Елімізде орта білім беретін мектепте 366 мың педагог жұмыс істесе, соның 19 пайызы ғана ер-азаматтар. Негізінен, директорлар мен денешынықтыру пәні мұғалімдері. Осылайша, түзде де, үйде де әйел тәрбиесін көрген бала темірдей тәртіп пен жігіттік болмыстан алыстап өседі. Сала мамандары мектепке ер мұғалімдер ауадай қажет деп дабыл қаққалы қашан. Алайда естір құлақ жоқ. «Педагог мәртебесі» туралы қабылданған заң да мәселені толыққанды шешпейді. Жалпы, біржақты тәрбие бала психологиясына қалай әсер етеді? Педагогика саласына ер-азаматтарды тартудың қандай жолдары бар?
ӘЛІМЖЕТТІК КӨБЕЙІП КЕТТІ
– Иә, мектепте ер мұғалімдер саны айтарлықтай азайып кеткені анық. Англия мен Швейцарияда ер мұғалім – 42 пайыз, Жапонияда – 80 пайыз. Ал Қазақстанда 20 пайызға жетер-жетпес. Бұл мәселемен 60-жылдары Түркия бетпе-бет келсе, қазір Тәжікстан күресіп жатыр. Тәжікстанда ұстаздарға тегін емделу, тегін жер телімі, қаржылай сыйлықтарды жиі беру жағы қарастырылған. Бізде бұрын жергілікті әкімдіктерден грант бөлініп жүрді. Ал қазір елімізде педагогикалық мамандыққа түсу екі есе қиындаған. Әрине, сапалы мұғалімдер қажет шығар. Алайда мектептегі ер мұғалімдердің саны артпай, тәрбие де толыққанды болмайды. Сондықтан біздің елде де ер балаларды педагогикаға тарту жағын қолға алуымыз керек. Отбасын асырауға жетерлік еңбекақы төлеп, қағазбастылық пен әкімшілік қызметтерді азайтсақ, «Мен мұғалім боламын» деген ниеті бар ер балаларға қосымша гранттар бөлсек, олқылықтың орны толар еді. Оқушының мектептегі айнасы – мұғалім. Бұл азшылықтың тағы бір кері әсері – соңғы кезде мектептерде балалар арасындағы әлімжеттік көбейіп кетті. Ата-аналардың қайбірінің артық уақыты бар дейсіз. Таңнан кешке дейін қу тірліктің қамымен жүріп, баласына да жөнді тәрбие бере алмай, мектептегі мұғаліміне ысырады. Ал мектептегі апайлары ұлдардың ісіне араласса да, сөзі бата бермейді. Қас-қабағымен оқушыға жөн сілтер ер-азамат осындайда қажет.БОРКЕМІК БОЛЫП ӨСІП КЕЛЕДІ
– Қоғамда «Мектеп ер-азаматтардың орны емес» деген стереотип қалыптасқалы қашан. Балабақшадан бастап әйел тәрбиесімен өскен ұлдың көпшілігі жасық болса, қыздар жағы ер адамның қадір-қасиетін бағаламай бой жетеді. Біздің оқушы кезімізде ер мұғалімдер көп болатын. Әрқайсысының өз пәні бойынша сабақ беру мәнері де ерекше еді. Сыныпқа кіргеннен мысы басып, бірден балаларды баурап алатын. Сондықтан қыз балалар жағы етек-жеңімізді жинап ұстайтынбыз. Ер адамды қалай сыйлау, алдын қия өтпеу, дарақылана күлмеу, дауыс көтеріп сөйлемеу дегенді ерте бастан сіңіріп өстік. Ал қазір мектепте ер-азаматтар аз. Сондықтан да болар ұл балалар боркемік болып өсіп келеді. Өмірдің кішкентай сынағына өзін тастап жіберіп, кей сәттерде жігерінің жетпей қалатынына да осы себеп. Біздің қоғамымызда онсыз да әкесіз балалар көп. Шыны керек, қазір жасөспірімдердің бойында шыдамсыздық пен еліктегіштік басым. Осындайда ер мұғалімдер бір сөйлеп, сол сөз астарынан балаға деген қаталдықты да, мейірім мен өжеттілікті де, өмірге деген құштарлықты да, ұяттылық пен ар-намысты да сездіре білген. Мұндай мінез-құлық баланы оқу процесінде де асқақтатары сөзсіз. Сондықтан ұл балаларды оқытатын арнайы педагогикалық институт ашу артық етпейді.ТӘРБИЕ ЕКІЖАҚТЫ БЕРІЛУГЕ ТИІС
– Мектептегі ер мұғалімдердің аздығы бала психологиясына кері әсерін тигізеді. Мысалы, кез келген мектеп табалдырығын енді аттаған оқушы ұстазына қарап еліктеп, сол сияқты болуға ұмтылып өседі. Қазір баланы үйде де, балабақшада да, мектепте де әйел азаматтар тәрбиелеп жүр. Жасөспірім ұлдардың қызға ұқсап бара жатқаны – осының дәлелі. Айналасындағы апайларының мінез-құлқы, іс-әрекеті бейсаналы түрде баланың санасына орныға береді. Оны ешкім байқамай да қалады. Екіншіден, әйелдер эмоцияның адамы болғандықтан, тұрақсыз эмоция балаларға да беріледі. Қазіргі ұлдардың жасық болуы, рухының төмендеп кетуі, батыл қадамдар жасаудан қорқуы – әйел тәрбиесінің шектен тыс көп берілуінде. Себебі әйелдер көбіне қорқытып тәрбиелейді. «Ата-анама айтып қоймаса екен, жазаламаса екен» деп бала күннен-күнге тұйықталып өседі. Мектептегі ұстаз тәрбиесі екіжақты болуы керек. Ұлдардың артық қылығын ағайы шектеп отырса, қыздар апайларымен сырласқаны абзал. Ал логикасы, ойлау жүйесі жағынан алып қарасақ та, ер-азаматтардан жақсы мұғалім шығады.Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН