Кейінгі кезде спорт саласының көптеген былығы ашылып жатыр. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық та, қызметін асыра пайдаланушылық та, төрешілердің әділетсіздігі мен жаттықтырушылардың бейбастығы да, тіпті кісі өлімі де болды. Енді бір-екі күнде Бейжіңде әлемдік ең маңызды спорттық шара – XXIV қысқы Олимпиада ойындары басталады. Егер әлі күнге дейін Қазақстанның қысқы спорт түрлерінен үздік көрсеткіштерге қол жеткізбегенін, сондай-ақ мұның алдында ғана Токио Олимпиадасындағы сәтсіздікті ескерсек, көңілде үміттен гөрі күдік басым.
Үлкен спорттың проблемасы да үлкен
«Біз спортшыларымызға алдағы ақ Олимпиадада допингсіз, дау-жанжалсыз лайықты дәрежеде өнер көрсету міндетін қойып отырмыз. Әрине, әр спортшы жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсететіні анық. Бұл үшін мемлекет қолынан келгеннің бәрін жасады: спортшыларды даярлау, сапалы жаттығу процесі, жиындар мен біліктілік сайыстарына қатысу қаржыландырылды», – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев. Әйтсе де, бұл салада көптен бері дау-дамай арылмай келе жатқаны жасырын емес. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде спорттағы түрлі келеңсіздік, оның ішінде жемқорлық фактілер жөнінде жазбалар жиі шығады. Жақында ғана «Ертіс» футбол клубының экс-директоры Жанайдар Дүйсенбаев сотталғаны туралы ақпарат тарады. Оған қатысты Павлодар қалалық №2 сотының баспасөз қызметі келесідей ақпарат таратты: «Eртiс» ФК қоғамдық қорының директоры Ж.Дүйсенбаевтың үстінен ірі көлемде салық төлеуден жалтарғаны үшін ҚР ҚК 245-бабы 3-бөлімі бойынша қозғалған қылмыстық іс қаралды. Ол 2016 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 наурызына дейін Салық комитетіне жалған декларация тапсырып, төленбеген жеке және әлеуметтік салықтар түрінде мемлекетке 248 419 610 теңге шығын келтірді» делінген баспасөз парақшасында. Бұл іс бойынша прокурор айыпталушыны 8 жылға бас еркінен айыру жазасын сұрағанымен, сот үш жылға үкім кесті. Әйтсе де, амнистияға байланысты айыпты тар қапаста түпкілікті тек 1 жыл 6 ай мерзімді ғана өтейтін болды. Мұндай жайсыз әңгімелер былтыр жыл соңына қарай тіпті үдеп кетті. Әсіресе, қыркүйек айында штангист Альберт Линдердің өз-өзіне қол салуы қоғамда үлкен дүрбелең тудырды. Сол кезде Қазақстанның ауыр атлетика қауымдастығы ұлттық құраманың жаттықтырушылық штабындағы заңсыздықтар жөнінде мәлімдеме де жасады. Осыған байланысты бұрынғы министр А.Райымқұлова құраманың бас бапкері мен аға жаттықтырушыларын орнынан алды. Дегенмен тура жаңа жыл қарсаңында вице-премьер Е.Тоғжанов Ауыр атлетика федерациясының ұсынысы бойынша, министрліктің жоғарыдағы бұйрығының күшін жойды. Бұл жаттықтықтырушылар қауымының түсініспеушілігін туғызды. Ал спортшы өлімінің мән-жайы әлі күнге толық ашылған жоқ. Қазан айында фристайлдан ұлттық құрама мүшесі Александр Геберт іссапар кезінде өзіне тәулікақы үшін берілген қаражатты бапкердің жеке есепшотына аударудан бас тартқаны үшін жарыстан шеттетілгені туралы мәлімдеме жасады. Бейнеүндеуден спортшының 2020 жылы кәсіби тұрғыдан жарамсыз ретінде құрамнан шығарылғаны белгілі болды. Бас жаттықтырушы мұны спортшылардың бәріне бірдей іссапарлық қаражат бөлінбейтіндіктен, команданың кейбір мүшелерінің ас-суы, жамбасақысы үшін көп жағдайда өз қалтасынан ақша төлеуге мәжбүр болатынынан деп түсіндіреді. Сол себепті де спортшылардан тәуліктік төлемдерді өзіне аударуды сұраған. Бұл жалпақ жұртшылыққа жария болған бірді-екілі жайт қана, әйтпесе тере берсек, мұндай мысалды көптеп келтіруге болады.Балалар спорты бабында емес
Ересектер спортының жағдайы осы болғанда, балалардың жағдайы қайдан оңсын? Ресми дерекке сенсек, республикада 6 млн-ға жуық адам денешынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады екен, олардың 560 908-і – балалар мен жасөспірімдер. Елімізде 127 703 спорт секциясы, балалар мен жасөспірімдерге арналған 477 спорт мектебі, 686 денешынықтыру клубы жұмыс істейді. Алайда бұл әлі де жеткіліксіз. «Мектеп спорты» федерациясының өкілі Әлия Түсіпбекованың айтуынша, республика бойынша 2 мыңға жуық мектепте спорт зал жоқ. «Қазақстанда оқушылардың спорт үйірмелеріне бару белсенділігі төмен. Нақтырақ айтқанда, ол әлемнің орташа көрсеткішімен салыстырғанда 4 есе аз. 1991 жылдан бері елде 9 мың спорттық құрылым мен мектептерге тиесілі спорт нысандары салынды. 1998 жылдан бері 2 мыңнан аса спорт нысаны бой көтерді. Әйтсе де, қазір 31%-ы денешынықтыру кешенінің жағдайы мәз емес. Спорттың нақты түрлері бойынша маманданған кәсіби мамандар мен қажетті құралдар жетіспейді. Ал ауылдық жерлерде бұқаралық спорттың дамуы тіпті төмен. Кейбір ауылдық мектептерде доп та жоқ», – дейді Әлия Түсіпбекова. Әрине, балалар спортын дамытуға уақыт пен қаржы кетеді, оған қарағанда шетелден атақты тұлғаларды шақырған оңай. Біздің спорт функционерлері осыған бейім. Бір ғана футболды алып қарайық, қай клубта да легионерлер аз емес. Отандық спортта жатжұрттықтардың көбейіп кеткені соншалық, біраз уақыттардан бері сырттан легионерлерді шақыртуға тыйым салатын заң қабылдау керегі арагідік айтылып жүр. Мұндай шешім қаншалықты дұрыс, ол жағын сарапшы мамандар айта жатар... Бұдан бөлек, қолданыстағы бірқатар спорт мектебінің де жағдайы мәз болмай тұр. Ересектер спортында бар проблема балаларды да айналып өтпеген. Мәселен, 2021 жылдың қараша айында Степногорскідегі олимпиадалық резервтегі мектеп-интернатта күтпеген кикілжің бұрқ ете қалды. Одан мектеп тәрбиеленушілерінің жиі соққыға жығылатыны, ересектердің жас балалардың ақшасын тартып алатыны туралы ақпарат тарады. Аталған мектепте бұған дейін де айқай-шу болған: 2014 жылы бір оқушы терезеден құлап, басы жарылып, жағы сынып, қабырғалары шытынап, миы мен ішкі құрылыстары зақымданған. Жапа шегушінің туыстары балаларын әлдебіреулер ұрып, терезеден лақтырып жібергенін айтады. Қоғамда үлкен дүрбелең туғызған осы оқиғадан кейін интернат директоры қызметінен алынды, бірақ көп ұзамай осы директор мемлекеттік медальмен марапатталды. Мұны қалай түсінсек екен?! «Жалғыз Степногорскідегі ғана емес, республикадағы барлық спорттық мектеп-интернаттың жағдайын тексеру қажет. Сондай-ақ штангист Альберт Линдердің суицидке баруына не себеп болды, мұндай жағдайда ауыр атлетика құрамасы жаттықтырушыларының команданы басқаруға қаншалықты моральдық және заңдылық құқы бар деген сауалға жауап берілуі тиіс»,– дейді Мәжіліс депутаты А.Линник. Бір анығы, спорт саласында сыбайлас жемқорлық жойылмай, бұқаралық және балалар спортын дамытпай, өз чемпиондарымызды көптеп өсіремін деу бекер әурешілік. Жағдай түбегейлі өзгермесе, әлі де сырттан легионерлерді «импорттай» беретін боламыз.