдер эмоцияның адамы болғандықтан, тұрақсыз эмоция балалар­ға да беріледі. Қазіргі ұлдардың жасық болуы, рухының төмендеп кетуі, батыл қадамдар жасаудан қорқуы – әйел тәр­биесінің шектен тыс көп берілуінде. Себебі әйелдер көбіне қорқытып тәрбие­лейді. «Ата-анама айтып қоймаса екен, жазаламаса екен» деп бала күннен-күнге тұйықталып өседі. Мектептегі ұстаз тәр­биесі екіжақты болуы керек. Ұлдардың артық қылығын ағайы шектеп отырса, қыздар апайларымен сырласқаны абзал. Ал логикасы, ойлау жүйесі жағынан алып қарасақ та, ер-азаматтардан жақсы мұға­лім шығады.

Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН